«Жұмысшы мамандық иесі» деп өз мамандығын терең меңгеріп, өзінің күнделікті атқарып жүрген жұмысына жауапкершілікпен қарайтын еңбексүйгіш адамдарды айтуға болады. «Адал еңбек етіп, зор табыстарға жетіп жүрген өз мамандығының нағыз хас шебері» - деп аудандық электр торабы мекемесінің тоқ тарату станциясының жөндеушісі Ерік Мұғалиұлы Нәдірбаевты айтуға болады.
Бүгінгі әңгіме кейіпкері - 1964 жылы Бақанас ауылында дүниеге келген. Өзінің туған жерінде балалық шағын өткізіп, осынан білім алған Ерік Нәдірбаев еңбек жолын 1981 жылы Береке ауылындағы ПМК-126 мекемесінде құрылысшы болып бастаған. Ал 1994-1998 жылдар аралығында аудандық ауыл шаруашылық техникасы мекемесінде жұмысшы болып, өзінің еңбек жолын жалғастырған.
1998 жылы аудандық электр торабы мекемесіне жұмысқа орналасып, осы уақытқа дейін аталмыш мекемеде әртүрлі жұмыстарды атқарып келеді. Қазіргі таңда «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-на қарасты тоқ тарату станциясында жөндеуші болып жұмыс жасап, өз несібесін тауып жүр.
Ерік Мұғалиұлы жұмыс істеп жүрсе де 2004 - 2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Аграрлы колледжінде оқып, электр мамандығын алып шыққан.
Ер жігіттің бойына тән жеті өнерді де аздық еткен еңбек адамы дәнекерлеу жұмысын да меңгеріп алған.
Жұмыстың қай саласында болсын өзінің іскерлігін көрсетіп, әріптестерінің алдында абырой - беделі биік тұратын Ерекең өзінің кейінгі өкшебасар інілеріне адал еңбек етіп, адал табыс табудың үлгісін көрсетіп келеді.
Ауданға аты әйгілі еңбек адамымен арнайы барып сұхбаттасқанымызда ол өзінің жұмыс орнында жүр екен.
Мән-жайды түсінген Ерік Мұғалиұлы бірден өзінің мамандығы жайында кеңінен әңгіме өрбіте бастады.
Ол өзінің арта қалған өмір жолдарына ой жүгіртіп, терең ойланып, сынаптай сырғып өткен уақытқа таңырқап, таңдай қағып, бас шайқады. Тәжірбиелі маман өзінің әңгімесінде: «Мен осы мекемеде 27 жыл жұмыс жасадым. Мамандығым өзіме ұнайды. Өте жауапкершілікті талап ететін мамандық қой. Қазіргі таңда жер-жаһанды мекендеген халықтың барлығын электр энергиясыз елестету мүмкін емес. Өйткені күнделікті қолданыстағы тұрмыстық техникалардың барлығы да электр қуатына тәуелді. Техно-логияның қарыштап дамыған заманында электр жарығының адамзат баласы үшін маңызы өте зор. Қанша заман өтсе де энергетика әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш әрі экономиканың негізгі діңгегі болып қала беретіні ақиқат. Жаңа ғасырда адамзат баласының өмір сүру мүмкіндігі тікелей осы сала мамандарының төккен тері мен еткен еңбегіне байланысты. Сондықтан қауіп - қатермен бетпе - бет келіп, күллі әлемді жарықтандыруға атсалысып жүрген маман иелерінің, яғни менің әріптестерімнің еңбектері ерекше ғой» деп, өзі осы салада еңбек етіп жүргенде жақын араласқан әріптестерінің есімдерін атап, олардың ең-бектері жайында тарихи әңгімелерді кеңінен өрбітті.
Адал еңбектің көрігін қыздырған азаматтың жасы асқаралы алпыстан асып бара жатса да еңбектен әлі шаршай қоймаған. Мұны оның алдағы жылдарға жасаған жоспарлы жұмыстарынан аңғардым.
Тек адал еңбекпен табыстарға жеткен Ерекең ешкімнің ақысын жеп, ала жібін аттамаған десек ақиқаттан алшақ кетпеспіз, сірә?!
Кез – келген мемлекеттің халқы еңбекке бейім болса, сол елдің ырысы артып, өзгелермен терезесі тең, керегесі кең, бай-қуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая береді.
Сондықтан да еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік, беделі жоғары тұрады.
Сонымен қатар адалдық, ар-ұждан, жан тазалығы деген асыл қасиеттер әр адамның бойынан табыла бермейді. Ал адалдық қасиет дарыған адам, адал еңбек етіп, адал табыс табатыны даусыз.
Қасиетті өңіріміздің киелі топырағынан жаралған Ерік Мұғалиұлы сынды адал еңбектің қарақазанын қайнатқан еңбек адамдары кейінгі буын өкілдеріне үлгі тұтар жол қалдырып келеді.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».