ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ

30ac753e-769c-4351-9d43-b2366f1253e6.jpg

Осы аптада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың қатысуымен аудан әкімі Азат Құтпанбетов Топар ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындарымен кездесу жиын өткізді. Сонымен қатар бұл кездесу жиынға бірқатар облыстық және аудандық мекеме - ұйымдардың басшылары қатысты.

177a1b26-c9c1-4858-a354-d09487905d0e.jpg

Өңір басшысы Марат Елеусізұлы кездесу жиын басталмас бұрын Ақжар ауылдық округіне қарасты Аралтөбе ауылының маңындағы Топар 1 және Топар 2 өзендерінің арнасына аялдап, мұндағы осыған дейінгі жүргізілген механикалық тазалау жұмыстарына зер салды. Сөз орайы келгенде аудан әкімі Азат Құтпанбетов облыс әкіміне өзен арнасын тазалау, қазу жұмыстары биыл да өз жалғасын табатынын және өзеннің 80 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді. Облыс әкімі аталмыш жұмысты ширату қажеттігіне назар аударып, аудан басшылығына аталмыш жұмыстарды биыл түбегейлі аяқтауды тапсырды. 

Одан кейін Марат Елеусізұлы  Желтораңғы ауылының тұрғыны, ауданның Құрметті азаматы Диханбай Құлтаевқа сәлем беріп,  қал-жағдайын сұрады.  Облыс әкімінің  шаңырағына арнайы келгеніне Диханбай ақсақал  балаша қуанды. Ауыл тарихынан сыр шертіп,   емен-жарқын әңгімелесіп, ақ батасын берді.

Келесі кезекте облыс басшысы Топар ауылындағы   ауылдық дәрігерлік амбулаторияға атбасын бұрды.  Аудандық Орталық аурухананың директоры Қамар Сламханқызының айтуынша, бұл нысан  кезінде аймақтық аурухана мәртебесін иеленген. Бастапқыда 50 төсектік болып ашылған. Содан бірнеше мәрте қысқарып, қазіргі кезде 10 төсектік болып отыр. Алайда 18 адам қызмет атқаратын емхана жабылу қаупінде. Өйткені халық саны 1500-ден кем болған елдімекенде фельдшерлік - акушерлік пункт болу керек екен. Бүгінгі таңда халық саны мыңнан сәл ғана асатындықтан   автоматты түрде фельдшерлік - акушерлік пунктке айналмақ. Көршілес Желтораңғы ауылының халық саны дәрігерлік амбулатория талабына сай келгенімен, онда оған лайықты ғимарат жоқ. Емхана ауылдық Мәдениет үйінің бөлмелерін жалға алып отыр. Осыны ескере отырып, тұрғындар мен емхана қызметкерлері жұмыс істеп тұрған амбулаторияға  оның аймақтық мәртебесін қалпына келтіріп,  Желтораңғы және басқа  көршілес ауылдарға  қызмет етуін қалайтынын жеткізіп,  осы мәселеге  облыс әкімінің назарын аударды. Емхана ахуалынан хабардар болған облыс басшысы 4 мыңға жуық шаршы метр, 4 сыртқы кіреберіс  есігі бар  ғимарттың 700 шаршы метр аумағына  ғана емхана ұжымы қоныстанса, басқа бөлмелеріне ауылдағы өзге мекемелер көшірілмесе, нысанның тозып кететінін айтты. Осы мәселені біржақты етуді  аудан әкіміне жүктеді.

Марат Сұлтанғазиев осы ауылдың тұрғыны, «Алтын алқа»  иегері Макира Мойханның үйіне аялдап, Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап шықты. Макира апа өзін елеп-ескеріп жатқан облыс басшысына өз ризашылығын білдірді.  Мұнан соң облыс әкімі ауылдық Мәдениет үйінде өткен аудан әкімі Азат Құтпанбетовтың халықпен кездесуіне қатысты.

Халықпен кездесуде  Азат Құтпанбетовтың ауданның 2023 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және 2024 жылдың болжамы мен міндеттері туралы баяндамасы тыңдалды. 

Жиында ауыл тұрғындары тарапынан малдарына қасқыр шабуы жиілегенін айтып, оны атуды ұйымдастыру, газдандыру, тозығы жеткен жолдарды жөндеу, ауылда жиі жарық сөнуіне байланысты бөлек подстанция қажеттігі туралы мәселелерді көтерді. Әсіресе, Қаншеңгел-Топар жолының аудан  аумағына тиесілі ондаған шақырым бөлігінің көптеген жылдан бері күрделі жөндеу жұмысының жүргізілмегенін жасырмады.

Бұдан соң облыс басшысы ауыл мектебінде болып, мұғалімдер қауымымен дидарласып, білім ордасындағы  сынып бөлмелерін аралап,  спортзал, асхананы көріп,  ұлттық бұрышты тамашалады. Мектепте оқушы санының аздығын алға тартқан Марат Елеусізұлы білім ұясындағы бос бөлмелерге түрлі үйірмелер ашуды ұсынды.

Содан соң осы мектептің мәжіліс залында ауыл әкімдері және  шаруа қожалық басшыларымен жүздесті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов «Ауыл  аманаты» бағдарламасының мақсат-міндеттеріне кеңінен тоқталып, оның бағыттарымен таныстырып,  қаржыландыру тәртібін түсіндірді.

Облыс әкімі суды үнемдеу технологиясының артықшылықтарын айта келе, осы жүйеге көшудің тиімді болатынына баршаның назарын аударды.

Осы жиынға арнайы келген мамандар тамшылатып суару құрылғыларын шаруашылық басшыларына таныстырып, осы бағытқа көшу қажеттігін әңгіме өзегіне айналдырды.

Облыс әкімі сапары Желтораңғы ауылдық округіне қарасты «Желтораңғы» Агрофирмасында мәресіне жетті. Шаруашылықтың ахуалымен танысып, бордақыда тұрған «Қалмақ» асыл тұымды ірі қара  малының жай-күйін көріп шықты.    

Өз тілшімізден.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «ҚЫС - 2024» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМАНДАЛЫҚ - ШТАБТЫҚ ОҚУ - ЖАТТЫҒУ ӘЗІРЛІГІ ЗЕРДЕЛЕНДІ
  • Реализация экологической политики в Алматинской области
  • Алматы облысында экологиялық саясаттың іске асырылуы
  • ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
  • Татулық – тұрақтылық негізі