ШАЛҒЫНҒА ШАЛҒЫ ТҮСТІ

ШАЛҒЫНҒА ШАЛҒЫ ТҮСТІ

Қысқы мал азығын дайындау-бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі. Көктемгі егін егу жұмыстарын ойдағыдай аяқтаған аудан диқаншылары «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, маусымның алғаш-қы күнінен-ақ шалғынға орақ салып, жылдағы дәстүрге сай шөп ору жұмыстарын бастап та кетті. Қар-балас жұмыстың қарқынын көзбен көріп, дала төсін дүбірге бөлеп, еңбектің қара қазанын қайна-тып жатқан пішеншілердің жұмыс жайымен жақын танысу мақсатында осы аптаның сәрсенбісі күні  аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев және аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге «Агрофирма Бірлік» ЖШС-нің егіс алқабына барып қайттық. 

Біз арнайы атбасын бұрған аталмыш шаруашылықтың шөп бөлімшесінің еңбеккерлері күннің аптап ыстығына қарамастан шүйгін шөпке шалғы сермеп, шаруаларын дөңгелетіп жатыр екен. «Агрофирма Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігінің директоры Алмас Қыстаубаев өзінің орынбасары Аршын Жақыпов және шаруашылықтың механизаторлары Таңжайық Тайбақов, Мейрам Сыдықов, Мұрат Құлманбетов және Самат Қосаумасов өзара жұмыс жоспарын  талқылап жатыр екен.

Шаруашылық басшысы Алмас Қыстаубаев әңгіме барысындағы сөзінде биылғы шөптің шүйгін өскені көктемгі жаңбырдың молшылығы десе,  ал Аршын Жақыпов былтырғы жылы себілген жоңышқа тұқымының сапалы болуы деп, тәжирбелі ойларын ортаға салып, мол өнім алатындарына сенім білдірді.

Аудан көлемінде үнемі алдыңғы қатарда бой көрсетіп жүрген шарушылық биылғы жылы өздеріне тиесілі егіс алқабының 1600 гектарына күріш, 1650 гектар жерге бидай, дәнді- дақылдар ексе, 20 гектарға картоп отырғызыпты. Ал  көпжылдық шөп 2300 гектар жерге егілген екен. Аталған жоңышқалық алқаптың бүгінгі таңда 1200 гектарына шалғы салынса, шабылған шөптің  600 гектарынан 2000 дана рулон бастырылып, 300 гектарынан 2500 тонна сүрлем дайындалып, қысқы мал азығын әзірлеу осы бастан қолға алыныпты. Осылайша жыл басынан жоспарланған жұмыстың бастапқы жүйесіне кіріскен олар қысқы мал азығын жеткілікті етіп дайындау үшін күрең күзге дейін 20 000 дана рулон, 8000 тонна сүрлем әзірлеуді жоспарлап отыр екен. Әрине ол үшін алдағы айлардағы екінші және үшінші орылымдарды ойдағыдай аяқтап, мол өнім алу  қажет.  

Шаруашылық басшысы Алмас Қыстаубаевтың айтуынша, жуырда ғана қомақты қаражатқа екі дана «YTO x1304» тракторы мен  «YTO x 9909» комбайны сатып алыныпты. Биылғы шөп ору науқанында жаңа тракторлар қолданысқа еніп, шаруашылықтың жұмыстарын әлдеқайда жеңілдетсе керек-ті. 

Осыдан кейін Бауыржан Темірғалиұлы аталмыш шаруашылықтың егіс алқабын аралап, жайқалып өсіп тұрған бидайға зер салып, шаруашылық басшыларымен  бидайдың өнімділігі жөнінде әңгіме өрбітті.

Мұнан соң жаңадан егіліп, суғарылып жатқан күріш алқабын аралап, су мәселесіне байланысты да сөз қозғады. 

Өсіріп ортырған төрт-түлікті қыстан аман сақтап, оларды ойдағыдай төлдетіп, мал басын көбейту үшін алдымен қысқы мал азығын жеткілікті етіп әзірлеу-әлімсақтан келе жатқан қағида екені белгілі. Осы өзекті мәселені басты назарда ұстаған шаруашылық иелері қыстың қамын қазірден бастап, мал азығын дайындау жұмыстарын ойдағыдай атқаруда.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр