ОТБАСЫ-БАҚЫТ МЕКЕНІ

cce8eea6-1077-4ce7-871e-5e31593f8e07.jpg

Адам өмірі-отбасыдан басталады, азамат болып қалыптасуы мен жақсы тәлім-тәрбие алуы да осында өрбиді. Өйткені, отбасы-сүйіспеншіліктің, құрмет пен сыйластықтың, ең бастысы бақыттың ошағы. Отбасының аман-саулығы-әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі.

15 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Бұл күн жарық дүниедегі ең жақын жандарымыздың төл мерекесі.

Осы орайда, аталған мереке қарсаңында Мұсаевтар әулеті жайлы жазуды жөн санадық. Өйткені, Мұсаевтар әулеті ауданымыздағы үлгілі және өнегелі отбасылардың алдыңғы қатарында.

Кеген ауданында ауылшаруашылық бөлімінде байланыс инженері, аудан орталығында автобус жүргізушісі, «Күріш» совхозында механизатор, «Балқаш су құбыры» мекемесінде электрмен дәнекерлеуші сынды қызметтерді зор жауапкершілікпен атқарып, 2016 жылы зейнетке шыққан әулеттің отағасы Мұсаев Есімғали өмірлік жары Мұсаева Айнагүлмен 1973 жылы 18 қарашада отау құрады. Алғашқы еңбек жолын аудандық ауруханада кіші мейірбике болып бастаған Айнагүл апа 2007-2012 жылдар аралығында №1 Бақанас орта мектебінің асханасын жалгерлікке алып, 2012 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан екен.

Бір шаңырақ астында 49 жылға жуық уақыт бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Есімғали ата мен Айнагүл апа төрт ұл баланы өмірге әкеліп, бүгінгі таңда өнегелі ұрпағынан тараған немере- шөберенің ортасында.

Есімғали атаның ең үлкен ұлы Мұсаев Самғат пен келіні Құланбекова Ләйлә қазіргі таңда «Қарой» дүкенінің тасын өрге домалатып отыр. Ал екінші ұлы Мұсаев Қуат жеке фотосалон ашып, халық игілігіне жұмыс жасап жатса, жары Орынғали Раушангүл де мұғалім болумен қатар, жеке сән салонын ашып, кәсібін дөңгелетуде. Одан кейінгі ұлы Мұсаев Фархат Бақанас спорт мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі  орынбасары болса, жары Абилова Қызжібек те аталған спорт мектебінде медбике. Кенже ұлы Мұсаев Ербол да жеке кәсіпкер.   

 Иә, бүгінгі күні бұл әулеттің ұлдары кәсібінен нәсібін тауып отырса, келіндері де еңбек етуден жалыққан емес. Осының барлығы Есімғали ата мен Айнагүл апаның балаларына берген тағылымды тәрбиесінің жемісі. Сол себепті де, Мұсаевтар әулеті әрбір отбасына үлгі боларлықтай жанұя.

Осы орайда барша отбасыны мерейлі мерекемен құттықтап, әрдайым отбасымыз аман, бауырымыз бүтін болсын дегім келеді.

Өз тілшімізден.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР