ТҰҢҒЫШ ПАРТКОМ ХАТШЫСЫ

Ел есіндегі есім

ТҰҢҒЫШ  ПАРТКОМ ХАТШЫСЫ

(немесе өмірінің өзекті кезеңдерін жаңа арнаға арнаған абзал жан туралы)

Биыл өзінің құрылғанына 50 жыл толып отырған Қапшағай қаласының құрылу тарихына өзіндік үлес қосқан жандардың арасында киелі Балқаш топырағында дүниеге келіп, аудан, облыс, республика дәрежесінде келелі қызмет еткен аяулы жандардың бірі, Қапшағай су электр станциясы құрылысының тұңғыш партия комитетінің хатшысы болған Кеңес ХАЛЫҚҰЛЫ ағамызда болған еді.Бүгінде алыстап кеткен сонау тарих ананың тегіршігін кейін бір айналдырып көрсек сол кезде Бүкілодақтық екпінді құрылыстардың біріне айналған Қапшағай су- электр станциясының құрылысы, Қапшағай су қоймасы, сол су қоймасының жағалауынан бой көтерген жасампаз жас қаланың бір- бірімен үйлесім тауып, бір мезетте бой көтеруіне Кеңес аға секілді өз ісіне шын берілген, іскер мамандардың да қолтаңбалары қалып, сондай азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткенін көрер едік.

1967 жыл мамыр айында Алматы Жоғары партия мектебін бітірген жас маман Кеңес Халықұлын облыстық партия комитеті Қапшағай су- электр станциясының партия комитетін басқаруға жолдама береді. Яғни Кеңес аға СЭС құрылысы партия комитетінің босатылған хатшысы болып сайланады. Сөйтіп сол жылдары Одақ бойынша екпінді құрылыс атанған СЭС құрылысының тұңғыш партком хатшысы болып тарихта ізі қалады. Осы лауазымға тағайындалар алдында Кеңес Халықұлы Алматы облыстық партия комитетіне шақыртылып, сол жерде обком бюро мүшелерінің алдынан жеке- жеке әңгімелесуден өтеді. Соңынан сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқарұлы Асқаровтың өзі қабылдап , бұған үлкен сенім артылып отырғандығын, бұл үлкен құрылыстың өзі СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комиттінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың тікелей бақылауындағы үлкен құрылыс алаңы екендігін баса айтады. Кеңес Халықұлын жаста болса үлкен сенім артып, осындай жауапты жұмысқа жібергенде оның негізгі мамандығы инженер- электрик екендігі жете ескерілсе керек. Оның үстіне Қазақ Мемлекеттік ауылшаруашылық институтының ауылшаруашылығын электрлендіру факультетін 1959 жылы үздік бітіріп, өзінің алғаш еңбек жолын өзі туып өскен Балқаш ауданындағы “Қарой” совхозында инженер- электрик болып бастап, жаңадан құрылып жатқан совхозды электрлендіруде жас маман көп тәжірибе жинақтайды. Әрине, ол кез механиэация және электрлендіру деген шалғайда жатқан ауданда, оның ішінде түкпірдегі ауылда енді- енді қолға алынып жатқан кез. Осы кезде жас маманның өз іскерлігімен алғаш көзге түскен кезі болса керек. Жас маманды көпке ұзатпай, 1961 жылы Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына электрлендіру, байланыс және жаңа техника жөніндегі бас инженерлік жұмысқа шақырып, тағайындайды. Мұнда тіптен жұмыс көлемі он есеге дейін ұлғаяды. Ол кезде де қазіргідей екі облыс біріктірілген. Облыс көлемі өте үлкен болатын. Соған орай жұмыс көлемі де орасан зор болатын. Үлкен, ірі шаруашылықтарда өндірісті механизацияның, электр қуатының, жаңа техниканың көмегінсіз атқару мүмкін емес еді. Сондықтан бұл іске жете мән берілуі заңды құбылыс болатын. Тіпті әр совхоздағы электр жүйелерінің ұзындығы, пайдаланатын электр қуатының мөлшері, жұмыс істейтін электр қондырғыларының саны жөнінде статистикалық есеп жүргізілетін. Сол кездерде шаруашылықтарды электрлендіру екі жолмен жүзеге асырылды. Біріншісі, оларды мемлекеттік электр жүйелеріне қосу, екіншісі- ұлкен қуатты дизель электр стансаларын орнату. Біріншісі қала маңындағы аудандарда, екіншісі шалғай, алыс аудандарда уақытша шара ретінде жүзеге асырылды. Ал осылардың бәрін перспективалық жоспар бойынша әр жылға жоба- сметалық құжаттарды дайындап, электр жүйелерінің жылдық жоспарын және қосылатын шаруашылықтарды белгілеп отыру Кеңес Халықұлы жетекшілік ететін бөлім атқаратын. Сол кездегі жастық жалынмен, күндіз- түні бір тынбай еткен еңбегі оның кейіңгі қызметтерінде үлкен көмегін тигізе білді. Өмірден алған тәжірибесі өзекті мәселелерді қиналмай шешуде өзінің қолғабысын тигізе білді.

Осындай өмір тәжірибесін молынан жинақтаған жас маманның Одақ дәрежесіндегі үлкен су электр станциясына партком хатшысы болып тағайындалуы заңды да еді.

Атай кетпеске болмайтын бір мәселе, аға ұрпақ өкілдерінің әлі есінде болар, жобалау жұмыстары басталған кезде СЭС құрылысын салу, салмау жөнінде ақпарат құралдары беттерінде қызу пікірталас өрістеді. Бұл пікірталас негізінен төрт министрлік арасында өрбіді, әрқайсысы өз салаларының мүддесін қорғап жатты. Олар энергетика және электрлендіру, ауыл және су шаруашылықтары, балық шаруашылығы министрліктері еді. Біріншісі энергия көзінңі өте арзандығын, өзін тез ақтайдындығын, қалғандары Іленің төменгі ағысының фаунасына, Балқаш көліне көп зиян келетінін дәлелдеп бақты.Айта кету керек, Іленің төменгі ағысының бойына біраз зиян келетіні шындық та еді. Бірақ жобалау жұмыстарында СЭС құрылысы салынуымен қатар, Іленің төменгі жағында бір бағытта үлкен жұмыстар жүргізу көзделген.

Сонымен 1963 жылдың көктемінде Ертіс өзенінде Өскемен, Бұқтырма СЭС құрылыс жұмыстарын жүргізген, Одақтық Министрлікке бағынатын “Иртышгэсстрой” құрылыс басқармасынан құрылысшылар жасақталып, Іле поселкесінен 12 шақырым жерге бірінші десанттар келді. Құрылысшылар алдымен тұрғын үй, коммуналдық, сауда, мәдени обьектілер салуға кірісіп, айналасы 3-4 жылдың ішінде кейіннен Новоилийск аталған құрылысшылардың уақытша поселкесі пайда болды. 1967 жылы уақытша поселе құрылысы негізінен аяқталып, СЭС құрылысына керекті материалды- техникалық базаны дайындау жұмыстары қызу басталған кез еді. Бір сөзбен айтқанда, Іле арнасын бұғалықтау үшін үлкн шабуылға дайындық басталып кетті. Дәл осы уақыт Кеңес Халықұлыны ң СЭС жұмыстарында партиялық басшылық жасау кезеңінің бастау алар кезеңі болып саналады.

1969 жылдың наурыз айында Қапшағай су- электр станциясының құрылыс жұмыстары басталғалы атқарылған жұмыстары мен алдағы іс- жоспары төңірегінде және су- электр станциясының қазан шұңқырын дайындау жұмыстарына баса назар аудару мәселесін қараған Алматы облыстық партия комитетінің бюро отырысы болады. Бюро мәжілісін Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың өзі басқарады. Бюрода Қапшағай су- электр санциясы партия комитетінің хатшысы Кеңес Халықовтың кешенді есебі тыңдалып, ол осы уақыт аралығында өзінің атқарған жұмыстары төңірегінде бір сағатқа жуық баяндап береді. Жас парторгтің іскерлігі мен шешендігіне дән риза болған бірінші хатшы бұның жұмысына жақсы баға бере келе, практикалық көмек ретінде біраз шаралар белгілеп береді. Осы бюроның қаулысымен облыстың селолық аудандарынан 500 комсомол жастар жіберу туралы шешім қабылданады. Ондағы мақсат болашақта жас қаланың тұрғылықты тұрғындарына айналып, өнеркәсіп, құрылыс орындарының мамандары болып қалуды көздеген болуы керек. Ал, сол жас мамандардың деншілігінің қазақ жастарынан болуына Кеңес Халықұлының сіңірген еңбегі өзінше бір төбе.

Су электр станциясын салумен қатар бұл басқармаға болашақ қала құрылысын да жүргізу қосымша жүктелген болатын. Оны жүргізетін бөлімше азаматтық- өндірістік құрылыс басқармасы болып құрылып, жұмыс көлемі өсірілді. Енді бұл осындағы Кеңес Халықұлы жетекшілік ететін парткомның да жұмысының ауқымын күшейтті. Жұмысшылар саны артқан сайын құрылыста еңбек етіп жүрген коммунистер де көбейе түсті. Бұрыннан еңбек етіп жүрген коммунистердің санын осындағы еңбек озаттары мен жас комсомол мүшелері толықтыра түсті. Ол кезде коммунист адамға жүктелер міндет те, абыройда зор еді ғой. Кеңес Халықұлы қолынан іс келетін коммунистерді СЭС тегі жауапты орындарға батыл жоғарылатып отырды .Партиялық мұндай ұйымдастыру жұмыстарын Кеңес аға жеке дара, бір өзі атқарды деген ойдан аулақпыз. Ол кезде Қапшағай Іле ауданына қарайды. Іле ауданында аудандық пртия комитетінің бірінші хатшысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, партия, кеңес қызметтерінің білгірі Қазтай Ұлтарақов. Аға қандай бір күрделі іске барар да үнемі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен, кеңесіп, ақылдасып отырғанын кейінгі бір әңгімелерінде өзі де айтып отыратын.

Кеңес Халықұлы қызмет еткен басқарма болашақ қаланың бірінші мөлтек ауданын аяқтап, орта мектеп, балалар бақшасын, сауда- қоғамдық орталықты іске қосады. 2-3 мөлтек аудандарының құрылыстары жалғастырылады. Бұлардың алдарында бұл жұмысты да тез жүргізу міндеттері тұрады. Себебі Іле өзені арнасының бекітілуіне және болашақ су қоймасына су жинау басталуына және 15 мың халық тұратын ескі Іле поселкесінің су астына кетуіне байланысты, оның тұрғындарын тез көшіріп, тұрғын үймен қамтамасыз ету керек болатын. Сонымен қатар бұл басқарма элеватор, балық комбинаты, өзен порты, тұрмыстық комбинат, жылу орталығы құрылыстарын жүргізді. Міне, мұның бәрі айтуға оңай болғанмен, оның ар жағында адам күші деген құдірет тұрған еді. Сол адам күшін тиімді пайдаланып, дұрыс бағытта жұмылдыра білуде саяси жетекшінің біліктілігі мен білімінің қажет екендігін өмір өзі көрсетті де.

СЭС құрылысы барысындағы бірінші үлкен оқиға- қазан шұңқырына алғашқы бетон құю жұмысы болды десек қателеспесбіз. Іле арнасынан бөлініп алынған қазан шұңқырды бекітіп, одан суды тұрақты насостармен құрғатып тұру үшін Кеңес Халықұлы өзі бас болып, күндіз- түні кезекшілік қойып, қашан дайындық жұмыстары біткенше бір тыным таппайды. Егер қазан шұңқырға су толып кетсе істеген ісіңнің бәрі зая болғаны. Себебі бетон тек құрғақ жерге төселуі тиіс.

Көптен күткен оқиға да келді. 1969 жылдың 20 маусымында СЭС үйі қазан шұңқырына алғашқы бетон құю салтанаты болды. Бұл рәсімге СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев, Республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы Мәсімхан Бейсебаев, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қатысты. Бұл оқиға Кеңес Халықұлының өміріне өшпестей із қалдырып, мәңгілік жадында сақталып қалды. Сол жерде тұрып Димаш Ахметұлының арнайы дайындалып, текст жазылған болат ақ пластинканы қазан шұңқырдың түбіне өз қолымен қойып, бетон құюға рұқсат бергенінің куәсі болды. Үлкен кісінің “той болсын” деп күміс тиыннан шашқан шашуынан көпшілікпен бірге таласа- тармаса тәбәрік деп тиын жинағанының өзі қандай ғанибет еді, шіркін!

Ағалар қолының табы мен, аяғының ізі қалған, бүгінде айдынды Қапшағай теңізінің жағасында жайнап өскен Қапшағай қаласының еліміз үшін, халқымыз үшін сіңірген еңбегінің зор болғандығын ешкім жоққа шығара алмас.Бір кездегі сәуегейлікпен Іленің арнасы байланған соң су аяғы құрдымға кетеді деген жел сөздің бәрі бос сөзге айналып, Балқаш ауданындағы Ақдала алқабы, Талғар ауданындағы Шеңгелді, Малайсары алқаптары су қоймасынан суғарылып, қаншама жаңа шаруашылықтар бой көтерді. Бұған қоса болашақта Қапшағай су қоймасыныан үлкен құбырлар арқылы суды Балқаш ауданындағы Қарой алқабына жеткізу жоспарының да болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Бір кездерде Іле суын бұғақтасақ көп зиян шегеміз деген сәуегейлердің дәлелдері қисынсыз болып, Алматы облысының Балқаш ауданынан жартылай шөлді- шөлейтті Ақдала алқабы игеріліп, күріш өсірумен айналысатын 5 совхоз құрылды. Бұл совхоздар 1966 жылы Қапшағай су қоймасының ірге тасы қалана бастаған кезе құрылған “Бақбақты”, одан сәл кейінірек бой көтерген Октябрьдің 50 жылдығы атындағы совхоз, одан соң іркес- тіркес құрылған “Ақдала”, Тыңның 25 жылдығы атындағы және “Жеңіс” күріш совхоздары артта қалған ауданның экономикасын көтеріп, Республикадағы алдыңғы қатарлы өсіп, өркендеген іргелі аудандардың қатарына қосылуына бірден- бір себепкер болғанын бүгінде мақтанышпен айта аламыз. Алыстағы ауданда қаншама жаңа ауылдар бой көтеріп, жаңа үлгіде салынған әлеуметтік нысандар- аурухана, мәдениет үйлері, мектеп, бала бақшалар, сауда үйлері салынып, пайдалануға берілді. Қаншама жергілікті халық жұмыспен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда сол кезде бой көтерген әлеуметтік нысандар әліде сол халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бұл да болса Қапшағай су электр станциясы мен Қапшағай су қоймасының халыққа тигізген шапағатының бірі деп білеміз. Сондықтан да Қапшағай су электр станциясының тұңғыш партком хатшысы болған Кеңес Халықұлының да халық игілігі жолында азды- көпті сіңірген еңбегін айрықша болғандығына баса назар аудара кеткен жөн ғой деп ойлаймыз.

Тектіден текті туар дейді дана халқымыз. Кеңес ағаның әкесі Халық Кәренеев Балқаш ауданында ұзақ жылдар партия, кеңес қызметінде болып, ауданға, туған ауылы Қаройға көп еңбегі сіңген абыз адам болатұғын. Кеңес Халықұлы әке жолын жалғастырушы бола білді. Қапшағай су- электр станциясындағы алты жылдан астам қызметінен кейін Алматы облыстық партия комитетінде жоғары лауазымды қызметке тағайындалды. Одан соң біраз жыл Талғар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды. Қызметте осындай үлкен дәрежеге жетуіне алдыменен әке тәрбиесі десек, екіншіден сол жастық жалыны лапылдап тұрған жылдары Қапшағайдың тұңғыш парторгі болған кездегі жиған тәжірибесі мен сіңірген еңбегі зор болды деп нақты айта аламыз. Кеңес ағаның Қапшағай су электр станциясындағы алты жылғы еңбегі сол кездегі еліміздің жоғары марапаттарының бірі “Құрмет белгісі” орденімен аталып өткенін де тілге тиек ете кеткен жөн болар еді.

Сөз басында биыл Д.А. Қонаев салдырған 45 қаланың бірі Қапшағай қаласына 50 жыл деп айтып кеткен едік. Сол Қапшағай қаласына Кеңес Халықұлының да бір кісідей ақ еңбегі сіңді. Ендеше осы мерейлі мерекеде өзінің қолтаңбасы қалған қаласында Кеңес Халықұлы атындағы бір көше болса нұр үстүіне нұр болар еді.

Қыдыр ТӘЖІБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы, қаржы саласының ардагері,

Сағидолла СИҚЫМБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арандатушылыққа бой алдырмаңыз!
  • Жат ағымдар туралы не білеміз
  • Президент Касым-Жомарт Токаев на форуме президентского молодежного кадрового резерва
  • Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына алаяқтықпен күресудің жаңа әдістері енгізілді
  • Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар