ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ БАСПА КІТАБЫ-«СЕЙФІЛ-МӘЛІК» ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?


Алтынай СЕЙТКЕН, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің І-ші курс студенті.


Қазақ кітабының тарихы-ел кітабының айнасы дейтініміз тегіннен-тегін емес. Тек қана қазақ кітабының тарихы емес, бүкіл әлемдегі баспа кітаптың даму тарихына үңілер болсақ, ол сол елдің тұғырлы тарихымен астасып жатқандығын анық байқаймыз. Қазақ халқының қолжазба кітабының даму тарихы көршілес Ресеймен тең дәрежеде дами бастаса, ал баспа кітабымыздың дамуының ІІ, ІІІ ғасырға кешеуілдегені ақиқат. Оның себебі неде? Себептерін XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басындағы Қазақстанның хал-ахуалынан, экономикалық һәм мәдени, рухани жағдаятынан жіті түсінеміз.

Қазақ қауымына арналған алғашқы кітаптар ХІХ ғасырдың бас кезінде шығарылды. Осы ретте, қазақ баспа кітабы тарихы дәуірін негізгі үш кезеңге бөлеміз. Бірінші кезең-1807-1867, екіншісі-1867-1900 жылдар аралығын қамтыса, ал үшінші кезең 1900-1917 жылдарды қамтиды. Алғашқы кезеңнің 1807 жылдан бастау алатындығы неліктен деген сауал туындар болса, яғни дәл осы жылы Қазан университеті баспаханасынан қазақтың тұңғыш баспа кітабы шағатай тілінде жарық көрген «Сейфіл-Мәлік» қиссасы дейміз. 

Бұған дейін аталған баспадан мұсылмандарға арналып араб тілінде жарық көрген алғашқы кітап-Құран Кәрім болса, өзге де діни әдебиеттен кейінгі оған етене жақын болған кітап осы «Сейфіл-Мәлік» қиссасы.

Кім біледі, күн озып елімізден тысқары жердегі архив қойнауларынан одан да ерте шыққан кітаптар кезігуі мүмкін. Бірақ, кезіге қалған күннің өзінде де, тұңғыш қазақ баспа  кітабының туған жылын анықтау керек болса, «Сейфіл-Мәлік» жарық көрген 1807 жылды атаған жөн. Олай деуге «Сейфіл-Мәліктің» қазақтың алғаш баспа жүзін көрген шығармасы болуы үстіне қазақ ішінде кең таралғандығы дәлел. Сюжеті «Мың бір түн» ертегісінен алынса да, қазақ қауымына етене жақын туынды.

Мұнда Сейфүлмәліктің сүйген жары, пері қызы Бәдіғұлжамалды жер шарын кезіп жүріп, әрең дегенде Иран бағынан тауып, Бәдіғұлжамалға қосылу үшін оның әжесінің батасын алып, әкесінен рұқсат сұрап беруін өтінеді. Пері әке қызын адам баласына ұзатып жатып, ұлан-асыр той жасайды. Қызына елде жоқ жасау береді. Осылайша қазақ даласына таралған бұл қиссада қос ғашықтың махаббат дастаны ғажап суреттеледі.

Кітаби тілдегі назиралық дастанға айналып, зиялы қауым жүрегінен орын тауып, кейін қазақтың жалпақ жұрты тіліне ауысып, ел көңілін мейілінше баураған «Сейфіл-Мәлікті» қазақ халқының төл шығармасы деуге тағы бір дәлел-оның ғасырдан аса уақыт бойы дүркін-дүркін басылып, қалың жұртқа тарағандығы, оқушысын ғана емес, ел ішінде жатталып, тыңдаушысын тапқандығы. Библиографшылардың әзірге тапқандары мына төмендегі нұсқалар:

1.      Сейфүлмәлік. Қазан, Қазан гимназиясының баспаханасы, 1807. 115б.

Юсуф Исмағил ұғлы Апанайдың тасрифы (115-ші бетте);

2.      Қисса-И Сейфүлмәлік шаһзаде ағазкярдан Бәдиғұл-жамал перизат. Қазан, 1882;

3.      Қисса-И Сейфүлмәлік. Қазан, 1895. 75 б;

4.      Қисса-И Сейфүлмәлік. Қазан, 1897. 75б;

5.      Қисса-И Ғабдұлмәлік. Шәмсуддин Хусаинов уәрсәләрі Қазанда. Қазан. Университет табиғханасы. 1902. 56 б;

6.       Қисса-И Сейфүлмәлік Бәдиғұлжамал. Жүсіпбек Шәйхулисламұлының мәәлли-фатынан бітті. 1986-шы жылда 12-ші майда. Мосаннифтің ләқаб есімі Таңшолақ бола-дүр. Қазанда кітапшы Исмағил Шәмсуддинов. Қазан. Университет табиғханасы. 103.49б;

7. Қисса-И Сейфүлмәлік Бәдиғ-ул-жамал. Жүсіпбек Шәйхулислам ұғлының мәәлли-фатынан бітті 1876-шы жылда 12-ші майда. Мосәннифтің ләқаб есімі Таңшолақ бола-дүр. Қазан. 1908.49б;

8.      Қисса-И Ғабдұлмәлік. Нәшері: Шәмсуддин бин Хұсаин. Қазан. Университет табиғханасы. 1904.56 б;

9.      Қисса-И Сейфүлмәлік. Нәшері: Шәмсуддин  Хусаинов уәрсәләрі. Қазан. Б.Л. Домбровский матбәғасы. 1909.55 б;

10.    Қисса-И Сейфүлмәлік. Нәшері: Шәмсуддин  Хусаинов уәрсәсі. Қазан. Б.Л. Домбровский матбәғасы. 1914.55 б.

Бұл тізімнен ұғатынымыз: «Сейфіл-Мәлік» шығармасының қазақ назиралық нұсқалары үшке жіктелетіндігі. Біреуі 1807 жылы шыққан шағатай тіліндегісі. Екіншісін белгілі шығыстанушы В.В.Радлов халық аузынан жазып алған. Кейін мұның сәл өзгертілген түрін Жүсіпбек Шайхысламов бастырған. Ғабдұлмәлік хақындағы Домбровский баспасынан шыққандары сол нұсқадан айнымайды. Тек белгісіз себептермен бас қаһарман есімдері өзгертілген. Үшінші нұсқа Қытай мен Монғолияда «Ақыт ақын» деген атымен әйгілі Ақыт Ұлымжыұлы Қарымсақовтікі. Олардың ұзын саны беске жетеді, бас кейіпкері бірде Сәйфүлмәлік болса, бірде Ғабдүлмәлік делінген, басқа пәлендей өзгерістер жоқ. Кеңес кезінде «Батырлар жыры» жинағында (1964 жылы) және «Ғашық-наме» атты Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дастандарына енгізілді.

«Сейфіл-Мәлік» дастаны халқымыздың санасына, жүрегіне терең орнықты. Оның кейіпкерлері тіпті ән боп шырқалды. Атақты әнші Әсет Найманбаевтың «Сейфүлмәлік-Жамалдай, бейнетіңе көнсем-ай» дейтін әнін исі қазақ күні бүгінге дейін сүйсініп тыңдайды. Гомердің «Оодиссейі» секілді бұл дастан талай ғажайып оқиғаларды бір-біріне ұластырып жырлайды, ғашық жігіт іңкәрына қашан қосылар екен дегізіп, тыңдаушысын, оқушысын үзілдіріп ынтықтырады. Туынды әуенінің бүкіл табиғаты тартқан тауқыметі мен бейнеті басынан асатын, «мың өліп, мың тірілген» сорлы қазақтың тағдыр-талайымен сарындас.

«Сейфіл-Мәліктің» ХІХ ғасыр бойы және ХХ ғасырдың бас кезінде жиі басылуы сол тұстағы қазақ қауымында баспа дүниелеріне, бүгінгі тілмен айтқанда бұқаралық ақпарат құралдарына зәруліктің бірте-бірте ұлғая бастағанына айғақ. Төрткүл дүниеде не болып жатқанына құлақ түретін зиялы қазақтардың қатары көбейіп, шоқтықтары талай ғасырлардан асатын  тұңғыш ғалымдардың тобы тарих сахнасына шықты. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардың өздерін былай қойғанда, олардың ата-аналары «Сейфіл-Мәліктің» алғашқы шағатай тіліндегі нұсқасын еркін игеретін.

