Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Құтпанбетов Қарой, Көктал ауылдық округтеріне арнайы барып, кездесу жиындарын өткізді.
Сонымен қатар бұл кездесу жиынға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, бірқатар мекеме-ұйымдар басшылары сапарлас болды.
Азат Үкітайұлы кездесу жиындар басталмас бұрын аталмыш ауылдарға қарасты мектеп, мектепке дейінгі шағын орталықтар мен балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелерін аралап және ауыл көшелері мен саябақ тазалықтарына көңіл бөліп, ол жерлердегі кемшіліктерге назар аударып, мекеме ауласын тазалау, абаттандыру, алдағы келе жатқан жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексеріп, кемшіліктерді түзету үшін тиісті мекеме басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар жүктеді.
Қарой ауылдық округінде өткізілген кездесу жиында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Құтпанбетов аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында баяндама жасап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Баяндамадан кейін ауыл тұрғындары ауылдың тыныс-тіршілігі жайында өз ойларын ортаға салды. Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген негізгі мәселе - Мұздыбай өзенінің су деңгейі, тұрғын үйлердегі кәріз жүйелерін тазалау үшін арнайы техника болса, ауыл сыртындағы қоқыс төгуге арналған орынға қоршау жасалса деген ұсыныстар айтылды.
Көктал ауылдық округінде өткен жиында ауыл тұрғындары ауыл көшелеріне тас жолдар төсеу, саябақ салу, қысқы мал азығы, тұрғын үй кезегі жайында мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар Сүндетбай болыстың 150 жылдығына орай аудан көлемінде қандай іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр? деген сұрақтарын қойды.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға барып, халықпен кездесу жиынын өткізген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Құтпанбетов ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген барлық мәселелерге назар аударып, олардың орындалуын өз бақылауына алып, тиісті мамандарға тапсырмалар жүктейтінін айтты.
Туған жерін жәннат төрінен артық көретін ауыл азаматтары өздерінің кіндік қаны тамған қасиетті мекенді қастерлеп, туған жердің байлығын көзінің қарашығындай сақтап, бала-шағасын өсіріп, ұрпақтарын өрбітіп, талбесігі тербелген өңірдің абаттанып әрі гүлденуіне сүбелі үлестерін қосуда.
Ауылдардың гүлденіп өркен жайғаны, ауыл тұрғын-дарының тұрмыс-тіршілігінің жақсарып, еліміздің өркениетке қадам басуының бір айғағы. Жылдар өткен сайын аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың тыныс-тіршілігі оң бағытқа көш түзеп бара жатқанын байқаймыз. Бұл да тәуелсіздіктің жемісі екені айдан анық.
Сәнімен сәулеті жарасып, төбесі көк тіреген ғимараттары бой көтерген қалалардың күре тамыры ауылдан басталады. Ендеше ауылдардың керегелерін кеңейтіп, құт-берекетін сақтап, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктерінің жақсаруына ықпал жасайық.
Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ,
«Балқаш өңірі».