КЕШЕГІ АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АҚИҚАТЫ – БҮГІНГІ ТАРИХ ТАНЫМЫ

        1979 жылы басталып, 10 жылға созылған Кеңес Одағына ешбір  ар - абырой әкелмеген Ауған соғысы - соғысқа қатысқан жауынгерлер мен қантөгіс қаралы жылдары қайтыс болған, небәрі 19 – 20 жастағы қыршын кеткен боздақтарымыздың отбасының, елі – жұртының жүрегіндегі жаңғырып тұрар жанды жарасы. Бұл соғыс - 300 миллионға жуық халқы болған барлық КСРО халқы үшін қасіретті трагедия.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1979 жылдың 25 желтоқсанында Кеңес өкіметінің басқарушыларының зымиян саясаткерлігінің кесірінен асығыс жасақталған 40 армия мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, Ауғанстан территориясына кірді. «Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті» атына ие бол-ған, бұл әскери құрама Ауғанстандағы ахуалды тұрақ-тандыру мақсатында  сол елде 10 жыл бойы тұрақтап қалды.

1978 жылы сәуір айында болған Ауғанстандағы «Сәуір төңкерісі» бұл соғыстың басталуына үлкен ықпалын тигізді. Коммунистік бағыттағы «Ауғанстан халықтық демокра-тиялық партиясының» көсем-дері мен мүшелері мемлекет пен үкіметті басқара алмады. Халық наразылығына тап болып, тығырықтан шығудың жолын Кеңес Одағын қатыстыра отырып шешкісі келді. Кеңес Одағына әскер кіргізу жөнін-дегі өтініштерін білдірді. Алғашқыда қарсылыққа тап болғанымен, соңында КСРО көсемдерінің шағын тобымен қабылданған саяси шешім мақұлданып, Ауғанстан айма-ғына әскер кіргізілді. 

Соғысқа енгізілген  Кеңес әскерлерінің саны - 620 мың-ға жуық. Оның 15 526-сы со-ғыста қаза тапты. 54 мыңға жуық жауынгер жараланып, 417-сі хабар - ошарсыз кетті. Соғысқа қатысқан  22 мың қазақстандықтың 1 мыңға жуы-ғы қаза болып, 2 мыңнан астамы мүгедектіктің зардабын шекті. 21 қазақстандық із-түзсіз, хабарсыз кетті және тұтқынға түсті. Халықаралық, саяси, идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық және әскери аспектілерді қамтитын бұл соғыстың шынайы ақиқатының ашылуы әлі талай жылдарға жалғасары анық.

Осы қасіретті соғысқа біздің Балқаш ауданынан 25 азамат қатысты. Оның 2-уі - «Қызыл Жұлдыз» иегерлері, Бақанастық Байшіков Қалыбай Алыбайұлы мен Қаройлық Есімбеков Қайрат Асанбекұлы соғыста ерлікпен қаза тапты. Олар жас ғұмырын жастанып, қыршын кеткен боздақтардың қатарында, аяғымен аттанып, туған жеріне мырыш табытпен оралды.  Музей төрінен орын алған, мәңгі өшпес ерліктің алауы, омырауларында «Қызыл жұлдызы» жарқыраған әскери формадағы суреттері - жалындап өткен жас ғұмырдың  даңқты ерлік – рухының  айғағы. Балқаштық  жауынгерлердің ішінде соғыстың салдарынан денсаулықтың зардабын шеккендер де жоқ емес. Елге оралғандары - туған елінде әр салада еңбек етіп, қызмет тартып, зейнеткерлікке шыққан ел азаматтары, бүгінде бір-бір әулеттің ақылман ағасы, бір-бір отбасының аяулы әкесі, бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешкен немере-шөберлерінің  ардақты атасы.

Кезінде айтылмаған Ауған соғысының  ақиқатын кейін танып білдік. Кеңес басшылығы зор көлемдегі шығынның жан түршігерлік орасан көрсеткішін халықтан жасырды. Халықтың толқуынан қорықты. Дер кезінде ақиқат айтылмады, шындық жария етілмеді.

Дәйекті деректерде, сол жылдары КСРО Ауғанстан өкіметін қолдау үшін жыл сайын бюджеттен 800 миллион доллар бөліп отырғандығы көрсетілген. Есептесек, 10 жылда 8 миллиард долларға жеткен. Шығынды есептеудегі экономистердің айғақты дәлелі бойынша, Кеңес экономикасын тығырыққа тіреген, дағдарысқа ұшыратқан факторлардың бірі - осы Ауған соғысы. Ешкімге пайдасы жок соғыс нәтижесіз аяқталды, жағдай қиындап, Кеңес жағы қолдаған Кабул өкіметіне қарсылар күн санап өсе түсті.

Кеңес әскерінің барынша күш алған кезі, 1986 жылдың өзінде моджахедтер Ауғанстан аумағының 70 пайызына бақылау жасап тұрған. Кеңес Одағының ықпалындағы Наджибулланың өкіметі де 3 жылға ғана шыдай алды.

Жақсыбай Самыраттың 14 ақпан 2014 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Кеңестік кезекті кеңкелестік» мақаласында,  Ауғанстан аумағын ежелден мұсылман халықтары қоныстанғандығын, оларды біріктіретін тілдері, түрлері, діндері, ішінара ділдері екендігін айта келе, 1979 жылы ондағы 20 миллионға жуық халықтың 40 пайызға жуығы пуштун, қалғаны өзбек, тәжік, хазар, түркімен, тағы басқа 20 шақты халық құрағандығын, ішінде қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың да болғандығын айтады.

«Ауғанстан аумағындағы ежелден жүргізілген неше түрлі соғыстар XVIII ғасырда басталған. XX ғасырдың басында  Ауғанстан біршама дамып, алыс – жақын шетелдермен саяси экономикалық карым – қатынастар орнатып, соның ішінде ағылшындардың жауы Германиямен де карым – қатынасты нығайтқан. Әсіресе, Кеңестік Ресеймен арадағы әріптестік, ынтымақтастық барынша кеңейген. Ауғанстан мен Ресейдің өзара  келісімінің нәтижесінде Кеңес өкіметі Ауғандық әскерилерді дайындап, техникалық көмектер де көрсеткен. Қарымына, Кеңес үкіметінің талабымен, Аманулла хан осында келіп тығылған Орталық Азия елдерінде Кеңеске қарсы бас көтерген азаттық күрескерлері - бастамашыларды ұстап беруге және оларды қыруға жол берген. Сондықтан да Амануллаға деген қарсылық халық арасында үдей түседі.  Осындай себептермен 1928 жылы Ауғанстанда мемлекеттік төңкеріліс болып, өкімет басына Бачан Сакао келгенде, Аманулланың өкілі Сталиннен әскери көмек сұрайды. Кеңес өкіметі алдыңғы 1921 жылы жасалған достық туралы келісімді сылтауратып,  көмек беріп отырған.

Сөйтіп, Кеңес әскерлері тәуелсіз Ауғанстан мемлекеті-нің шекарасынан алғаш рет 1928 жылдың наурыз айында өтеді. Кеңестік генералдардың мақсаты – Ауғанстанда коммунистік режимді қолдайтын қуыршақ республика орнату еді.  КСРО әскерлері сол жолы да тиімсіз қантөгіске ұшырап,  мақсатына қол жеткізе алмаған. Осындай қатерлі соғыстан кейін 1929-1973 жылдар аралығында, 44 жыл бұл елде тыныштық болып, мемлекет іргесі біршама нығайған. АҚШ, КСРО, Англия секілді ұлы державалармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылған. 1973 жылы Ауғанстан Республикасы жариялағаннан кейін, Ауғанстанда өкіметтің жиі-жиі төңкеріліп, азаматтық соғыстың тынбай жүргізіліп тұрғанына сыртқы күштердің ықпалы көп болады. Олар өздері қолдайтын басшыны үнемі қаруландырып, қаржыландырып отырды» - деп көрсетеді мақала авторы.

1979 жылдың 12 желтоқ-санында Ауғанстанға басып кіру туралы Кеңес өкіметінің Саяси Бюросының шешімін өте шағын құрамдағы мүшелері қабылдап,  бұл шешімге Премьер-министр А.Косыгин ғана қарсы болған, бұл шешімді артынан басқа мүшелер де қолдап, қол қойған. 1979 жылдың 24-26 желтоқсан аралығында 105 әуе-десанттық девизиясы Кабулден 50 шақырым жердегі Баграм әуежайына күні – түні  көліктік ұшақтармен әскери бөлімдер жеткізген.

2013 жылдың 12 санында «Совершенно секретно» (СС) газетінде «Спецслужбы: игра в войну» атты мақала шықты. Міне, осы басылым Ауғанстанға Кеңес әскерлерін кіргізудің көпшілік біле бер-мейтін бір шындығын жариялады. Мұнда, КСРО-ның Саяси Бюро отырысындағы Ауғанстан мәселесіне байланысты стенограммасы келтірілген. Бұл мәселеде Брежнев, Андропов, Кириленколар Ауғанстанға қандай да бір көмек беруден тоқтала тұру қажеттігін, өйткені осыған дейін берілген көмекті Ауған өкіметі тиімді пайдалана алмағандығын айтқан. Бюро мүшелерінің осындай пікірлеріне қарамастан, қорғаныс министрі Устинов Ауғанстанға әскер енгізудің екі бірдей нұсқасын енгізеді.

КСРО басшылығының Ауғанстанға әскер енгізуге құмар болғанына ең негізі себеп, АҚШ-тың орталық барлау басқармасындағы (ООБ) осы қызметтің құпия қоржындарында КСРО-ны «Ауған батпағына» батырып, «өздерінің Вьетнамдарын» жасау идеясын іске асыруды бастағандығы екен. АҚШ–тың КСРО-ны Ауғанстан аумағына әскермен кіруге арандату арқылы, экономикалық, әскери тұрғыдан әлсіретуді көздеген мақсаты Кеңес империясының ыдырауының басты себептерінің бірі болды. Тарих дөңгелегін артқа бұрып, Ауған соғысының айтылмаған ақиқатына үңілсек, бүгінгі ұрпақтың зердесіне таным болар дүние жетерлік.

Мұндай арандатуды әшкер-елеуге КГБ-ның қауқары болмай шықты.Саяси бюродағы саққұлақ шалдар АҚШ-тың алдын орап, Ауғанстанды уыстан шығармау туралы ұсынысты қолдайды. Бірақ «СС»- дағы аталмыш мақалада әскерилер бұл шараға қарсы болғанын жазады. Мәселен, Бас штабтың бастығы Н.Огарков, оның бірінші орынбасары С.Ахромеев тағы басқалар  бұл әрекетке қарсы болып, мұндай компаниядан ешқандай әскери стратегиялық пайда таппайтындықтарын, сон-дықтан не темір жолы, не су жолы жоқ алапат темір қапшыққа бастарын сұғудың қажеті жоқтығын, қару-жарақ, материалдық - техникалық жаб-дықтар жеткізудің қымбатқа түсетіндігін, мұның зардабын әлі келер ұрпақ, немерелерінің тартатындығын  ашық айтады.

Бірақ, Саяси Бюроның мүше-сі болып табылатын Қорғаныс министрі Устинов олардың аузын жауып тастайды. Осындай құпия операцияның идеясы орыстарды Ауған қақпанына апарып тығады. 10 жыл бойы Мәскеу өкіметінің ыңыршағын айналдырған соғыс Кеңес империясын әбден діңкелетіп, ақыры таратып тындырды. Сталиннің кезінен қолға түскен деректі обьективті саралауға емес, тек түрлі қауіп іздеген  КГБ қызметі, сөйтіп КСРО-ның тарих сахнасынан кетуіне себеп болды. Тіпті мемлекеттің ішіндегі істерде де КГБ-ның қателіктері зор шығындарға, қанды қырғындарға ұшыратты. Мәселен, 1986 жылы Қа-зақстанда Д.Қонаевты ауыстырарда КГБ дұрыс анықтама берсе, Горбачев қателікті қадамға ұрынбас еді. Олар: «Қазақстан халқының 40 пайызы қазақ, оның 40 пайыздайы  қазақша білмейді. Яғни, бұл халықтың ұлттық сезімдері сөнген халық, оларға республика басшылығына кімді қойса да бәрібір» - деген анықтама берген болу керек. Осы қателік қаншама көзжасының төгілуіне ұрындырғандығын Жақсыбай Самрат Ауған соғысының айтылмаған ақиқаты жайлы мақаласында нақты дәйек-термен көрсеткен. Ауған соғысына қатысқан Кеңес әскерлері Отан бұйрығында тұрды. Олар әскери адамдар болғандықтан, бұйрықты орындағандығын, ешқайсысы соғыстан бас тартпай, дезертир болмағандығын, сатқындық жасамағандығын, мойындағы міндетін орындағандығын, сондықтан олардың ерлігіне ешкімнің шүбәсі болмауын, Кеңестік кезеңнің дүбәрә саясатына солдаттар мен офицерлердің еш кінәсі жоқ-тығын бүгінгі тарих толық мойындайды.

Биылғы ақпан айында Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына - 35 жыл.

Ауған соғысының ажалды, азапты, азалы жылдарының қасіреті - қолына қару алып, Ауғанның асуында ажал құшқан жастардың отбасының, елі - жұртының жүрегіндегі мә-ңгілік жазылмас жара. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің жадында жазылып қалған өксікке толы, өзекті өртер өкініш, қайғы...

      Өскелең ұрпаққа Ауғанның асуында от кешкен, нағыз патриот   отансүйгіш, елжанды, табанды да, төзімді, кешегі жауынгер, бүгінгі ардагер аға буынның өмірі мен даңқты ерлік жолын таныту –  көпке ортақ, мақсатты міндетіміз, басты борышымыз.

Ауған соғысына қатысқан, әскери бұйрықты  «адал, азаматтық парызым» - деп ұғынып, жанын пида еткен боздақтар мен от пен оқтың ортасында  ажалмен бетпе – бет келіп, қаһармандық  танытқан жауынгерлер ерлігі - елге ұран, ұрпаққа үлгі болып  қала береді.

Зәуреш Демеуқұлова, Әлем халықтары жазушылар  одағының мүшесі, үздік өлкетанушы.

                                                                                                   Балқаш ауданы.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыру үшін шаралар жасауда
  • Үкімет ішкі нарықты тауарлармен қамтамасыз етуде
  • Үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылық
  • Жолдау елдің дамуының жаңа кезеңіне өтуіне жол ашады
  • Бұл таза және сау ортаны құруға бағытталған саналы қадам