12-20 наурыз күндері аралығында Черногория мемлекетінің Будва қаласында бокстан әлем кубогі өз жалауын көтерген болатын-ды. Жастар арасында ұйымдастырылған дүниежүзілік додада сынға түскен жерлесіміз Әлихан Нұрзақ ІІ-ші орын иегері атанып, Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағын көкте желбіретіп, еліміздің абыройын асқақтатты. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы-Айбол Құрманғалиев дайындаған жас спортшы шаршы алаңда өзін еркін сезініп, қарсыластарынан басым түсті. Республикалық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген былғары қолғап шебері алғашқы жекпе-жекте мексикалық спортшыны естен тандырса, екінші кездесуде Сербия елінің боксшысын 5:0 есебімен жеңіп, ақтық сайысқа жолдама алды. Ал ақтық сында Ресей спортшысының асығы алшысынан түсті. Дүбірлі дода нәтижесінде Әлихан күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Жұмыр жердің кіл мықтылары қолғап түйістірген додада еліміздің намысын қорғаған Әлиханға құрмет көрсету мақсатында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы Алматы әуежайынан күтіп алып, жеңімпаз жерлесімізге қошемет көрсетті.
Мұнан соң ел абыройын асқақтатқан жерлесімізге деген құрмет көрсету салтанаты аудан орталығы Бақанас ауылына кіреберіс жол бойында өз жалғасын тапты. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев бастаған ауданның Құрметті азаматтары-Нарымбет Әбдібаев пен Асқар Ибраев сынды бірқатар аудан азаматтары күтіп алып, спортшыға ақ баталарын беріп, жүрекжарды тілектерін арнады. Сонымен қатар, Әлиханың бокспен шұғылдануына, жарыстарға қатысуына жағдай жасап жүрген Бақанас аграрлық-индустриялдық колледжінің директоры Бақытжан Өксікбаев пен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Хамит Сембаевқа алғыс айтылды.
Спорт саласындағы әрбір жетістік елдің мерейін асырады. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын жандарға көпшілік зор сенім артады. Сол сенім үдесінен шыққан спортшыға көрсетілетін құрмет ерекше болғаны да маңызды.
Өз тілшімізден.