Сұхбат

07432fdc-3236-4eb2-9505-d551dd56a6c9.jpg

Рая БҰЛЫБАЕВА, Балқаш аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінің басшысы:

 «ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ- ЕЛ БОЛАШАҒЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН»

СҰРАҚ: -Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  қолға алып  жатқан реформалары бүгінде қоғамда өз нәтижесін беруде. Оны күнделікті өмірімізден байқауымызға да болады. Әңгіме өзегін осы тұрғыдан бастасақ. Жоғарыда айтылған Президент реформасы туралы не айтар едіңіз?

ЖАУАП: -Президент реформасын жүзеге асыру  қоғамдағы  ең өзекті әрі бірінші орында тұрған мәселе. Бұл тұрғыдан ой жүйелер болсақ, кейінгі жылдары Мемлекет басшысының жүргізіп отырған реформасы жақсы қарқынмен өріс алуда. Әсіресе өзім жұмыс жасайтын әлеуметтік саладағы тың  жаңалықтар және серпілістермен күнделікті жұмыс барысында жиі бетпе-бет  келіп жатамыз.

Әлеуметтік саланың арқалар жүгі қашанда қомақты. Ол сан тараудан тұрады. Соған орай жұмысы да сан алуан. Осыларды екшей келгенде әлеуметтік саланы Мемлекет басшысы үнемі назарда ұстап отырғанын аңғарамыз. Мысал ретінде айтар болсам, Президентіміздің 2022 жылғы  1 қыркүйектегі Жолдауында  Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керектігін баса айтып көрсетті. Сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатын болды. 

СҰРАҚ: - Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы енгізілгені белгілі. Бұл төлемақының пайдасы туралы оқырманға айта кетсеңіз?

 ЖАУАП: - Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді.      Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ.

СҰРАҚ: - Биылғы жылдан бастап, «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланғанынан хабардармыз. Және де жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген несиелер берілетіні жөнінде толығырақ баяндап өтсеңіз?

ЖАУАП:- Өзіңіз айтқаныңыздай,  биылғы жылдан бастап «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады.    

Ал жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Несиелер беру жұмыстары бүгінгі таңда басталды. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.

СҰРАҚ: - Жолдауда «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру туралы айтылды. Бұл туралы пікіріңізді білсек дейміз?

ЖАУАП: - Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын.

Президентіміз өз сөзінде: «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын» деді.    

Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты деп білемін.  

         Әңгімеңізге рахмет!

         Сұхбаттасқан: Еркүміс ЖАРЫЛҚА, "Балқаш өңірі».

.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР