Марапат иелерін тапты
Осы аптада ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының «Нарынқол» шекара бөлімшесі орналасқан аттас елді мекеннің орта мектебінде ел шебін қорғау ісіне қосқан үлестері ерен ерікті жасақшыларды марапаттау рәсімі өтті.
«Шекараны бүкіл халық қорғайды» қағидасының өміршеңдігін кезекті мәрте дәлелдеген шараға Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары подполковник Қ.Әділов, Нарынқол ауылдық округінің әкімі А.Шенебеков қатысты.
Ерікті жасақшылар тобы еліміздің төрт қанатында орналасқан шекара басқармаларының ел шебіндегі қызметтеріне белсене араласып келеді. Олардың ізбасарлары – шекара аймақтарының орта мектептерінде тұрақты жұмыс істейтін «Шекарашының жас досы» үйірмесінің мүшелері де бүгінге дейін шекарашыларға аз көмектескен жоқ. Тіпті халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді құрықтауға көмектескені үшін шекара басқармасының марапатын иеленген оқушылар туралы газетке мақала жазылған болатын.
Лайықты бағасын беру керек, «Шекара қызметіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған ерікті жасақшылардың бірі Сержан Әлжанов осыған дейін де шекара режімін бұзушылар мен заңсыз қару сақтаушыларды, екі елдің араын бөліп тұрған таудың ішінде рұқсатсыз аң аулағандарды қолға түсіруге көмектескені үшін шекара басқармасы бастығының құқығымен марапатталған болатын. Ал аталған мерекелік медальдің екінші иегері атанған Василий Аликсеенко болса, шекарашылардың байырғы досы ғана емес, өзі де ұзақ жылдар бойы «Нарынқол» шекара бөлімшесінде қызмет атқарып, еңбек демалысына осы ұжымнан шыққан. Сондықтан осы жерде туып, өзінің саналы ғұмырын қазақ-қытай шекарасының бойында өткізіп келе жатқан Василий Георгиевичтің ел шебіндегі басынан кешірген тағылымы зор оқиғаларының өзі бір кітапқа жүк болары хақ. Ерікті жасақшылардың бірі Мерей Тұманбекұлы да өзінің жастығына қарамастан, ел шебінің сызатсыздығына қосып үлгерген қомақты үлесі үшін Алматы облысы бойынша департаменті бастығының грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, шекарашылармен арадағы өзара ынтымақтастықты нығайту ісіне қосқан үлесі үшін Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Шенебековке «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Шекара қызметіне 30 жыл» мерекелік медалі салтанатты жағдайда табыс етілді.
– Шекара аймағының байырғы тұрғындары үшін «Шекараны бүкіл халық қорғайды» атты ұран әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес, - дейді ауылдық округінің басшысы Амангелді Смайлұлы бізбен сұхбатында. Бұған мысалды алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ. Танымал қаламгерлер мен ақындар дүние есігін ашқан Нарынқол ауылының әрбір тұрғыны өзін шекарашы санап, туған жерін бөтендерден қызғыштай қориды. Бүгінгі шара – соның айқын дәлелі.
...Қолымызға түскен мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері шекара режімін бұзған төрт азамат қолға түскен. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев атындағы шекара бөлімшесінің аумағында ерікті жасақшы С.Әлжановтың қырағылығы арқасында ұсталған мемлекеттік шекара режимін бұзушылар туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде қалам тербегенбіз. Сайып келгенде, шекарашылардың ел шебіндегі көмекшілері саналатын ерікті жасақшылар үшін мұндай оқиғалар таң болудан қалған. Өйткені, Амангелді Смайлұлы айтып өткендей, шекара аймағының әрбір тұрғыны өзін туған елінің патриоты санайды.
Журналист Т.ДӘУЛЕТБАЕВА, «OS-ЧР».
Суреттерді түсірген автор.