ҚОНАЕВТАНУШЫ ЖАСТАР ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ АТАМЕКЕНІНДЕ..


Д.Қонаев-110 жыл

 

Биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника  ғылымдарының докторы, «елу жыл ел ағасы» атанған Ұлы тұлға  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына -110 жыл толды. Алаштың ардақты ұлы атанған Д. Қонаевті еске алып, туған халқына сіңірген еңбектерін жас ұрпаққа насихаттау  мақсатында республика көлемінде түрлі іс-шаралар өткізілуде.

Осындай  игі бастаманың біріне тоқталар болсақ, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Есімі ел есінде мәңгі сақталады» тақырыбындағы іс-шараның тәрбиелік мәні зор деп айтуға болады. Бойларында жалынды жігерлері тасып тұрған аудан жастары  осы аптаның сәтті күні сәрсенбіде Димаш атаның атамекенін көзбен көріп, Ұлы тұлға жайында ол кісінің көзін көрген қариялармен сұхбаттасу мақсатында арнайы келген Қонаев қаласының жастарын қарсы алып, бақ дарыған киелі мекенімізді аралатып таныстырды. Облыс орталығынан арнайы атбасын бұрған делегацияны Талдықорған қаласының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Наурыз Сайлаубай бас-тап келді.

Алыстан ат терлетіп, арнайы келген қонақтарды аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Гүлнұр Рахыбай бастаған Миялы, Бақбақты және Бірлік ауылдық округінің жастары Малайсары асуында әннен шашу шашып, дәм ұсынып, құрметпен күтіп алды.

Мұнан соң  Ұлы тұлғаның атажұртына алғаш рет аяқ басқан қонақтар Бақанас ауылына кіре берісте орналасқан Д.Қонаев атындағы саябаққа атбасын бұрды. Ол жерде аудандық тарихи-өлкетану музейінің өлкетанушысы Зауреш Демеуқұлова және аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Рақышев жастарға ақ тілектерін арнап, батасын берді. Сонымен қатар аудан жастары ашық аспан астында ұлтық аспаптарда ауылдың алты ауызын орындап, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Келесі кезекте құрметті қонақтар аудандық тарихи-өлкетану музейін тамашалады. Аудан орталығындағы тарихи жәдігерлер сақталған музейді аралаған қала жастарына Зәуреш Жұмағалиқызы музей ішіндегі Димаш атаның тіршілігінде  қолданған көне дүниелерімен таныстырып шықты.

«Елу жыл ел ағасы» атанған Ұлы тұлғаның жүріп өткен өмір жолымен жақын танысқан  облыс орталығының жастары іссапарларын Желтораңғы ауылында жалғастырды.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан аталмыш ауылға сапар шеккен қонақтар жол бойы Іле өзенінін арғы бетімен біргі жағасын жалғап тұрған  Д.Қонаев атындағы көпірге тізгіндерін тартып, сұлу табиғатты тамашалап, естелік суреттерге түсіп, көпір құрылысы жайында сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» демекші, береке-бірлігі ажырамаған желтораңғылықтар Димаш атаның атажұртына арнайы келген Қонаев қаласының жастарын құшақ жая қарсы алды. Ұлы тұлғаның атамекенін алыс-тан аңсап жеткен жас Қонаев- танушылар ауыл ажарына көрік беріп тұрған Д.Қонаев атындағы орта мектеп ауласындағы  Димаш атаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсіп, мектеп ішіндегі мұражайды тамашалады. Оларға Димаш атаның қолданған көне дүниелерін, тарихи суреттерімен таныстырған мектеп директоры Айдос Балтабаев  ауылдық округ әкімі Ербол Шөбеевпен бірлесіп, ауылдың гүлденуіне жұмыстар жасап жатқандары жайында әңгіме өрбітті.

Жастарда өнерден құр алақан емес екендерін көрсетіп, қос ішекті домбырамен күй шертіп, өз өнерлерін ортаға салды.

Қоштасар сәтте көздерінде қимастық сезімі сезілген қонақтар аудан халқына дән риза екендерін жеткізді. Осылайша қазақ халқының мақтанышына айналған Ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атамеке-ніне арнайы келген  қонақтарға құрмет көрсетілді.

 

Бақтығали  МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, 

«Балқаш өңірі».

Д ата.JPG

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр