Үміткер жастарды жалындауға үндеді
Өңірдегі жастардың белсенділігі көз қуантады. Әр салада олардың алар өз биігі бар. «Жас келсе іске» деген. Ел президенті жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі елімізде басты назардағы мәселе екені белгілі. Осы проблеманы жою үшін елімізде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Әрбір отбасына «7-20-25» бағдарламасы аясында баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», т.б. бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағдарламалар арқылы жастардың белсенділігін арттыру ғана көзделмеген, олардың қоғам дамуына сүбелі үлес қосуына сеп болу айқындалған. Міне, осындай келелі тақырыпта облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Абдіжаппар Қыстаубаев аудан жастарымен кездесуінде қаузалды.
- Қазір жастар арасында көптеген мәселе бар. Тізбектесек, жұмыссыздық, кадр тапшылығы, жас мамандардың баспана байыбы, вандализм, жастардың қоғам өмірінен алшақтап кетуі, тағысын тағылар. Осы жайдың бәрі Жолдауда қамтылған. Мәселен, Ұлы Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демей ме? Міне, бар мәселенің бастауы жұмыссыздықтан басталады. Жастар арасында бұзақылық, вандализм, заңбұзушылық, әрі кетсек, жас отбасылардың ажырасуы. Міне, осындай мәселелерді болдырмау үшін жастарды жұмыспен қамтып, оларды қоғамға қажетті мамандықтармен қамту керек. Жұмыссыздықпен күресу үшін елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынуда. Жастар тартынбай сол бағдарламалардан өз үлесін алуы тиіс, сол бағдарламалар арқылы түйінді мәселелерін шешуі керек. «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасында жастардың жайын қалы қалдырмаған. Өйткені партия ел келешегі білімді жастардың қолында болуы керегін назарына алған, - деді Абдіжаппар Қыстаубаев.
Мұнан кейін үміткер «Nur Otan» партиясының ел келешегі үшін жасап жатқан келелі жұмыстарын баяндады. Шыны керек, нақ істер партиясы деген атқа ие партияның соңғы жылдарда атқарған шаруасы алуан. Бастысы халықтың жайына болысу, сол жолда аянбай еңбек ету нұротандықтардың басты борышы іспетті. Мәселен, кешегі пандемия кезінде елдегі жағдайы төмен отбасыларға жеті дүркін 50 мың теңгеден әлеуметтік көмек берді. Оңтүстіктегі ағайын табиғи апаттан зардап шегіп, мақтаралдықтар үйсіз-күйсіз қалғанда партия жасақтаған көмек керуені Мақтаралға ағылды.
Сөз соңында Абдіжаппар Қыстаубаев жастарды ел үшін маңызы зор сайлауда дұрыс таңдау жасап, ел келешегін жарқын етпек «Nur Otan» партиясына дауыс беруге шақырды.
Жұлдызай ОРАЗБЕКОВА «Nur Otan» партиясының Балқаш аудандық филиалының эксперті.