Еңбек пен ерлік ешуақытта ескерусіз қалмайды. Ел-жұртына сіңірген қандай еңбек немесе қандай ерлік болсын түбі өзінің лайықты бағасын алады.
Ауданымызда ұзақ жылдар бойы аудандық Обаға қарсы күрес бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосқан азаматтардың бірі - Айдар Әліпбаев.
Осы аптада аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Құтпанбетов өзінің жұмыс кеңсесінде Айдар Кеңесбекұлын арнайы қабылдап, ұзақ жылдар атқарған еңбегіне жоғары баға беріп, "Еңбек ардагері" медалін тапсырды.
"Еңбек ардагері" медалімен марапатталған Айдар Кеңес-бекұлы 1959 жылы дүниеге келген. 1982 жылы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитария бөлімінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған. 1997 жылы Бақанас Обаға қарсы күрес мекемесіне дәрігер-эпидемиолог, ал 1998 жылы осы мекеменің басшысы болып тағайындалды. Осы уақытқа дейін аталмыш мекемеде жемісті еңбек етуін жалғастырып келеді.
Еңбек жолында атқарып жүрген қызметі мен бұл саладағы жетістігінен бөлек ауданның қоғамдық мәдени, саяси өміріне белсенді атсалысып, «Д.Қонаев қорының» мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты болып, халық қалаулысы ретінде де ауданымыздың көркейіп, дамуына қосқан сүбелі үлестері де ауыз толтырып айтарлықтай.
Өз тілшімізден.