Біздің ауданымызда да көмекке мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың бар екендігі баршамызға аян. Осы тұрғыда мемлекеттен бөлек, аудан кәсіпкерлерінің де осындай отбасылардағы балаларға қолұшын беріп, демеушілік көрсеткені-егемен еліміздің келешегін кемел, болашағын жарқын ететін балғын балалардың өнегелі ұрпақ болып өсіп-өнуі үшін жасалып жатқан игі істердің бірі десем, артық айтқандығым емес.
Жас ұрпаққа қашанда қолдау көрсету, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардағы балалардың мектепке алаңсыз барып, өзге оқушылармен тең дәрежеде білім алуы біз үшін аса маңызды. Өйткені, балалар-біздің болашағымыз. Еліміздің келешегі жастармен жарқын болмақ.
Жылда дәстүрлі түрде өтетін әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету, әлеуметтік осал топтағы отбасынан шыққан жеткіншектер себепсіз мектепке бармай қалудың алдын алу үшін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өзінің кезекті жұмысын бастады.
Биылғы жылы әлем бойынша қиын сәттерді бастан өткеріп жатқанымыз белгілі. Соған қарамастан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі Білім және Ғылым министрлігіне мектеп оқушыларының дәстүрлі форматта оқуға көшуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Осы орайда, ауданымыздағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларды «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында да өңірімізде атқарылып жатқан игі істер легі толассыз. Киелі өңіріміздегі меценат және кәсіпкер, қолы жомарт ағаларымыз жақсылық жасап, сауапқа кенелу мен қайырымды істерді атқаруды тоқтатқан емес. Міне, осы жолы да жомарт жандардың қайырымдылығына куә болып отырған жайымыз бар.
«Игі істің басына, жақсы келер қасына» демекші, балалардың болашағына алаңдап, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ықпал етіп, демеушілік көрсеткен жандарды атап өтсек, өзгелердің де осындай қайырымды істерден тыс қалмайтыны анық. Бұл ретте, «Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алмас Қыстаубаев Бірлік орта мектебінде білім алатын 12 бірдей отбасындағы 34 оқушыға, кәсіпкер Сайлаукүл Бейсембаева Аралтөбе орта мектебінде білім алатын үш отбасыдағы 5 оқушыға, кәсіпкер Е.Бақбергенов Ж.Бәрібаев атындағы орта мектепте білім алатын 2 отбасыдағы 4 оқушыға, кәсіпкер М.Рахымберді «Үлгілі» орта мектебінде білім алатын 3 отбасындағы 4 оқушыға, «Бейбіт» шаруа қожалығы Ақдала ауылындағы 2 отбасыдағы 2 оқушыға, кәсіпкер Т.Сұлтанов Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте білім алатын 3 отбасыдағы 3 оқушыға демеушілік көрсетсе, ал бір ғана емес үш бірдей ауыл, яғни Береке, Көкжиде және Бақанас ауылдарындағы көмекке мұқтаж отбасылардағы балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен «Балқаш жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, нар тұлғалы Нарымбет Әбдібаев ағамызды айрықша атап өтуге болады. Бұған дейін де көптеген игі істің басы-қасында жүріп, Балқаш ауданы халқының құрметі мен ыстық ықыласына бөленген абыройлы азамат міне, осы Нарымбет ағамыз десек, қателеспейтініміз анық. Үнемі қайырымды істен қол үзбеген кәсіпкер-меценат аудан көлеміндегі үш бірдей ауылдағы 17 отбасындағы 24 оқушыға демеушілік көрсетіп, туған халқының алғысын арқалап, балғын балалардың ізгі ниеттеріне қанық болды. Біз, қолы ашық әрі Атымтай жомарт Нарымбет Әбдібаевтай абыройлы азаматтың игі істеріне көптен бері куә болып келеміз. Бұл кәсіпкердің басты ерекшелігі де сол-ол ешқашан мен біреуге жақсылық жасадым деп кеудесін керген емес, тек «Қайырымдылық жасасаң-қайырымын өзің көресің» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырып, қарапайымдылықтан танбаған, адамгершілікті ең әуелгі орынға қойған нар тұлғалы азамат.
Нарымбет Әбдібаевтың бұдан өзге де жасап жатқан игі істері мен арқалаған алғысы қаншама?! Бұл Нарымбет Тұлғабайұлы көрсеткен алғашқы немесе соңғы демеушілік те емес.
Осылайша ауданымыз-дағы жомарт жандардың демеушілік көрсетуінің арқасында өңірдегі барлы-ғы 40 отбасындағы 76 оқушыға «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілік көрсетілді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, дана халқымыз?! Осындай сауабы мол істер басқа да азаматтарымыздың көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға қолұшын беруіне септігін тигізері сөзсіз.
Анар НҰРҒАЛИЕВА, аудан əкімінің баспасөз хатшысы.