Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде білікті және білімді жастардың саны артып келеді. Біз оларды жаңа буын көшбасшыларын даярлауға қатыстырамыз. Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады, сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек» деді.
Жастар-алдыңғы аға толқынның еңбегін, мемлекетіміздің жеткен жетістігін, тәуелсіз елі-міздің кешегісі мен бүгінін, ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен дінімізді, тарихымыз бен мәдениетімізді көздің қа-рашығындай қорғап, оны болашаққа жалғастырушы буын. Сол себепті, жастарға артылатын үміт пен сенім мол.
Осы аптада Мәдениет үйінде аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жастарды игі істерге, тәртіп пен дұрыс мақсаттарға, адал еңбек пен парасаттылыққа баулу, туған жері мен өскен елінің патриоты болу мақсатында «Жастар-біздің үмітіміз және жарқын болашағымыз!» тақырыбында аудан әкімінің аудан жастарымен кездесуі болып өтті.
Аталмыш іс-шараға аудан басшысымен қатар «АMANAT» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Марат Ноғайбай, интернатционалист - жауынгер, ауданның Құрметті азаматы Мұқанғали Қожабеков, Балқаш ауданы Агрокешен және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Кәсіподақ төрағасы Самат Рақышев, Ауған соғысы Ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтыбек Мейрамбекұлы, ауданның бас имамы Нұрдаулет Төрежанов, Балқаш аудандық полиция бөлімің ювеналдык полиция тобының аға учаскелік инспекторы Қайнар Раушанов, сонымен қатар Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжі студенттері және мектеп оқушылары қатысты.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы жетекшісінің мінде-тін атқарушы Сымбат Нұрпейіс алдымен аудан әкімі Азат Үкітайұлына сөз берді.
Аудан басшысы жастардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, спорттық шараларда топ жарып, биік белестерді бағындырып, облыстық, республикалық, тіпті әлемдік жарыстарда жүлделі орындарды еншілеп жүрген спортшылардың есімдерін айта келе, жастарға зор сенім артатынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, жастардың кәсіпкерлікпен айналысып, қоршаған ортаның тазалығы мен ауыл көшелерінің көгалдануына атсалысып, жасалынған дүниелерді күтіп ұстап, барлық өзекті мәселелердің күрмеуін бірге шешуге жұмыла кірісуге шақырды.
Сөз алған қонақтарда бүгінгі қоғамда жастардың жеткен жетістіктеріне баса тоқталып, аудан жастарының болашағы жайында өз ойларын ортаға салып, олардың тәлімді-тәрбиелі болып, сантүрлі мамандық иегері атанып, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосуға ақыл-кеңестерін айтып, жастар қауымының жүректеріне имандылық пен адамгершілік қасиеттерді қондырып, оларға жігер берді.
Тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар. Олардың білім мен ғылымға мән беріп, жақсы істерге ынталануына барлығы байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар болса, оларға зор сеніммен қарап, қолдау көрсету керек деп ойлаймыз.
Өз тілшімізден.