Адам өміріндегі ең игі істердің бірі-мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп, оларға қайырымдылық жасау, Қамқорлықты қажет ететін жандарға қолұшын беру жақсылыққа қадам бастайтын сара жол десек те болады. Құдайға шүкір дейміз, Ел көлемінде жүректі дір еткізетін қамқорлық жасап, өмір тауқыметінің азабын тартып жүрген жандарға көмек қолын созатын жомарт жандар аз емес.
Жақын күндері осындай жайдарман жаңалықтың куәсі болдық. Республикалық «Харакет» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша жетек-шісі Әлімжан Теміров ауданға арнайы келіп, мұқтаж жанға баспана кілтін табыстады. Бұл жолғы баспана кілтін табыстау салтанаты есте қаларлықтай ерекше әсерде өткізілді. Олай дейтініміз аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру ке-шенінде аудандық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан ересектер ара-сындағы волейболдан аудандық чемпионаттың ашылуы салтанатында сөз алған Әлімжан Теміров республика көлемінде «Харакет» қайырымдылық қоры арқылы 807 баспана берілгенін және оның 85-сі Алматы облысына, ал Балқаш ауданына 16-шы баспана беріліп жатқанын тілге тиек етті. Сөз соңында осы игі іске атсалысқан аудан азаматтарына жұртшылықтың атынан алғыс білдіріп, Балатопар ауылының тұрғыны Амангелді Читиевті ортаға шақырып, баспана кілтін дүйім ел-жұрттың алдында табыстады. Қуанышты сәтке куә болған спортшылар қауымы да қошеметтерін еселеп, «құтты болсын» айтушылардың қатары көбейе түсті.
Келесі кезекте аталмыш қордың Балқаш ауданындағы ерікті өкілі Таңшолпан Қа-сымқызы сөз кезегін алып, қайырымдылық іске қолұшын беріп жүрген аудан азаматтарының есімдерін атап, оларға шын жүректен ризашылығын білдірді.
Осылайша тағдыр тауқы-метін тартып, осыдан үш жыл бұрын жан-жары Гүлім Иманғожаевадан мәңгілікке айырылып, бүгінде отбасында үш баланы тәрбиелеп отырған, баспанаға мұқтаж Амангелді Читиев тұрғын үй кілтін қолына алып, осы игі іске атсалысқан жомарт жандарға жүрекжарды ақ тілегін арнады.
Мұнан соң жиналған көпшілік Амангелді Читиевқа аудан орта-лығынан берілген тұрғын үйге барып, шашу шашып, құтты болсын айтты.
Адамгершілікті әрдайым ал-дыңғы кезекке қойып, жаны жаралы, жанары жасқа толы жандарға қолдан келген жәрдемін ұсынып, қайырымдылық жасап жүрген Атымтай жомарт азаматтар барда қазақтың асыл қасиеті салтанат құра беретіні даусыз.
Күмісбек ЕРБАЕВ, «Балқаш өңірі».