ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

            DSC_1026.JPGавн.JPG                                 

  Ауған соғысы тарих жылнамасында өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі. Бұл соғыс біздің ел үшін ғана емес, әлемді жайлаған қақтығысқа толы қырғынға ұласты. Жат жерде өткен қанды қырғын 1979 жылы басталып, он жылға созылды. Соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен соғыс жүргізді. Талай сарбаз Отан үшін ерлік жолында мерт болды.

Аузынан ана сүті кетпеген бозбалалардың көбі дерлік сол қырғыннан аяқ-қолдарын жарақаттап, елге мүгедек болып оралды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген сарбаз туған жеріне оралмады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды. Батырларға деген сый-құрмет жылдар өткен сайын еселене түседі.

15 ақпан-Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күн. Осынау айтулы мерекеге орай Ауғанстан жерінде қаһармандық танытып, интер-националдық парызына адал болған жерлестеріміздің майдан даласындағы ерен ерліктерін еске алып, құрмет көрсету мақсатында   бір топ интернационалист-жауынгерлер аудан орталығындағы «Боздақтар» монументіне гүл шоқтарын қойып, қан майданнан оралмаған жауынгерлердің рухына тағзым жасады. Батырларға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан көлеміндегі ауған соғысының ардагерлері мен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Сәлімжанова, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы, капитан Ерік Бастаубаев қатысты.    

Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Бөріхан Әбдібаев Ауған соғысының ардагерлері Мейрамбек Қантбеков, Се-рік Аймұханбетов, Бақты-бек Дәуітбай, Нұрхан Құ-сайынов және Маратбек Мүлкібековтарды  өзінің жұ-мыс кеңсесінде қабылдап, ержүрек жауынгерлерді аудан басшысының атынан мер-екелерімен құттықтап, жастарға патриоттық тәрбие берудегі ерен еңбектері үшін Қазақ батыры «Қара-майор» төсбелгісімен марапаттады.

Марапаттау рәсімінен кейін аудан басшысының орынбасары Бөріхан Нарымбетұлы ардагерлермен сұхбаттасып, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Сөз орайы келгенде «Осындай интернационалдық парызға адал болған ауғандық ардагерлерді қадірлеп, құрметтеу – біздің, өскелең ұрпақтың борышы. Елімізде өсіп келе жатқан болашақ ұрпақ сіздердей  батыр әкелерден үлгі алып, бой түзеп өскендерін қалаймын» деп, жат жерде қанды майданға қатысып, елге аман оралып, ел-жұртына еңбегін сіңіріп жүрген батырлардың дендеріне саулық, бастарына амандық, отбасыларына береке-бірлік тіледі.

Ал, мерекенің келесі күні аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен аудандық кітап-хананың  ұйымдастыруымен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына - 33 жыл толуына орай «Бейбітшілік туын тіккен сарбаздар» тақырыбында кездесу кеші жалғасын тапты.

Тәлімді тәрбиелі мәні зор мәдени шараның шымылдығын түрген аудан әкімінің орынбасары Бөріхан Әбдібаев өзінің құттықтау тілегін бас-тамас бұрын,  аудандық «Nur Otan» партиясының ғимараты орналасқан саябақтың атауын Ауған соғысы ардагерлері атынан берілуі  туралы аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов Қаулы шығарғаны жөнінде сүйінші жаңалығын жеткізді. Бұл жайдарман жаңалықты қуана қабылдаған кеш қонақтары көңілдері көтеріліп, бір марқайып қалды.

Ауған соғысы ардагерлерін төл мерекелерімен құттықтаған Бөріхан Нарымбетұлы өз сөзінде «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен 1989 жылы 15 ақпанда шығарылды.  Он жылға созылған соғысқа Қазақстаннан 22 мың адам қатысқан. Олардың 34-і біздің аудан азаматтары болса, оның 32-сі елге аман оралды. Өкінішке орай Қалыбай Бәйшіков пен Қайрат Есімбеков  бауырларымыз майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Олардың есімдері біздің санамыздан ешуақытта ұмытылмайды. Бат-ырлардың рухын асқақтатып, есімдері ел аузында жүрсін деген мақсатта  Бақанас, Қарой ауылдық округтерінде оларға көше атаулары берілген.    Бүгінде ауданда 16 Ауған соғысы ардагері тұрады. Олар әртүрлі салада өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, ауданымыздың дамуына  үлестерін қосып, өскелең ұрпаққа ерліктің үлгісін көрсетіп жүр» дей келе, Ауған соғысы ардагерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

Аудандық Мәдениет үйі мен  аудандық кітапхана дайындаған «Ерлік жан дүниенің ұлы қасиеттері» атты бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды.

Мәдени шарада сөз кезегін алған Ауған соғысы ардагері Мейрамбек Қантбеков пен интернационалист- жауынгер Мұқанғали Қожабеков өздерінің Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеу барысында қызықты оқиғаларын айтып, әскери өмір жайында әңгіме өрбітті. Ал, аудандық Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтыбек Мейрамбекұлы мәдени шараны ұйымдастырғандарға алғыс білдіріп, бейбіт елдің тыныштығы бұзылмасын деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Елінің еркіндігі мен ұрпақтың азаттығы үшін жанын шүберекке түйіп, Отан алдындағы азаматтық борыштарын Ауған жерінде, майдан даласында өткізген жауынгерлердің құрметіне ұйымдастырылған шара да аудандық Мәдениет үйінің әншілері Айбын Батырбаев, Гүлмира Қасабекова және Қарлығаш Бекенова, сонымен қатар «Саз» мектебінің оқытушысы Айбол Жолдас әннен шашу шашып,  көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ  М.Сеңгірбаев атындағы орта мектептің оқушылары өлең шумақтарын арнады.

Батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһармандарға арнап ұйымдастырылған мәдени шараны аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Сәлімжанова қорытындылады.

Шара соңында жиналған көпшілік кітапхана қызмет-керлерінің  ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалап, естелік суреттерге түсті. 

 

Ауған жерінде Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып,   қанды майданнан «300-ші жүк» болмай, елге аман-есен оралған жауынгарлерді нағыз  батырлар деп айтуға болады.

Өйткені олар сағыныштан сарғайып күткен жақындары мен талай түндерде көз ілмеген ата-ананың армандарын жалғап, үміттерін ақтады

       Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі». 

Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр