
2026 жылғы 20–23 қазан аралығында Балқаш ауданының аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шара аясында Балқаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қоғамдық орындарда, көшелерде және азаматтар көп шоғырланатын аумақтарда профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтарға бейім тұлғаларға бақылау күшейтіліп, бұрын жасалған құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу бағытында тиісті шаралар қабылдануда.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға да ерекше назар аударылуда. Осы бағытта жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне жол бермеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамау қажеттігін түсіндіруде.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау – баршамызға ортақ міндет. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға өз үлесін қосуы тиіс.
Балқаш аудандық полиция бөлімі тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға шақырады.
Азамат Абрахманов,Балқаш АПБ ҚҚБ-нің бастығы,полиция подполковнигі.


