Кейінгі жылдары елімізде мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Ауыл Аманаты» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, көптеген азаматтар жеңілдетілген несиелерге қол жеткізіп, шаруашылықтарын дөңгелетуде. 2023-2027 жылдарға арналған ауқымды жобаның басты мақсаты - Республика көлеміндегі ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, төрт түлік түрлерін көбейту, мал тұқымын асылдандыру болып табылады. Бұл бағытта аудан көлемінде бірталай ілкімді жұмыстар қолға алынған.
Біздің аудан азаматтары да аталмыш жоба аясында жеңілдетілген несие алып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін сезініп, оның шапағатын көруде.
Жаңа жобаның игілігін көріп, шаруасын дөңгелетіп жатқан азаматтардың бірі, «Шыңқожа» атты жеке кәсіпкерліктің иесі, Бақанас ауылының тұрғыны Нұрланбек Спанбетов.
Ол 2023 жылдың қыркүйек айында мемлекеттің қолдауы-мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, сол қаражатқа 12 бас сүтті бағыттағы сиырлар сатып алған екен.
Өз алдына жеке кәсібін ашып, сүтті бағыттағы ірі қараларды асырап - бағып, сүт өнімдерін дайындауға білек сыбана кіріскен бүгінгі әңгіме кейіпкері - Нұрланбек Спанбетовпен сұхбаттасқанымызда қолға алған кәсібінің өтеуі болып, ырғын пайдаға кенелетін күндердің ауылы алыс емес екенін айтты.
Сонымен қатар әңгіме барысында кәсіпкер 1987 жылдан 1995 жылға дейін Ақдала ауылындағы сүт кешенінде әртүрлі жұмыстар атқарып, бұл шаруамен жас күнінде айналысқанын да жасырмады.
Сауын сиырларды кезең – кезеңімен ауыстырып тұруды, буаз болған анабастың 7 ай мерзімінен кейін сауынды тоқтату және оларға көктем - күз мезгілінде жұқпалы ауыру-лардың алдын – алу үшін жасалатын екпе және бұзауларға берілетін дәрумен түрлерін жіпке тізгендей баяндап берді.
Сауын сиырлардың бабын тауып, уақытылы жем – шөбін беріп, суын құйып жүрген әңгіме кейіпкерінің мал қорасында қазіргі таңда «Алатау» тұқымды 4 бас ірі қаралар сауылымда тұр екен. Кәсіпкердің айтуынша алғашқы жылы мемлекеттен бөлінген қаражат есебінен сауын сиырлардың жем – шөбін сатып алуға мүмкіндік болған. Уақыт өткен сайын сауын сиырлардың күнделікті қоректенетін азығын сауда нарығына ұсынылған сүт өнімдерінен түскен қаражатқа сатып алуға тура келген. Ал мал қоралар салу, жем тартатын, шөп турайтын және сиыр сауатын құрылғыларды сатып алуға қосымша қаражат жұмсаған.
Әңгіме кейіпкері таң ағарып атқаннан кеш қарайып батқанша мал қорада сауын сиырлардың бар жағдайын жасап, нағыз еңбектің қарақазанын қайнатып жүрсе, зайыбы Әсия Сейдаханова сиыр сауып, құрт – ірімшік, айран, сары май тағы да басқа сүт өнімдерін дайындау және осы жұмыстарға қолданылған ыдыстарды жуып тазалау жұмыстарын атқарады.
Отбасылық кәсіпті ұршықша иіріп, Бақанас ауылының тұрғындарын сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берілген қаржылай қолдауға дән риза екендерін де жасырмады.
«Кәсібің – нәсібің» демекші, елімізде Нұрланбек Спанбетов сынды азаматтар «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелерге қол жеткізіп, өз кәсіптерін жүргізіп, соның нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп, жаңа бағ-дарламаның тиімділігі мен игілігін көруде.
Сапар барысында «Әлемнің әміршісі – еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек» деген даналар сөзін негізге алып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған Спанбетов әулетінің отбасылық кәсібіне толағай табыстар тіледік.
Мемлекет басшысының қолға алуымен қоғам өміріне енген аталмыш бағдарламаның жемісті тұстары айқын аңғарылуда. Бұл бағытта аудан көлемінде бірталай азаматтар несиелер алып, шаруаларын шалқытып отыр.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».