
Талғар қаласында сайлау учаскелеріне ең ерте келген алғашқы 100 адамға естелік сыйлық берілді. Таңмен таласа тұрып таңдауын жасағандар осылайша күтпеген тосынсыйға тап болды. Әсіресе алғаш рет дауыс берген жастар үшін бұл күннің орны бөлек.
*«Мен үшін биылғы жыл ерекше. Алғаш рет жеке куәлік алдым. Құжат алу – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау да алғаш рет өтіп жатыр. Сондықтан бүгін өзім ерекше толқып тұрмын. Бұған дейін ата-анаммен бірге сайлау учаскесіне келіп, олардың дауыс бергенін сырттай көретінмін. Ал бүгін алғаш рет өз таңдауымды өзім жасадым. Сыйлыққа алған кітабымды алғашқы дауыс берген күнімнің естелігі ретінде сақтап қоямын»*, – деді Ажимуратова Нышанкуль.
Талғар ауданында биыл алғаш рет дауыс беруге 2 267 жас сайлаушы қатыса алады. Ал Алматы облысы бойынша кәмелет жасына толып, алғаш рет сайлау құқығына ие болғандардың саны – 14 104 адам. Жалпы облыста 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді, оның 88-і Талғар ауданында орналасқан.
*Алматы облысының ӨКҚ*


