Бекен ШЫБЫҚБАЕВ, Ақдала ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Барыс жылының алғашқы айындағы қоғамымыздағы саяси-әлеуметтік экономикалық, тарихи өзгерістерге байланысты мемлекетіміз өте ауыр күндерді бастан өткізді. Әсіресе «қасіретті қаңтар» оқиғасы еліміз үшін өте ауыр жағдай болды. Қаншама қан төгілді, қаншама бейкүнә жастар қыршыннан қиылды, көптеген отбасы қара жамылды, қираған ғимараттар, тоналған сауда үйлері, өртенген үйлер, жантүршігілікпен жасалған жауыздықтар, мемлекетімізге моральдық-материалдық зор шығын әкелді.
Иә, осы сын сәттен, сын сағатынан еліміз жақсы өттік.
Осы сәтте халықтың қолдауы, Президенттің сабырлы, салиқалы саясатымен бір-бірімен үндесіп жүзеге асты.
Жазушы Бексұлтан Нұржекеев айтқандай «Иә, құдай» деп мемлекетімізді сақтап қалдық.
Бұл тарихи оқиға өткенге сабақ. «Жау жоқ деме- жар астында, бөрі жоқ деме- бөрік астында». «Сыртқы жаудан, ішкі жау қауіпті» демекші мемлекет қауіпсіздігін сақтауда елімізге үлкен міндет жүктелді. Президент айтып отырғандай: «Аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірумен бірге, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік және заңнамалық орындалмауы және қоғамды жайлап алған жемқорлық еліміздің соры болды.
Ендігі жерде Қазақстанда байлар мен барлар, биліктегілер ғана үстемдік ететін емес, Заң ғана үстемдік ететін жұмыс жүргізілуі керек»-деп Жаңа Қазақстанды бірге құрайық атты Үндеуін жариялаған еді.
Сол Үндеуінде Президент мемлекетіміздегі жағдайды халыққа болған, орын алған кемшіліктерді жасырмай, толығымен ашып айтты. Шындығын айтқанда халықтан ешнәрсе жасырған жоқ. Атап айтқанда елімізді жайлаған жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, әділеті аз биліктің үстемдігін қатаң сынға алды.
Ел экономикасын көтеру, халықтың әл-ауқатын, тұрмысын көтеріп, кедейшілікпен күресу жөнінде үкіметке арнайы реформаға толы тапсырмалар беріп, отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізуі-еліміздің жаңа экономикалық бағытының негізін қалайтын қағидат болып табылады.
Мемлекет басшысының Парламент қабырғасында айтылған баяндамасы- «Жаңа Қазақстан» жобасы көпшіліктің қолдауына ие. Себебі баяндамада мемлекетіміздегі орын алған кемшіліктер ашық айтылып, алдағы атқарылатын істер мен жобалар нақты айқындалып, баяндалған. Негізінен жобада халықтың әл-ауқатын жақсарту, кедейшілікпен күресу және көптеген әлеуметтік игі шаралар қамтылған. Іске асу шаралары бағдарланған. Тіпті сол бағдарламалардың іске асыру мерзімінде атап көрсетті.
Ең бастысы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің еңсесін түзеуге бет бұрған батыл да шешуші қадамдарына сеніммен қарау, қолдау көрсету, жаңа дәуірге, жаңаша көзқараспен қарайтын азаматтарымыздың парызы.
Бүгінгі жастар қоғамдағы жағдайды тек өз түсініктерімен қабылдайды. Әсіресе, қолдағы телефондағы инстаграмда не жазылса, соны талқылап, соған көп бой ұрады. Ал, баспасөздегі, теледидардағы жаңалықтарға көп мән бермейді. Болып жатқан жағдайды саралап, саяси тұрғыдан баға беру, әділетті қоғамды қалай құру, еліміз қайтсе байқуатты өмір сүреді, осы жайында баспасөзде жиі ой бөліссек абзал болар еді.
«Еліңде қарты болмаса, жастары болар диуана» деп ер Махамбеттің айтқанын қазіргі қазақ қоғамы ескеруі керек деп ойлаймын. «Өткелде ат айырбастамайды» деген дана сөзді еске алайық, ағайын!
Жаңа дәуірге бет бұрған бағытымыз баянды болып, көшіміз түзеліп, жақсы күндер көп болғай. Ел бірлігі мен ынтымағы нығайып, еліміз аман болып, мамыражай заман болсын. Қарттарым соны көруге шамаң болсын. Болашағымыз жарқын, игі істер жастарымызға Алладан нәсіп болсын.