ТІЛ МӘРТЕБЕСІ-ЕЛ МЕРЕЙІ

ТІЛ МӘРТЕБЕСІ-ЕЛ МЕРЕЙІ


«Тіл- тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаса керек-ті. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Осы орайда, баланың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігінің артуына білім алған ортасы, туып-өскен ауылы да септігін тигізеді.

Мысалы, мен Көктал ауылындағы Ә.Ахметов атындағы орта мектепте оқып, білім алдым. Менен жоғары сыныпта оқитын Василий, Владимир сынды орыс ұлтының азаматтары болды. Бірақ, олар өзге ұлт өкілі екендігіне қарамастан қазақ мектебінде білім алды. Қазақ тілін жетік меңгерді. Өйткені, олардың достары-қазақ балалары болды, білім алған ортасы мен ата-анасының берген тәлім-тәрбиесі де қазақша болды. Қазақи салт-дәстүрді бойына сіңіріп, қазақ мектебінде білім алып, қазақ тілінің шексіздігіне тамсанған олар мектепте ғана емес, сонымен қоса отбасында да қазақ тілінде сөйлеп, ана тіліміздің мәртебесін арттырды.

Сондай-ақ, әнші Жолбарыс Сейфулиннің жары әрі әнші, орыс ұлтының өкілі Екатерина да біздің Көктал ауылының тумасы. Ол қазақ мектебінде оқып білім алған, қазақи құндылықтарды өте жоғары бағалайды. Біздің ауыл ғана емес, жалпы Балқаш ауданы Екатерина сынды аруларымызбен қашанда мақтанады. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілігінің арқасында әнші қыз бүгінгі күні мұсылман дінін де қабылдаған.

Әнші Сейфуллин Жолбарыс берген сұхбаттарының бірінде келіншегі Катяның ұлты жайлы қойылған сауалға былай жауап берген болатын: «Екатерина ұлты орыс болғанымен, Көктал деген ауылды жерде өскен, қазақ сыныбында оқыған. Республика бойынша қазақ тілінен бір жылдары олимпиада чемпионы да болған. Сондықтан оның ұлтына қатысты айырмашылықты сезінбеймін» деп. Міне, осының өзі ана тіліміз-қазақ тілінің сұлулығына анық дәлел болып отыр.

Тағы бір мысал келтіре кетсем, алтын ұя мектебімізден ұшып, колледжде білім алып жүргенімде де осы сынды бір жайтқа куә болған едім. Иә. Алматы алып қала болғандықтан, білім алам деген жастар арман қалаға көптеп ағылады. Колледж қабырғасында білім алып жүргенімде үш қыз құрбы болдық. Бірі-Шымкент қаласынан келген, қазақи тәлім-тәрбие алған Хадиша есімді қыз болса, екінші құрбым-батыс жақтың тумасы, орыс ұлтының өкілі Настя есімді қыз болатын. Бірақ, бір қызығы сол Настя мүлдем қазақша білмейтін, тек орыс тілінде ғана сөйлейтін болса, ал Хадиша тек қазақ тілін білетін. Орыс тілінен мүлдем бейхабар еді. Қазақ тілімен қатар, орыс тілінде еркін меңгерген мен ұзақ уақытқа дейін екі құрбымның арасында жалғаушы көпір болғандаймын. Өйткені, үшеуміз әңгіме-дүкен құрған шақтарда құрбыларымның бірі-бірінің айтқанын түсінбей, менен көмек сұрап, ұзақ тосылып қалатын. Осылай уақыт өте келе, мен Настяға қазақ тіліндегі сөздерді таныстыра бастадым. Настяның қазақ тіліндегі сөздерге қызыққандығы сонша, аз ғана уақыт ішінде ол қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы боламын деген шешімге келді. Ал Хадиша болса орыс тілін де сөйлеу тілі ретінде меңгеріп алды. Бірақ қазақ тілінің-мемлекеттік тіліміз екенін бір сәтке де естен шығарған емес. Әлі күнге дейін құрбым Настямен хабарласып тұрамын, қазір ол Өскемен қаласындағы бір мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін абыроймен атқарып жүр. Телефонмен тілдескенде Настяны мүлдем басқа ұлт өкілі деп айтуға келмейді. Сірә, 130-дан астам ұлт өкілдері мен қазақ халқының бір шаңырақ астында тату-тәтті, береке-бірлікте өмір сүруіне жағдай жасап отырған егемен еліміз-Қазақстанның бұл басты жетістігі болса керек. Мемлекеттік тіл-қазақ тілі барша қазақстандыққа ортақ.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады» деп атап өткендей, өскелең ұрпақтың тілге деген құрметін оятуды ең әуелі отбасы-ошаққасынан бастағанымыз дұрыс. Өйткені, ұлттың рухын көтеретін де, абыройын асқақтатып, салт-дәстүрді өнеге ететін де-қазақ тілі. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы-ұлттық ерекшелігімізді жоғалтпау, тарихымыздың, мәдениетіміздің, ана тіліміздің қаймағын бұзбай сақтау.


АлтынайТАЛҒАТҚЫЗЫ,

«Балқаш өңірі».


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Арандатушылыққа бой алдырмаңыз!
  • Жат ағымдар туралы не білеміз
  • Президент Касым-Жомарт Токаев на форуме президентского молодежного кадрового резерва
  • Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына алаяқтықпен күресудің жаңа әдістері енгізілді
  • Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар