Осы аптаның сәрсенбісі күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Мақсат Толықбаев, Жанарбек Әшімжанов, Максим Рожин және Алматы облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жарасбаев арнайы келіп, бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу жиын өткізді.
Алыстан ат терлетіп келген халық қалаулыларын аудан әкімі Азат Құтпанбетов күтіп алып, Бақанас ауылындағы газ құбырын және құрылыс нысандарын аралатты. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, аудан әкімінің орынбасары Данияр Нұрманов сапарлас болды.
Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінен ел ішінде жүрген депутаттар алдымен аудан орталығында жүргізіліп жатқан табиғи газ құбырының жұмысымен танысып, аудан басшысынан Бақанас ауылының тұрғындарын газдандыру жұмыстары қандай деңгейде атқарылып жатқаны жайында сұрады.
Мұнан соң аудан орталығында салынып жатқан 30 жалгерлік тұрғын үйлердің және 5 қабатты 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын көзбен көріп, тұрғын үйлердің аяқталатын уақытын сұрады. Халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берген аудан басшысы сөз орайы келгенде қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан тұрғын үйлерге қосымша алдағы уақытта Бақанастан 35, Бақбақты ауылдық округінен 10 жалгерлік тұрғын үйлердің құрылыстарын бастауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Келесі кезекте халық қалаулылары Ақдала ауылдық округінде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пунктіне атбасын бұрды. ФАП ғимаратының құрылысымен жіті танысқан олар құрылыс нысаны аяқталғаннан кейін қанша адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетіні жайында сұрады. Сонымен қатар ФАП ғимаратының медициналық құрал -жабдықтары жаңадан алына ма және ол құрал-жабдықтарға бүгінде қанша қаражат бөлінгені жөнінде әңгіме өрбітті.
Құрылыс нысандарымен жақын танысқаннан соң Бақбақты ауылдық округіне барып, ауыл тұрғындарымен кездесу жиын өткізді.
Ел ішіндегі мәселелерге назар аудару мақсатында келген олар республика деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз бастап, одан соң тұрғын-дардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.
Кездесу жиын барысында бақбақтылықтар төрт түліктің жүн-терілері еш кәдеге жарамай жатқанын және ауданға өндіріс орнын ашу, жастарды жұмыспен қамту, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау салаларында қызметкерлердің қысқарып, кейбір ауруханалардың жабылуға шақ тұрғанын айтты.
Тұрғындар тарапынан қойылған барлық сауалдарды назарға алған Парламент Мәжілісінің депутаттары көтерілген өзекті мәселелердің оң шешімін табуына алдағы уақыттарда жұмыс жасайтындары жөнінде уәде берді.
Халықтың ұсыныс-пікірлерін, талап-тілектерін және мүдделерін халық қалау-лыларының арқалап жүргені ақиқат. Ал аманаттың жүгі қашанда ауыр. Сондықтан-да депутаттар бұқара халық пен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір деп айтамыз.
Ел үмітін арқалаған алтын көпірдің халыққа адал қызмет жасауы «Әділетті Жаңа Қазақстан» қоғамының алға қойған басты міндеттері мен ұстанымы деп білеміз. Ел аралап, тұрғындардың жағдайымен жақын танысып жүрген халық қалаулыларына үкілі үмітімізді артайық.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».