25 қазан – Республика күні мерекесіне орай аудандық кітапхананың кітапханашыларының ұйымдастыруымен «Қазақстан-мәңгілік Отан» тақырыбында мерекелік кездесу кеші болып өтті.
Мерекелік шараға «АМАNAТ» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбай, Қоғамдық келісім және даму орталығының жетекші сарапшысы Ғалия Жүсіпова, сонымен қатар мекеме басшылары, мұғалімдер мен мектеп оқушылары, жастар қатысты.
Іс - шара шымылдығы Қазақстан Республикасының гимнімен ашылып, Республика күнінің тарихына шолу жасалып, Санкт-Петербург, Қазан-Мәскеу, Финляндия елдерінде өткен халықаралық байқауларда бас жүлдені жеңіп алған, күміс - көмей әнші Әлия Қайыпбаева мен М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Қарақат Ысқақтың орындауында патриоттық әндер шырқалып, Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Тәуелсіздік тақырыбында жазылған өлең-шумақтарын жатқа орындады.
Мерекелік шарада сөз алған кеш қонақтары Республика күнінің құндылығы жайында тарихи әңгімелерді ортаға салып, іс- шараны ұйымдастырушыларға және қатысушыларға өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Өскелең ұрпақты елінің патриоты болуға және туған жерінің тарихы мен салт – дәстүрін, мемлекеттік тілін құрметтеп, отанын сүюге және құрметтеуге бағытталған осындай іс – шаралардың тәрбиелік мәні зор.
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген жетістіктері, ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері болады. Қазақстан халқының аса мақтанышпен атап өтетін мерекелерінің бірегейі Республика күні.
Республика күні қарсаңында аудан көлеміндегі барлық білім шаңырақтарында, кітапханаларды, тарихи - өлкетану музейінде осындай мерекелік іс – шаралар ұйымдастырылды.
Өз тілшімізден.