ҮЙ ішін ДҰРЫС ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ жолдары қандай?
Қазір тек Қазақстан ғана емес бүкіл әлем, қауіпті вирустан қорғанудың түрлі амал-айласын жасауда. Вирус жұқтырмаудың, оны таратпаудың бірден-бір шарасы ретінде үйден шықпау, қолды жиі жуып, залалсыздандыру жұмыстарын жасау қарастырылған. Залалсыздандыру жұмыстары әсіресе балалары бар үйлерге қажет-ақ. Сондықтан үйді мұқият тазартып, залалсыздандырып отыру үйдегі жандардың вирус жұқтырмауының алдын алады. Үй жағдайында үй ішін залалсыздандыру жұмыстарын қалай дұрыс жасау қажет? Бұл туралы төменнен біле аласыздар. Үй ішіне күнделікті ылғалды тазалық жұмыстарын жасау, тек қана ауру тудыратын бактерияларды жойып қана қоймай, үй ішінде жайлы тыныс алуға мүмкіндік береді. Үй тазартуға арналған химиялық залалсыздандыру құралдарының көптеген түрлері бар. Тек оны сатып аларда сыртындағы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығып, құрамындағы заттарға аллергияңыздың жоқ екеніне көз жеткізу қажет. Химиялық тазартқыш құралдарының ішінде бактерияны, вирусты, зеңдерді жоюға арналғандары және бағасы қолжетімді түрі - «Белизна». Оны көпшілік қыз-келіншектер киімді тазарту құралы ретінде пайдаланады және соған сай өз мөлшерін де біледі. Бірақ "Белизна" құралымен үй ішін тазартуға және ыдыс-аяқтарды да жууға болатынын көпшілігі біле бермес. Ол үшін 1 литр суға 60-100мл белизна құйып үйді де, ыдыстарды да жақсылап тазартып алуға болады. Ыдыстарды таза сумен 2-3 мәрте шайып алу керек. Маңыздысы: "Белизна" пайдаланған кезде, қолға қолғап киіп алу керек және ұзақ уақыт жұмыс жасағанда бетперде тағып алған жөн. Еңбектейтін балалары бар үйде еденді сүрткен соң артынан таза сумен шайып алу керек.
Қ.Айдарбекова, Балқаш аудандық Ұлттық сараптама орталығының нұсқаушы-дезинструкторы.