Тәртіп пен тәрбие - қауіпсіз қоғамның негізі

0c3e5077-1fc5-4d8e-a693-8f28fb571e3b.jpeg

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты – құқықтық мемлекет қалыптастырудың, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудың және азаматтардың құқықтарын қорғаудың басты бағыты. Бұл міндеттің маңызды бөлігі – балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу.

Өскелең ұрпақтың саналы, тәрбиелі әрі заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы – отбасы, білім беру ұйымдары, мемлекеттік органдар мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әрдайым ерекше назарда болуы тиіс.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Алматы облысында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49-дан 59-ға дейін өсіп, 20,4 пайыздық өсім тіркелді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар 115-тен 138-ге дейін көбейіп, 20 пайызға артты. Оның ішінде балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған қылмыстар 76-дан 84 дерекке дейін өскені ерекше алаңдаушылық туғызады.

Іле ауданында да жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны 5-тен 8 дерекке дейін көбейіп, өсім 60 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштер құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтудің қажеттігін көрсетеді.

Талдаулар көрсеткендей, жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруына көбіне ата-ананың бақылауының жеткіліксіздігі, бос уақыттың дұрыс ұйымдастырылмауы, әлеуметтік желілердің теріс ықпалы және құқықтық сауаттылықтың төмендігі әсер етеді. Сондықтан әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне, оның араласатын ортасына, бос уақытын өткізуіне және интернет кеңістігіндегі әрекеттеріне ерекше назар аударуы қажет.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруі олардың құқық бұзушылықтың құрбанына немесе қатысушысына айналу қаупін арттырады. Осыған байланысты аудан аумағында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер өткізіліп, көңіл көтеру орындары мен қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Іле ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия аудандық полиция басқармасымен, прокуратурамен, білім бөлімімен, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мекемелерімен бірлесіп құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер, семинарлар, дәрістер ұйымдастырылып, тәуекел тобындағы балалар мен отбасыларға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетілуде.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – әрбір ата-ананың, әрбір педагогтің және қоғамның ортақ парызы. Баланы заңды құрметтеуге, тәртіпті сақтауға және жауапкершілікке тәрбиелеу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың берік негізі.

«Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырғанда ғана біз құқықтық мәдениеті жоғары, қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыра аламыз. Ал әрбір баланың амандығы мен жарқын болашағы – мемлекетіміздің ең басты құндылығы.

Іле ауданы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тәртіп пен тәрбие - қауіпсіз қоғамның негізі
  • Защита детства начинается с ответственности взрослых
  • Центр по борьбе с дезинформацией провел исследование
  • Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы
  • Қазақстанда сары май өндірісі шамамен 50% артты