АБЫРОЙ БИІГІНДЕГІ АЗАМАТ ЕДІ...

33740404-aab9-48ba-9717-28dc52a100ff.jpg

        Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы есте мәңгі сақталады. Осындай есімі ел есінде сақталған ерекше жанның бірі Қонаев қаласының тұрғыны болған, жерлесіміз Съезбек Ақылтаевтың есімі Қазақстан Республикасы экономикасының даму шежіресіне алтын әріптермен жазылды десек те болады.

Бүгінде келместің кемесіне мініп кеткен арда бауырымыз  «Қапшағай фарфор» зауытының құлдырауына жол бермеген білікті басшы болып еңбек етті. Ол зауытты  дағдарыстан шығарып үлгерді және жүз-деген адамды жұмыссыз  қал-дырмады.

Съезбек Ақылтайұлының жүріп өткен өмір жолдарына қысқаша тоқталып өтер болсақ, ол 1956 жылы 2 ақпанда Алматы облысы, Балқаш ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген.

1962 жылы Ақкөл орта мектебінің бірінші сыныбына барып, 1972 жылы осы мектепті бітіріп, В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түскен.

Техникалық жоғары оқу орнында оқу – қашанда қиын процесс, бірақ Сьезбек Ақылтаев жастайынан күрделі істерге төтеп беруге дағдыланып, студенттік шағы ғылыммен ұштасып, қоғамдық өмірдің серпілісімен, жағымды естеліктер қалдырған оқиғалармен зымырап өтті.

Жастайынан білімге құштар азамат 1986-1988 жылдары Алматы жоғары партия мектебін, 1993-1995 жылдары Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті жанындағы Нарық институтын бітірген.

1977 жылы институтты бітіріп, болашағы зор жас маман  Қапшағай қалалық комсомол комитетінде нұсқаушы болып өзінің алғашқы еңбек жолын бастады.

Ол өз қызметінде жастар үшін көптеген маңызды және қажетті мәсе-лелерді меңгере алды. Сьезбек Ақылтаев кәсіп-орынға сексенінші жылдардың ортасында келді.

1985-1991 жылдары - «Қап-шағай фарфор» зауытының аға жылу инженері, партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарса, 1991 жылдың қыркүйегінен 1995 жылға дейін фарфор зауыты директорының орынбасары лауазымын абыроймен атқарды.

Ал 1995 жылдан бастап «Қапшағай фарфоры» ЖШС директоры болып қызмет ат-қарды.

Білікті басшының ел үшін де экономика үшін де  сіңірген еңбегі орасан зор. Ол өзінің еңбек жолында білікті маман, тәжирбелі көшбасшы екенін көрсете білді.

Тіршілігінде ел-жұртқа сіңірген еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Қонаев қаласының Құрметті азаматы. Жақында Алматы облысы Құрметті азаматтарының энциклопедисы  құрмет кітабына енді деген сүйінші хабарды естіп бір қуанып қалдық.

Асыл бауырымның жақсы қасиеттері көп еді. Халқымыз: «Жақсы жігіт аз сөйлеп, көп тыңдайды» – деген. Бұл тәмсіл  бауырымызға айтылғандай екен. Ол табиғаттан сабырлы, салмақты болатын. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» дейді. Тура біздің бауырымызға айтылған теңеу сияқты. Оның асыл қасиеті, «өзіңді сыйлағың келсе, алдымен өзгені сыйла» деген қағиданы ұстанатын. Осыдан қырық күн бұрын бақилыққа аттанған Сьезбек Ақылтаев өзін үлгі тұтқан шәкіртеріне ұстаз, қиналғанға қамқоршы, ізденушіге ізгілігін таныта білген ардақты азамат еді. Жылышырайлы жүзімен кез келгенді жанына жақын тартатын, салмақты, салиқалы сөзімен барлығын баурап алатын, ағалық асыл қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін ерекше адам болатын.

Өзі өмірден өткенімен, жарқын бейнесі көз алдымызден кетпейтіні ақиқат. Артына сөнбес жарық қалдырған ардақты азаматты сағына еске алып, жатқан жері мамық, иманы жолдас болсын деп бір Алладан сұраймыз.

Өлмес адам елде жоқ. Өлімнен өтер өткел де жоқ. Бірақ төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, елінің жігері,  қоғамның тірегі бола білген Съезбекті өлімге қию да, енді арамызда жоқ дегенге сену де қиынның қиыны.

                              Бақыт СҚАБАЕВ, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр