
Қонаев қаласында алты спортшы жаттықтырушысымен бірге дауыс беру орнына желкенді қайықпен жетті. «Құрылтай –
23 тамыз» деген жазуы бар желкендерді жел керіп, қайықтар Қапшағай су қоймасын кесіп өтіп, №5 қалалық жағажайға
қарай бағыт алды.
Олардың қатарында Қонаев қаласының спортшылары Владимир Щанкин, Олег Куливацкий, Яна Белозерова, Берік
Құбаев, Антон Гаас және Милана Мамедова бар. Олар жаңартылған №5 қалалық жағажайда ашылған учаскеге барып,
дауыс берді. Бұл – спортшылар үшін азаматтық ұстанымын білдірудің ерекше тәсілі.
«Қапшағай су қоймасы – туристер асыға ағылатын танымал аймақ. Сонымен қатар бұл – ашық суда жүзу жарыстарын
өткізуге және желкенді спортты дамытуға қолайлы орын. Бүгін біз жағажайға желкенді қайықпен жүзіп келіп, ерекше
тәсілмен дауыс беруді ұйғардық. Сайлаушыларға жарқын әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлағымыз келді. Бұл –
Қазақстан үшін маңызды күн. Осындай сәтте шет қалуға болмайды», – деді Яна Белозерова.
Қонаевтағы желкенді спорттың тарихы жарты ғасырдан асады. Оның бастауы 1974 жылмен тұспа-тұс келеді.
Содан бері жергілікті спортшылар облыс орталығы мен Қазақстанның намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда
абыроймен қорғап келеді.
Тек биыл Қонаев спортшылары халықаралық турнирлерде 6 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Ал Орталық Азия чемпионатында тағы 11 жүлдеге – 3 алтын, 1 күміс және 7 қола медальға ие болды.
Желмен жарысып, толқынмен таласқан спортшылардың әрекеті сайлау күнінің жарқын сәттерінің біріне айналды.
Алматы облысының ӨКҚ


