
Алматы облысында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңірдегі қылмыс деңгейі 6%-ға азайып, 10 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 58-ден 54-ке дейін төмендеді.
Әсіресе, көшелердегі қылмыс 15,2%-ға, ал қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар 20,8%-ға азайған. Тәртіп сақшылары қылмыс жиі орын алатын 115 нысанды анықтаған.
Профилактикалық жобалардың маңыздылығын өңірлік прокуратураның Басқарма бастығының орынбасары Алмас Жалғасов былайша түсіндірді:
«Азаматтардың белсенділігі арқасында "Ішімдіксіз ауыл" бастамасын 24 елді мекен қолдап, оның 9-ында бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Біздің басты мақсатымыз — қылмыстың себептері мен тәуекелдерін алдын ала анықтап, тұрғындардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету».
Сондай-ақ, заманауи технологиялар да кеңінен қолданылуда. Облыста 9,4 мың бейнекамера орнатылып, олардың көмегімен 947 қылмыс ашылды. Ал «Алтын Орда» мен «Апорт Молл» нысандарында адамның бет-әлпетін танитын 18 камера орнатылған. Бұдан бөлек, құқық бұзушылыққа бейім адамдармен мекенжайлық жұмыс жүргізуге арналған «TURAN» жүйесі енгізілді.
Интернет-алаяқтықпен күрес аясында OLX, Krisha және Kolesa платформалары арқылы 13 мыңнан астам алаяқтық нөмір анықталып, оның 9 мыңнан астамы бұғатталды. Ал 1 817 тұрғын онлайн кредит алуға ерікті түрде тыйым салу қызметін пайдаланды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыру нәтижесінде сегіз айда сотқа 2 100 қылмыстық іс жолданды. Прокурорлардың қадағалауымен 2 838 заңсыз шешімнің жолы кесіліп, конституциялық құқықтардың бұзылуы екі есеге азайған.


