Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан құру жолында Қазақстанның ендігі дамуына бәріміз біркісідей атсалысайық. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық!» деген халқымыздың ежелгі даналығын дәл бүгінгі таңда әр қазақ, әр қазақстандық есінде ұстауы керек» деді. Осыған орай көптеген игі істер қолға алынып жатыр.
Осы аптаның бейсенбісі күні облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев, облыстық мәслихаттың депутаттары Әбдіжаппар Қыстаубаев, Болатжан Нұрбеков ауданға арнайы іссапармен келіп, аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалының төрағасы Ғалым Тоқпейісов және аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаровтың қатысуымен аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар тілегіне құлақ түрді. Сонымен қатар қоғамдық қабылдауға Бақанас ауылдық округінің әкімі Қабыл Күлтебаев, сондай-ақ бірқатар мекеме басшылары да қатысты.
Қоғамдық қабылдау барысында Бақанас ауылының тұрғындары Сайран Нұрайдаров табиғи газ жөнінде мәселе көтерсе, Ермұқан Бейсембаев пен Мұрат Нұрмұханбетов Бақанас ауылындағы Ы.Алтынсарин және И.Ормышев көшелеріндегі автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жасалса деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Көтерілген мәселелердің орындалуы жөнінде аудан басшысы халық қалаулыларына бұл жұмыстардың алдағы уақытта шешімін табуы үшін қандай шаралар атқару қажеттілігін түсіндіріп айтты.
Сөз орайы келгенде облыстық мәслихат депутаты, ауданның Құрметті азаматы Әбдіжаппар Өгізбайұлы кейінгі жылдары Іле өзенінінде су денгейінің төмендеуі аграрлы ауданымыздың егін саласына кері әсерін тигізіп тұрғанын жасырмады.
Аудан әкімі Ғалым Қасымұлы көтерілген мәселенің қаншалықты күрделі екенін түсіндіріп, су тапшылығы салдарынан аудан көлеміндегі күріш алқаптарының жылдан-жылға көлемі кеміп бара жатқанын айта келе, болашақта суармалы жерлерге күріш дақылы егілмей қалса, оның экологияға кері әсерін тигізетіні жөнінде бірнеше ғылыми деректерді мысалға келтіріп, Іле өзеніндегі су деңгейін келешекте көтеру жөнінде әңгіме өрбітті.
Қойылған сауалдарға құлақ түрген облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Әкежанұлы алдағы күндері ел арасындағы осындай көтерілген өзекті мәселелер бойынша облыс деңгейіндегі жауапты мамандармен кездесулер өткізіп, өзіне қойылған сауалдардың шешімін табу жөнінде жұмыстар атқаратынын жеткізді.
Өз тілшімізден.