
Алматы облысында 2026 жылдың алғашқы 7 айында декреттелген халық топтарын жоспарлы профилактикалық иммундаумен қамту көрсеткіші 41 пайызға жетті. Жоспарланған 119 332 адамның 49 142-сі вакцинациядан өткен.
Бұл туралы брифинг барысында Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Саулет Капсаламова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, перзентхана деңгейінде нәрестелерді БЦЖ және вирустық В гепатитіне қарсы вакцинациялау көрсеткіші 93,5 пайыз. Дегенмен, кейінгі жас кезеңдеріндегі екпемен қамту деңгейін арттыру қажет.
«Амбулаториялық-емханалық деңгейдегі кейінгі егу шаралары белсенді ұйымдастыруды және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді қажет етеді», – деді Саулет Капсаламова.
Оның айтуынша, вакцинация қарқынына халықтың бір бөлігіндегі күмән мен сақтық көзқарастар да әсер етуде. Осыған байланысты медицина ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын күшейту және тұрғындардың иммунопрофилактикаға деген сенімін арттыру маңызды.
Мамандар ата-аналарды балаларға профилактикалық екпелерді белгіленген мерзімде алуға шақырады. Уақтылы вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың тиімді жолы.


