ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

4350cd24-7171-41a3-b62f-0fefb2664c8e.jpg

Ұстаздық ұлы жолда жалықпай еңбек етіп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойларына дарытқан ұстаздарға  деген құрмет қашан да ерекше. Осындай ұстаздарға құрмет көрсетіп, олардың игі істерін ұрпаққа насихаттау мақсатында Бақанас ауылындағы М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің  50 жылдық   түлектері аталмыш білім шаңырағының алаңына аудан ұстаздарына арнап мемориалды белгітас орнатты.

      Ұлағатты ұстаздарға арнап орнатылған белгітастың ашылу салтанатында  аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, сонымен қатар ауданның Құрметті азаматтары, ардагер ұстаздар, бірқатар мекеме-ұйым басшылары арнайы қатысты.

   Салтанатты шарада алғашқы сөз алған аудан басшысы ұстаздар қауымына құрмет көрсетіп жатқан аталмыш білім шаңырағының 50 жылдық түлек-теріне өзінің ризашылығын білдіріп, ұстаздарға құрмет көрсету - әр азаматтың шәкірттік әрі азаматтық парызы екеніне баса тоқталып, киелі өңірімізде білім берудің сүрлеу-соқпағын салған ұлағатты ұстаздардың есімдерін ерекше атап, олардан тәліп-тәрбие алып, білім нәрімен сусындаған шәкірттердің биіктерге қанат қағып, еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет жасап жүрген республикаға танымал тұлғалар бар екенін мақтанышпен атап өтті.

   Келесі кезекте сөз алған құрметті қонақтарда ауданымыздан шыққан Ұлы тұлғалардың есімдерін атап, оларға білім берген ұстаздардың еңбектері орасаң екенін айтты.

    Салтанатты шара барысында аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов, ауданның Құрметті азаматы Айтжан Есімов және ардагер ұстаз Зейнегүл Сарсеева құрметпен ортаға шақырылып, мемориалды белгітасының лентасын кесіп, ашылу рәсімін жасап, гүл шоқтарын қойды.

  Осы сәтті көптен бері тағатсыздана күтіп тұрған құрметті қонақтар қошеметтерін еселей түсті. Сәні мен салтанаты жарасқан мәдени шарада М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің оқушылары әннен шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салып, жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

                 Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі берік болып дамыған елдердің қатарында үзеңгі қағысып қатар шабуы үшін ертеңгі ел болашағы бүгінгі бүлдіршіндердің білімді болып ер жетуінде. Сондықтан да ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды.

                                                                                                      Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,  «Балқаш өңірі».  




Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР