Бұдан бұрын газет бетінде хабарлағанымыздай, белгіленген кестеге сәйкес осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімі Азат Құтпанбетов Құйған, Жиделі және Балатопар ауылдық округтеріне барып, жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесу жиындар өткізді. Сонымен қатар бұл кездесу жиынға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, аудан әкімінің орынбасары Асқар Кәдірұлы, аудан әкімінің аппарат басшысы Ғалымжан Оразбаев және бірқатар аудандық мекеме-ұйымдардың басшылары сапарлас болды.
Кездесу жиынды жүргізуді өз қолына алған аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Тынышбалаұлы күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша сөз кезегін аудан басшысы Азат Үкітайұлына берді.
Аудан басшысы 2024 жылы аудан көлеміндегі атқарылған ауқымды жұмыстарға баса тоқталып, биылғы жылы атқарылатын жұмыстар жайында қысқаша баяндама жасады.
Құйған ауылында өткен жиында ауыл тұрғындары аудан әкімінің өткен жыл ішіндегі атқарған жұмыстарына оң бағаларын беріп, Р.Жөкмаров, М.Молдаров көшелеріне тас жол салу жоспарланып жатқанын және биылғы жылы ауызсу құбыры жүргізіледі деген жайдарман жаңалықтарға ризашылықтарын білдірді.
Жиделі ауылының тұрғындары Бәкей көшесіне тас жол салынса деген ұсыныстарын білдіріп, ауылдың тыныс - тіршілігі жайында әңгімелерді өрбітіп, мал жайылымы, денсаулық саласы бойынша мәселелерді ортаға салып, өз ойларын білдірді.
Жиын барысында аудан басшысы ауыл тұрғындарының өтініші бойынша биылғы жылы ауылда саябақ құрылысының басталатынын және ауызсу құбыры жүргізілмеген көшелерге қосымша ауызсу құбырын жүргізуді алдағы жылдардың еншісінде жоспарланғанына баса тоқталып, ауыл көшелеріне түңгі жарық, тас жол төсеу тағы да басқа жұмыстарды кезең – кезеңімен қаражаттың ретіне байланысты атқарылатынын жеткізді.
Мұнан соң есептік кездесу жиын Балатопар ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Балатопарлықтар аудан әкімінің баяндамасын мұқият тыңдап, аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды істердің көңіл көншітерлік екенін айтып, алдағы жылдарға жоспарланған жұмыстардың нәтижелі болатынына сенім білдіріп, тілектес екендерін жеткізді.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан үш ауылда өткен есепті жиында аудан әкімі көтерілген барлық мәселелердің және ұсыныс-пікірлердің дер кезінде шешімін табуына өзі ықпал ететінін айтып, ауыл тұрғындарын өңірімізді өркендетуге, экономикасы мен әлеуметтік жағдайының арттыруы үшін ауылшаруашылық саласын онан әрмен жандандыруға және туризм саласын дамытуға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар аудару, ел игілігі үшін атқаралатын барлық ауқымды жұмыстарды бірлесіп атқаруға шақырды.
Бақтығали Дәуітбаев, «Балқаш өңірі».