Осы аптада аудандық Мәдениет үйінде аудандық Жас-тар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ұлттық мәдениет пен мемлекеттік тілді, салт-дәстүрді сақтау және дамыту, патриотизм сезімін қалыптастыру, өскелең ұрпаққа рухани және эстетикалық тәрбие беру мен үлгілі отбасы құндылығын насихаттау мақатында жас отбасылар сайысы болып өтті.
Аудан көлемінде ұйымдастырылған отбасылық сайысқа Бірлік, Бақбақты және Көктал ауылдық округтерінен іріктелген үздік отбасылар келіп, өз өнерлерін көрсетіп, байқаудың жоғары денгейде өтуіне атсалысты.
Байқауға қатысушы отбасылар алдымен Мәдениет үйінің алдында спорттық сайыста бақ сынады. Әртүрлі спорттық эстафеталық сайыстарда сынға түскен отбасы мүшелері өздерінің шеберліктерін көрсетіп, жеңіс баспалдағына қадам басу әрекеттерін жасады.
Мұнан соң Мәдениет үйінің ішкі сахнасында өз өнерлерін көрсетіп, отбасын таныстыру және видео дубляж жасап, әділқазылар тарапынан қойлған салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, ұттық құндылықтар туралы сұрақтарға жауап берді.
Байқауда бақ сынаған от-басыларға ау-дандық ішкі сая-сат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Айжан Шотбаева, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Рақышев, «Ақжүніс» әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнар Мұқатайқызы, аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының спорт әдіскері Мейрам Әбілхами әділқазылық жасады.
Қорытындылай келгенде Көктал ауылдық округінің намысын қорғаған «Төлеубековтер отбасы» І-ші орынды жеңіп алды. Ал ІІ-ші орын Бірлік ауылынан келген «Барқыт отбасы» еншілесе, бақбақтылық «Райымқұловтар отбасы» ІІІ-ші орынға табан тіреді.
Аудандық сайыста сынға түсіп өнер көрсеткен отбасылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, ақшалай сый-сияпаттарды иеленді.
Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін отағасының адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім-тәрбие – баланың өмірлік бағдаршамы. Яғни, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз.
Әкесінің ақылын тыңдаған, анасының ақ сүтінен нәр алған тәрбиелі ұрпақ ақиқаттың ақ жолынан адаспайды.
Ұйымдастырылған іс-шараның да негізгі мақсаты бүгінгі жас отбасылардың шаңырағының тұтастығын және олардың бала тәрбиесіне атсалысуы, сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді қаз-қалпында сақтап, келешек ұрпаққа мирас етіп қалдыру.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі» .