«Сейфіл-Мәлік» кітабының  және басқа Шығыс тақырыбынан жазылған баспа кітаптардың бұқаралық сипат алуына Жүсіпбек Шайхулсламов, Ақыт Қарымсақов, Ахмет Оразаев, Өндірұлы Мұхамедғали сынды кітаби ақындардың, өзге де жазу-сызу білетін Әріп Тәңірбергенов, Ақылбай қатарлы ақындардың қосқан үлестерін бөліп айтуға болады. Бұлардың бірсыпырасы ұлы Абай «Әзім» поэмасында айтқандай:

Бір сөзім «Мың бір түннен оқып көрген,  Өлең қып сол сөзімді келген»,- деген машық бойынша Шығыс әдебиетін қазақшалау үстіне, өз нәзира туындыларының баспа жүзін көруіне барынша ықпал етті. Шығыс дастандарын назиралық дәстүрмен жырлау екі ғасыр бойы толастамаған. Ақыт ақын Сейфүлмәлік поэмасын Шығыс Түркістандағы Махмұди ханның бұйрығы бойынша жазғанын ескерте келе:

Қисса бітті, хаққа шүкір аман-есен,

Мың үш жүз жиырма  болды тамам.

Бұл пақырға дұға қылың,

                               оқығандар

Тартылсын жүре бермей енді

                                      қалам,- дейді. Мұнда жырдың аяқталған уақыты хижра бойынша берілген десек, біздің жыл санауымыз бойынша (григориан календары) бұл-1904 жыл. «Сейфүл-Мәліктің» 1870 жылы В.В.Радлов жинағындағы «халық рухына бейімделген» нұсқасы бар екендігін және білеміз. Жырдың екі ғасыр бойы елге тарағаны бұдан айқын көрінеді. 

Бұқара тарапынан оқушы-сы табылғандықтан да «Сейфүлмәлік» қазақ тілінде дүркін-дүркін басылып тұрды. «Сейфүлмәлік» халық ең көп оқыған кітап. Бұл кітап бұқаралық ақпарат құралы рөлін қазақ топырағында алғаш атқарған басылым. Сондықтан «Сейфүл-Мәлік»-қазақтың тұңғыш кітабы деп тұжырым жасауға толық негіз бар.

Қазақ оқырмандарының әу деп қолдарына ұстағандары баспа кітаптан Құран. Ұлттық баспа кітабымыздың ілкісі саналатын «Сейфүл-Мәлік» бір Алланың шапағатымен мұратына жеткен ғашықтарды жырлайды. Тұңғыш қазақ кітабы «Сейфүл-Мәлік» қазақ елін ислам, шығыс мәдениетімен жалғастырған жыл құсы іспеттес.

Қоғамдық сананы оятуда, ұлттық ортақ мүдделер төңірегінде ел-жұртты жұмыл-дыруда, әсіресе, баспа кітабының рөлі айрықша дейтін болсақ, ғылым мен білімді игере жүріп, рухани игілікті халық арасында таратуда «Сейфіл-мәліктің» алар орны айрықша.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында тілге тиек еткеніндей, халқымыздың тарлан тарихын заман биігінен қайта қарау, жаңаша жаңғырту міндеті қойылған қазіргідей уақытта осындай рухани мұраларымызды дәріптеп, жаһұтқа толған асыл қазыналарымызды, баға жетпес ұлттық құндылықтарымызға балап, егемен елімізді дамудың даңғыл жолына апаратын жас ұрпаққа насихаттау-бізге парыз.

Осы орайда, жазылған деректер арқылы қазақтың тұңғыш баспа кітабы-«Сейфүлмәліктің» маңызын аша алсам, шығыс халықтарының ғана емес, қазақ халқының тарихында алар орнын айшықтай алған болсам, бұл-мен үшін үлкен мәртебе.

 

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр