ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ – БАҚТЫОРАЗ

Ұлы Жеңіске-75 жыл!

ХАЛЫҚ  ҚАҺАРМАНЫ – БАҚТЫОРАЗ

Ресей батыры, Қазақстанның «Халық қаһарманы» Бақтыораз БЕЙСЕКБАЕВТЫҢ туғанына-100 жыл!

Екінші дүниежүзілік  соғыстың  адамзат тарихындағы ең   сұрапыл, жан түршіктірер алапатты шайқас болғаны әлемге жақсы аян. Тұтқиылдан шабуыл жасаған басқыншы жаудың бетін қайтарып, тойтарыс қоюға біркісідей жұмылғандардың қатарында Жиделі жерінің төл  перзенті, бүгінде туғанына-100 жыл толып отырған  Бақтыораз  Шәмпекұлы Бейсекбаев та бар еді. Оның мәңгі өшпес ерен ерлігі бүгінде ұлтымыз үшін үлкен мақтанышқа айналды. Еліміздің ұйқы-тұйқысын шығарған  қиян-кескі аласапыран соғыстың алтыншы күні Бақтыораз оқ тиіп, отқа оранған ұшағын жауыздардың  темір құрсаулы танк колоннасының үстіне бағыттап,  шүйіліп келіп,  найзағайдай  жай түсіріп, күлін көкке ұшырған  қайсар ұлан еді ол.

Балқаш өңіріндегі Жиделі елді мекені топырағының түлегі Бейсекбаев Бақтыораз Шәмпекұлы  1920 жылы жарық дүние есігін ашты.  Әкесі Шәмпек бақуатты шаруа адамы  еді. Бірақ Бақтыораз өз әкесінің атына емес, ағасы Бейсекбайдың атына жазылған. Оның себебі, 1927-1928 жылдары жүргізілген байларды кәмпескелеу науқанына орта шаруа иесі Шәмпек те ілігіп, мал-мүлкі тәркіленіп, солақай  саясат құрбаны болып, көп ұзамай дүниеден өтіп кетеді. Оты сөнген отбасы-жанұясында балалары  Бейсекбай, Бақтыораз, қызы Несібелі жетім қалады. Кейін Бақтыоразды жетім балалар үйіне жіберерде ауылдық кеңестің  төрағасы Түсіпов Атан оны «бай баласы» дегеннен сескеніп, ағасы Бейсекбайдың атына жаздырады.  Бақтыораздың бүкіл құжаттары Бейсекбаев болып толтырылып кете берген. Ата-анадан ерте айырылып, жетім қалған Бақтыораз ағасы Бейсекбай екеуі  туыстарының қолында күнкөріс қамын жасайды.

Бертін келе, 1927-1928 жылдары аралығында сол кездегі ауыл белсендісі, тоғызыншы  ауылдық кеңестің төрағасы Атан Түсіпұлы Бақтыоразды ағасы жоқта Іле стансасындағы жетім балалар үйіне жібереді. Сөйтіп  жеті жастағы бауыры Бақтыораздан ағасы Бейсекбай көз жазып қалады. Арада жылдар өткенімен, одан дерек болмайды.  Хабар да келмейді. Жол шалғайлығына қарай ешкім де іздемейді.

Ол кезде Іле өзені арқылы  кемемен ғана қатынасатын. Сол кемелердің бірімен Жиделі ауылынан  Рақымбай Бейсебаев деген кісі шаруашылық мәселесімен Іле көпіріндегі стансаға барады. Ол сол жерде бір орыстың жанында тұрған балаң жігіт Бақтыоразды көріп, тани кетеді. Қастарына жақындап, жөн сұрайды. Орысқа мына Бақтыоразды ағайындары көз жазып қалып, іздеп таба алмай жүргендігін түсіндіріп айтады.

Орыс Рақымбайды үйіне шақырады. Әңгімелеседі. Болған жайдың анық-қанығына көз жеткізеді. Осыдан соң ғана өкіл әкесіндей болып кеткен орыс Бақтыораздың еліне қайтуына қарсылық білдірмей, келісімін береді. Туған бауырлары Бейсекбай мен Несібелінің зар қағып іздеп жүргенін естіп-білген  Бақтыораз да елге қайтуға қуана келіседі. Рақымбай Бақтыоразды аудан орталығы Бақанасқа дейін ертіп алып келіп, жиделілік  ағайын Досмайылов Балтайға   туған ауылына Бақтыоразды жеткізіп салуды  тапсырады.

Бұл 1937 жыл еді. Ол кезде, яғни 1937-1938 жылдары Сарыкөмей ауылдық кеңесіне  қарасты Іле өзенінің төменгі сағасына қоныс тепкен  Құйған ауылына Қиыр Шығыстан кәрістер келіп, орналасып жатқан  болатын. Жетім балалар үйінде, одан соң орыс тәрбиесінде болып, орыс тілін жетік меңгеріп алған  Бақтыоразды жергілікті тұрғындар мен кәрістердің арасына  тілмаш етіп жібереді.

Зерек, ақылды, пысық, сауатты әрі  өр мінезді Бақтыораз кәрістердің үй салып, құрылыс жүргізуіне, балық шаруашылығымен шұғылданып, егіс, бау-бақша егу жұмыстарын ұйымдастыруға пәрменді ықпал жасап, пысықтығын танытады. 1938 жылы 18 жасқа толған Бақтыораз жерлестерімен бірге әскер қатарына шақырылады. Осы кезде ол, Екінші дүниежүзілік  соғыс алапаты басталғанға дейін,  Латвияда әскери азаматтық борышын аткарған ұшқыш – экипаж командирі Александр Спридонович Масловпен  танысқан секілді. Оған дәлел  Бақтыораздан 1941 жылға дейін Бейсекбайдың үйіне, оның жұбайы Әсембала мен қызы Тұмаркүлге  сиректеу болса да хаттары мен суреттері келіп тұрған. Өкініштісі сол, хаттары сақталмаған. Жалғыз суреті жыртылмай-жоғалмай сандықта  сақталынып қалыпты. Сол суреттің бірі Латвиядан келген. Оның  сыртына: «1940 жыл, 4 маусым» деп көрсетілген. Бұл дерек экипаж  капитаны А. Масловтың кейбір  дәйектерімен дөп келеді. А. Масловтың қызы Ира Александровна Гурная (Маслова): «Мама говорила – отец летал в Латвию после присоединения. Есть дома вещественные  доказательства. Папа купил в Риге небольшой ковер. Это четко помню," – деп еске алады.

Сұрапыл  соғыс дабылы дүниені дүрліктірген шақта А. Масловтың экипажындағы В. Балашов, Б. Бейсекбаев, Г. Реутов  бар 42-ші әуе дивизиясы құрамындағы 207-ші авиация полкі алғашқы күннен ұрысқа кіруге сақадай сай тұрған-ды.  Құйындай ұйытқыған арпалысты соғыстың бесінші күнінде, яғни 1941 жылғы 26 маусымда Смоленск маңындағы Бороновское әуежайынан 42-ші алыстан бомбалаушы әуе двизиясының 207-ші полкіне Минскіден батысқа қарай қырық шақырым жердегі Радошкович қыстағының аймағындағы немістердің танкілерін аяусыз бомбалау міндеті жүктелінеді.

Құмырысқадай қаптаған жаудың бекініс   шебіне  төбеден тұтқиылдан оқ жаудыруға нақты тапсырма алған Маслов пен Гастелло басқарған екі экипаж соғыс өртінің тұманы торлаған көгілдір  әуеге  бұйрық бойынша бір мезгілде  көтерілген. Екеуі де қиян-кескі  әуе шабуылынан қайтып  оралмаған. Сол кездегі шабуыл барысынан берілген дабылды ақпараттардың бірінде былай делінген:  "26 июня – очередной черный день. Погибло 15 экипажей! Осталось — 12... В этот день на базу не вернулись командиры. Ведомые капи¬тана Гастелло, летевшие с ним в паре старший лейтенант Воробьев со штурманом лейтенантом Рыбасом, прибыв на базу доложили, что их командир «направил обьятый пламенем самолет в самую гущу танков». Ведомый же капитана Маслова сообщил, что его самолет «отлетел в сторону леса». После этих донесений один стал легендарним, другой – по сей день никому не известен» («Известия», 1997 жыл, 28 каңтар.) Кейіннен жасалынған  әскери құжаттардың бірінде: «По вос¬становленной надписи на документе, хранив¬шемся в пластмассовым футлярчике, который Вы обнаружили при вскрыти братской могилы, было установлено, что данный документ принадлежала ст. сержанту Реутову Григорию.  Г. В. проходил службу в должности воздушного стрелка-радиста в 207 авиавоздушном полку. ...Вместе с ним на самолете были капитан Маслов Александр Спиридонович, лейтенант Балашов Владимир Михайлович и младший сержант Бейксбаев Бахтурас... п.п. Зав. Административным отделом ЦК КП (б) Белорусси – Перепелицын” деген деректі келтіреді.

Александр Масловтың экипажының  өрт-жалынға оранып құлаған  аласапыранды оқиғаны өз көзімен көрген М. В. Соколов: «Мне было тогда 12 лет. В этот день пас коров. Послышался гул самолетов. Со стороны солнца к перекрестку дорог, по которым двигались танки, мотоциклы, идут два бомбардировшика. Немецкая зенитная батарея открыла огонь. Один  из самолетов загорелся и начал снижаться. Второй  пошел дальше. ...В первый день по-боялся подойти. Думал, вдруг там какое-нибудь устройство. На второй день не вытерпел – сбегал, посмотрел. Развороченный самолет, кровавые останки. Через несколько дней там же  захоронили» («Столичное обозрение», 5 маусым) деп баяндайды. Кейін ұшақ құлап түскен осы жерді қазып, зерттегенде Николай Гастеллоның емес, керісінше Александр Масловтың экипажына тән  айғақты заттар табылады. Олар: күнге карсы киетін көзәйнек, бәкі, капитан А. Масловтың жазу үстелі мен пәтерінің кілттері және Григорий Ретуовтың жауынгерлік медальоны мен басқа да бұйымдары топырақтан аршып алынады.

1997 жылы 28 мамырда «Известия» газетінде жарық көрген «Два капитана», горькая правда о Гастелло, гастелловцах и о многом другом» деген такырыппен жарияланған журналист  Эд. Поляновскийдің көлемді мақаласында  ащы шындық нақты айтылады. Тоқетеріне тоқталсақ,  қаныпезер  жаудың танкілері  колоннасын найзағай жасынындай оттың қызыл жалынына ораған Александр Маслов басқарған экипажы атқыштары қаһармандық  ерен  ерлік көрсетеді. Бірақ бұл ерлік  коммунист Николай Гастеллоның атына  тіркеліп, шындық бұрмаланып,  Н. Гастеллоның ерлік деп көрсетіліп,  барлық Кеңестер Одағы халқына ерекше дәріптеп, жоғары бағаланып кете барған. Ол ерліктің совет жауынгерлеріне өнеге үлгісі ретінде  кереметтей насихатталынғанын сол кезеңде өмір сүрген аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі.

Шынайы шындық кейінгі кезде  Гастелло экипажы құрамын  қайта жерлеуді қолға алған шақта ашылады.  Мәйіттерден Александр Маслов басқарған экипажының  құрамындағы ұшқыштардың құжаттары табылған. Бірақ ол кезде Гастеллоның ерлігі Кеңестер Одағына түгелдей таралып кеткендіктен және коммунист атына берілген ерлікті Коммунистік партия кері  қайтаруға  саясат тұрғысынан келіспей,   ақиқат айтылмай, қалтарыста қалдырыла берген ғой.

Арада он жыл өтеді. 1951 жылы 12 мамырда Белоруссия мемлекеттік әскери мұражайының директоры Шучкий Молодечненский облыстық атқару комитеті төрағасының атына «құпия» деген белгімен хат жазып, Радошковичи қыстағының  маңына құлаған Гастелло басқарған ұшақ экипажының мүшелерінің мәйіттерін орталық зиратқа әкеліп қайта жерлеу жөнінде ұсыныс жасайды. Директордың ойында имандылықтан өзге ештеңе жоқ, Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері қаһармандықпен қаза болған ерлерге жаңа ескерткіш орнату ғана пиғылы бар еді. Мектеп оқушылары, әскери адамдар, зиялы қауым өкілдері  қатысқан осынау жиынның көзінше Гастеллоның қабірі қазылады. Қабір ішінен Гастеллоның емес, Масловтың мәйіті шыққанда, осында тұрғандардың бәрі аң-таң күй кешеді. Қап-қара боп күйген қаңқа сүйекте қол мен аяқ жоқ еді. Есесіне мәйіттің бойынан Масловқа тиесілі көзөйнек, пәтердің кілті, тағы басқа заттар табылады. Қабірі ішінен бір медальон көзге түседі. Ол аздай Маслов экипажының атқыш-радисі, аға сержант Г. И. Реутовтың құжаттары салынған жеке футляр да бүзылмай сақталған екен. Естерінен тана жаздаған жұрт, іштерінде басшы қызметкерлер де бар, бұл шындықты айтып, ресми орындарға қатынас қағаз жаза бастайды.

СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Қорғаныс министрлігіндегілер бұл шындықты білсе де, кеңес өкіметінің тастай қатқан идеологиясына зақым келмеу үшін «жабулы қазанды жабулы» күйінде қалдырады.. Дегенмен, пластмасса футлярдағы құжатта көрсетілген  Г. В. Реутовтың 1918 жылы Чкалов облысындағы Кулагино деревнясында туғаны, 42-ші әуе дивизиясының 207-ші полкінің атқыш-радисі қызметінде болғаны және Кеңес Армиясының есепке тіркеу мәліметі бойынша «1941 жылғы 26 маусымда хабар-ошарсыз кеткені» толық анықталған еді. Осы дерек басқа да ақиқаттың бетін ашты: бұл экипажда онымен бірге капитан Маслов (Мәскеу облысы, Коломенск ауданының тұрғыны) лейтенант Балашов (Горький қаласының тұрғыны) және кіші сержант Бейсекбаев Бахтурас (Алматы облысы, Іле ауданының тұрғыны) — бәрі бір сапта болып, 1941 жылы 26 маусымда ДБ-ЗФ бомбалаушы ұшағымен әскери тапсырманы орындаудан полкқа қайта оралмаған.

Бұл ақиқатты мойындату үшін талай адамдар тер төкті. Масловтың жесірі Софья Евграфоновнаға күтпеген жерден мынадай хат келеді: «1941-жылы 26 маусымда ерлікпен қаза тапқан экипаж қалдығы табылды. Олардың арасында Александр Спридонович Маслов та бар… Ержүрек экипаж қалдықтары Радошковичи орталығына ауыстырылып, көмілді». Күйеуінің ерлікпен қаза тапқаны  анықталып, өзі де, қызы да мемлекеттен жәрдем ала бастағанына қарамастан, елеусіз қалған ерінің намысы үшін С. Е. Маслова ашық айқасқа шығады. Бұл күреске 30 жыл өмірін арнаған прокуратура тергеушісі Василий Харитонов деген азамат өзі дүниеден өтерінде Жуковский атындағы әскери академияны тәмамдаған ұлы Эдуардқа осы істі аяғына дейін жеткізуді аманат етіп тапсырады.

Әскери шені майор, мамандығы инженер Эдуард Харитонов, құдай сәтін салғанда, 1991 жылы Коломна қалалық кеңесінің депутаты, КСРО халық депутаты, Қауіпсіздік жөніндегі комитеттің төрағасы Владимир Яковлевич Стадникке көмекші болып тағайындалады. Бұл кезде  С. Е. Маслова да, өз әкесі В. Харитонов та шындықтың түбіне жете алмай, дүниеден арманда кеткен еді. Бірақ Эдуард Харитонов мақсатына жету жолындағы талпынысынан танбады.  . Маслов экипажының мүшелері туралы туған жерлерінен деректер жинады. Әскери әуе атқышы Бахтурас Бейсекбаевтың (Ресейдегі құжатта солай делінген) — ұлты қазақ, туған жері Алматы облысы, Іле ауданы екені ескеріліп, Қазақстан Президентіне де арнайы хат жолдайды…

Э. Харитонов өз жазбасында мынадай жайды еске алады: «Ресей Мемлекеттік Думасында бір комитет төрағасының референті Гущинге кездестім. Менде Ельциннің атына жазылған 4 беттік хат бар болатын. Онда Масловтың орнына Гастелло батыр атағын алған делініп жазылған еді.

Гущин:  «Сіз өзіңіз не жазғансыз?.. Егер хатты Дума төрағасы Иван Петрович Рыбкин арқылы тапсыратын болсақ, орынды» деген сөзді, сондай-ақ ұшқыштар арасында басқа да қарсы пікір туғызатын сөздерді алып тастаңыз. Рыбкинге төрт беттен аспайтын, ал Рыбкиннің атынан Ельцинге бәрін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу қажет» деді. Мен бұған келістім. Ельциннің атына: «Бір күнде, бір ұрыс кезінде сәл ғана ертерек Масловтың экипажы Гастеллоның жасаған ерлігіндей өзінің отқа жанған ұшағын немістің зенитті артиллериясына қарай бағыттап, осылайша отты таран жасады» деп, тұжырымдап қана хат жаздым.

Капитан А.  Масловтың әйелінің үзбей ізденуінің нәтижесінде шындықтың беті 1951 жылы айқара ашылады. Экипаж командирі А.  Масловтың қабірден табылған заттарының музейге қойылғанына қарамастан, нақты шындық бүркемеленіп, жария етілмей, бұрмаланған  қалпында қалып келген шынайы шындықты   Ресей Федерациясының Президенті Борис  Ельцин мойындап,  1996 жылғы 2 мамырдағы Жарлығымен «Неміс-фашист басқыншыларымен күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін В. Балашовқа, Б. Бейсекбаевқа, Г. Реутовқа «Ресейдің батыры» атағы берілді. Осыған орайластырып Қазақстан Республикасының  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы мамырдың 6-сы күнгі Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік  соғысындағы ерлігі мен қаһармандығы үшін кіші сержант Бақтыораз Бейсекбаевқа (марқұм) «Халық қаһарманы» атағы беріліп, Екінші дүниежүзілік  соғысы кезіндегі жерлесіміздің ерен ерлігі жаңғырып, қаһармандығы тарихқа  алтын әріппен жазылды.

Капитан А. Маслов басқарған экипажының  құрамындағы қаһарман қазақ Бақтыораз Бейсекбаевты  (Бахтураз Бейскбаев деп жазылған) іздестіруде, тарих түлегін тірілтуде «Егемен Қазақстан»  газетінің журналист-қызметкері  Мейрамбек Төлепбергенов  бастаған Казақстанның ақпарат құралдары көп еңбек сіңірді. Көптеген дәлелдеу мақалалары жарияланды. Ақырында жалғыз суреті басты дерек болып, баһадүр батыр Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты  Жиделі ауылының  перзенті екені нақты  анықталды. Шындық осылай салтанат кұрып, қазақ халқы баһадүр батыры,  қаһарман ұшқыш ұланы Бақтыораз Бейсекбаевпен қайта қауышып, рухы  асқақтады. Ел есінде мәңгілік сақталар өшпес ерлігі тек 57 жылдан соң ғана тарих бетіне Алтын әріппен таңбаланды. Бұл батырдың жерлестерін – бүкіл қазақ елінің мәртебесі мен мерейін аспандатқан қуанышқа ұласты.

Екінші дүниежүзілік  соғыс кезінде хабарсыз кеткен Кеңес жауынгерлері іздестіріліп анықтала бастады. Елге қайтпаған боздақтардың қатарында Балқаш ауданынан соғысқа аттанған азамат Бақтыораз Бейсекбаев  та бар еді. 1998 жылға дейін ол хабарсыз кеткендер қатарында саналып, ел-жұрты, ағайын-туыстары еш дерегін таппаған.

Бақтыораз  Бейсекбаев туралы тарихи шындық 53 жыл өткеннен кейін ғана салтанат құрып, туған елі батырын тапты. Бақтыораз  Жалайырдың Шуманағынан тарайтын Нұрқожа, одан Тоқтыбек, одан Байшегір бабаның кіндік баласы Келменбетінен өрбитін Байназарының Теңізбай тегінің Айбас атасының ұрпағы Шәмпектің  перзенті  екені анықталды.

Жарты ғасыр өткеннен кейін дерегі нақты анықталғаннан кейін Бақтыораз Бейсекбаевқа  халықтың құрмет-қошеметі көрсетіліп, адам таңғаларлық  ерен ерлігі ұрпаққа ұран, үлгі-өнеге ретінде дәріптеліне бастады. «Атамұра» корпорациясы ас беріп, республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды. Журналист Мейрамбек Төлепберген батыр өмірін жан-жақты зерттеп, кітап шығарды. Алматы қаласындағы  «Атамұра» корпорациясының  Президенті Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед халық қаһарманының рухына арнап дұға жасатып, ас беріп, республикалық     ақындар   айтысын   ұйымдастырды.  Балқаш ауданының орталығы  Бақанас ауылындағы  орта мектептің бірі  Ресей Батыры, Қазақстанның «Халық каһарманы» Бақтыораз Бейсекбаевтың есімімен аталып, батырға ескерткіш орнатылды. Туған жері Жиделі ауылындағы мектепте де ескерткіші бой көтерді. Сұрапыл соғыста Халық қаһарманы атанған Бақтыораз Бейсекбаевқа және Жиделі ауылынан майданға аттанып, қанды ұрыста  қаза болған барлық ержүрек азаматтарға  құрмет көрсетіліп, есімдері құлпы тасқа ойылып жазылып,  рухына көпшілік бас иетін орынға айналған.

Елу бес жылдан кейін ерлігі мойындалған Халық қаһарманының атына Елордада  көше аты берілді. Оның жалпы ұзындығы – 1839,7 метрді құрайтын бұрынғы Жуковский көшесі 1999 жылдың шілдесінде Бақтыораз  Бейсекбаев көшесі болып қайта аталды. Бұл көше Жәнібек Тархан көшесінен басталып, А Иманов, Кенесары, С. Сейфуллин көшелерімен, Абай даңғылымен қиылысып, Ш. Жиенқұлова  көшесінде аяқталады.

Ресей батыры және Қазақстанның «Халық қаһарманы» атанған Бақтыораз Шәмпекұлы Бейсекбаевтың туғанына  биыл 100 жыл толып отыр. Осыған орай Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында  Бақтыораз Бейсекбаевтың мерейтойына орайластырылып батыр құрметіне арналған спорттық ойындар және басқа да мерекелік шаралар  ұйымдастыру қолға алынды. Мұның өзі батырдың өшпес ерлігінің мәңгілік екенін  айқындай түсетіндігі анық.

Әли ЫСҚАБАЙ,

Қазақстан Республикасының еңбек

сіңірген мәдениет қызметкері,

Алматы облысының Құрметті азаматы,

Қазақ журналистикасының қайраткері.

На изображении может находиться: 1 человек, часть тела крупным планом

Нравится

Комментировать

Поделиться


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр