АЛҒЫСПЕНЕН ЕР КӨГЕРЕР...

IMG-20210506-WA0030.jpg


 «Рухы мен парасаты биік азаматты уақыт шіркіннің өзі еңкейте алмайды» деген тәмсіл ел аузында әлімсақтан бері айтылып келеді. Осы қанатты сөз бүгінгі таңда да өз құндылығы мен маңыздылығын жоғалтқан жоқ.

Жақында елімізге есімі танымал, Алматы облысының Құрметті азаматы, бақ дарыған Балқаш өңірінің мақтанышы һәм жанашыры Сырым Қасымұлы шалғайда жатқан Жиделі ауылы тұрғындарының еңсесін өзінің игі ісімен және ізгі пейілімен бір көтеріп тастады.

Елді елең еткізген есті ердің бұл қадамына қуанбаған жан қалмады десемде болады. Иә, осы жерде бүгінгі әңгіме кейіпкері, Атымтай жомарт жан Сырым Қасымұлының жүріп өткен өмір жолына бір сәт көз жіберуді мақсат тұттым.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында Жиделі совхозына бас бухгалтер болып жұмысқа келген болатын. Сол кездің өзінде-ақ ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, «Болайын деп тұрған азамат» екен деген атқа ие болғаны, күні кешегідей ел жадында.

Халықтың шын жүректен арнаған тілегі мен батасы қабыл болғандығы шығар, ауданымыздан басталған қызмет баспалдақтары Жамбыл облысы көлеміндегі жоғарғы лауазымды қызметтерде, кейіннен Алматы облысының Қаржы саласын басқаруымен жалғасты. Қай жерде жүрсе де өзінің парасаттылығы мен тектілігін әрі кісілігін көрсетіп жүретінін сыртынан естіп-біліп, іштей  сүйсініп жүретінбіз. Ұстамдылығы мен ақыл-ойын, сөйлеген сөзін ой елегінен өткізіп барып, қадам жасағанын көргенде басшылық қызметте жүргендер осындай дәрежеде болу керек шығар деуші едік. Менің топшалауымша халықтың аманатын арқалап, ауылдың, ауданның атын биікке көтеріп жүрген, айтулы Алаштың азаматтары осы біздің Сырым Қасымұлындай-ақ шығар?!

Пах, шіркін!- дейміз де. Осындай халқына қандайда бір шамалы болса да көмектессем деп қайырымдылық жасап жүрген азаматтар қайдан өсіп-өніп шығатынына зер салып, оның ата-бабасының жүріп өткен өмір жолына үңіле түсеміз.

Сырымның атасы Нұртаза Тоқпейісов  қазіргі Жиделі елді мекеніндегі сол уақыттағы «Калинин» және «Кагонович» деген колхоздарда Ауылдық Кеңестің төрағасы, колхоз председателі  болып жемісті қызмет атқарғаның, сол уақытта ауданға беделді тұлға болғанын көнекөз қариялар жиі айтып отыратын. Басшылық тарапы шаруашылығы кері кеткен колхоздардың еңсесін тіктеу үшін Тоқпейісов Нұртазаны жіберетін деген әңгімені бала кезден естіп өстік.

Ал әкесі Қасым Тоқпейісов  ұзақ жылдар бойы осы ауданның әр жерінде мектептің директоры лауазымын атқарып, аса беделді ұстаз болғаны және бар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде айтарым,  құрметті Сырым Қасымұлы! Мен осы жасқа (сексенге) келгенше баспасөз бетіне мақала жазып көргенім жоқ. Сенің бізден бұрын да Қарой, Көктал, Ақдала және Ақжар ауылдарына осындай көмек бергенінді естіген соң, еңбегіңе риза болып,  қолыма қалам алып отырмын.

«Қайырымдылық-қасиет» деген қанатты сөзді ата-бабамыз тегіннен-тегін айтпаған болар?! Күллі Жиделі ауылы халқының атынан ыстық ықыласымды білдіріп, ниетің қабыл болып, Алланың нұры жаусын деген тілегімді баспасөз беті арқылы жеткізуді жөн санадым.

 

Шәдіхан ӘПСАТОВ, ауданның Құрметті азаматы.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр