ҰЛЫ ТҰЛҒА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

4b702408-7462-451e-97d9-6508f2804213.jpg4b702408-7462-451e-97d9-6508f2804213.jpg

12 қаңтар-аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Осы айтулы күнге орай жыл сайын дәстүрлі түрде Ұлы тұлғаны еске алу шаралары өткізіліп келеді. Биыл да өз жалғасын тапқан игі шара аудан орталығында облыс көлеміндегі іс-шараның негізінде ұйымдастырылды.     

Қазақтың дана да дара перзенті Дінмұхамед Ахметұлын еске алуға арналған игі шара аудан орталығына кіре берісте орналасқан  «Д.Қонаев» атын-дағы саябақтағы Ұлы тұлғаның тұғырлы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Саябақ ішіндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы тұлғаның әруағына тағзым жасалғаннан кейін жиналған көпшілік естелік суретке түсті. Мұнан соң алыс-жақыннан келген көпшілік аудан әкімдігі жанындағы Д.Қонаев ескерткішіне келіп, мұнда да  гүл шоқтары қойылып, тағзым жасалды.

Бүгінгі іс-шараға арнайы келген қонақтар  мұнан соң аудандық Мәдениет үйінде жиналды.  Алыстан ат терлетіп келген қонақтар аудандық Мәде-ниет үйі мен кітапхана және аудандық өлкетану музейінің қызметкерлері бірлесіп ұйымдас-тырған, сән-салтанаты келіскен көрмені тамашалап, ол жерде Димекең  жайында жазылған кітаптарды, сонымен қатар  тіршілігінде өзі ұстаған  заттар мен дүниелерін тамашалады.

Өз дәуірінің кеменгері болған, дана халықтың дара перзенті, елу жыл Елағасы атанған Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне арналған «Тұғыры биік ұлы тұлға» тақырыбында ұйымдастырылып жатқан облыс-тық кештің басталуына кезек берілді. Еске алу кештің басталу сәтінде халқының сүйікті перзенті болған Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы мен қызметі жайында жинақталып, арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді.   

Ақыл парасатымен дара-ланған қазақтың біртуар перзентін еске алуға арналған кештің шымылдығын түрген аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов өткен жылы «Д.Қонаевтың 110 жылдық» мерейтойына орай  аудан көлемінде атқарылған игі шараларға баса тоқталып, Ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған сол шараларға атсалысқан аудан тұрғындарына өз ризашылығын білдіріп, ел-жұрттың амандығын тіледі.

Келесі кезекте сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, Қонаевтанушы Нұрпейіс Талдыбек және Алматы облы-сының Құрметті азаматы, ауылшаруашылығы ғылым-дарының докторы, «Құрмет» орденінің иегері Тынышбай Досымбеков тіршілігінде «Қанағат мектебінің» үлгісін көрсеткен Димекенің ел-жұртына сіңірген өлшеусіз еңбектерін тілге тиек етіп,  естелік оқиғаларды әңгіме арқауына айналдырды. Мінбе төріне көтерілген «Д.Қонаев» қорының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы  Балапан Әділханова да аталмыш қордың Ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында  ұйымдастырған шараларына кеңінен тоқталып, «Д.Қонаев» атындағы саябақ-тың және саябақ төрінде орналасқан Ұлы тұлғаның еңселі ескерткішінің орнатылуына атсалысқан, сонымен қатар сол сәттерде кейбір күрмеуі қиын істердің дер кезінде шешімін табуына қолдау көрсеткен азаматтардың  есімдерін өз сөзінде тізіп  шықты. Кездесу кеште сөз кезегін алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынының басшысы Әлия Жақыпбекова Д.Қонаевтың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында былтырғы жылы облыс көлемінде атқарылған шараларды атап өте келе аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілген «Д.Қонаев-ұлы тұлға» атты  эссе  байқауының қорытындысын хабарлап,  қаламы қарымды жеңімпаздарды марапаттады. Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары да сахна төріне көтеріліп, Ұлы тұлғаға арнаған өлең шумақтарын оқыды. Оқушылардың өнеріне дән риза болған көрермен қауым қошеметтерін еселей түсті.

Кездесу кештің соңында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына кезек берілді. Ұлттық аспаптарда ән шырқап, мың бұрала би билеген өнерпаздар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Дана халықтың дара перзентін еске алуға арналған кеш соңы «Ақ отау» мейрамханасында ұйымдастырылған ас дастарханымен жалғасты. Ас та төк жайылған дастарханын басында да  туғанына 111 жыл толған Димекең жайында естеліктер айтылып, марқұмның рухына Құран-кәрім  бағышталды.

 

                                                                                                                                Күмісбек ЕРБАЕВ, «Балқаш өңірі».


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр