ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ НЕМЕСЕ «ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ»

Лента кесу.JPG               

  Күмісбек ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ, "Балқаш өңірі".

«Туған жерге жер жетпес, туған елге ел жетпес» демекші, өздерінің туған жерлерін «Мысыр шаҺарына» балайтын азаматтардың бар екендігіне  «Туған жерге тағзым» атты іс-шараға куә болғанда тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Аудан бойынша 1983 жылғы түлектердің бастамашы тобы Бақанас ауылына кіреберіс жерге қонақтарды күтіп алу, шығарып салуға қажетті нысанды салуға өзара келісіп, іргетасы құйылған еді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осыдан 40 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер осылайша өздерінің перзенттік парыздарын бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай іске асыруды мұрат тұтыпты.

Аудан азаматтары Марат Бекшұманов, Дүйсен Ашнамов, Хамит Шектібаев, Нұрланбек Жыршыбаев және Серік Маматаевтар өзара ақылдасып, құрдастарына өз ұсыныстарын жеткізген болатын-ды. Нәтижесінде туған жерге деген тағзымдарын құр сөзбен емес, іспен дәлелдеді.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, өзара ақылдасып, қажетті қаржыны ортақ  қазанға сала білген түлектердің еселі еңбегі өз нәтижесін берді. Аудан орталығы Бақанас ауылына кіреберісте орын тепкен нысан бүгінде алыстан «менмұндалап» тұр.

Ұлы Жеңіс қарсаңында аталмыш нысанның ашылу салтанаты түлектердің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде аталып өтті.  Алдымен түлектер «Д.Қонаев паркіндегі» Ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Осынан естелікке суретке түскеннен соң, нысанның ашылу салтанатына қарай бет алды. Аталмыш шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов өз сөзін былайша сабақтады: «Біз бүгін үлкен бір жайдарман жаңалықтың куәсі болып отырмыз. 1983 жылы аудан көлеміндегі барлық білім ошақтарынан үлкен өмірге қанат қаққан түлектер араға 40 жыл салып өздерінің перзенттік парыздарын өтеп жатқан жағдайлары бар.

Бұл нысан осы сәттен бастап ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететін болады. Елу жыл Елағасы болған Дінмұхамед Қонаевтың Атақоңысына табаны тиген әр адамның келіп тоқтайтын бір бекеті болсын деген тілегімді арнаймын» деді.  Және осы жерде жұмысты ұйымдастыруда белсенділік танытқан бір топ азаматтар мен азаматшаларға «Алғыс хаттар» табыстады. Аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Бақыт Сқабаев ақ батасын берді.

Түлектер осы жұмыстың басы-қасында үнемі жүрген құрдастары Марат Бекшұмановқа төсбелгі берді және белсенді азаматтардың иықтарына шапан жапты. Жеңіс Қасымбектің арнайы шақырған эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Ұйымдастырушылар эстафетаны келесі жылдың 40 жылдық түлектеріне салтанатты түрде табыстады. Аталмыш нысанның ашылу салтанатының лентасын ұлағатты ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Айнагүл Телтайқызы кесті.

Осылайша 40 жылдық түлектердің туған жерге деген тартуы  жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • РЕСПУБЛИКА КҮНІ – БІРЛІКТІҢ НЫШАНЫ
  • ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕЙРАМ
  • МЕРЕКЕ ТАРИХЫ
  • ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ЖЫЛ САЙЫН ТОЙЛАНА БЕРЕДІ
  • ТӘУЕЛСІЗДІКТІ САҚТАУ ЖӘНЕ НЫҒАЙТУ БОЙЫНША КЕҢЕСТЕР