

Іле ауданында санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында, 2026 жылғы 18 маусымда Іле ауданында кезекті сенбілік өткізілді.
Тазалық жұмыстарына аудан бойынша 2939 адам қатысып, 24 арнайы техника жұмылдырылды. Сенбілік барысында жалпы көлемі 22 гектар аумақ тазартылып, 55 тонна қоқыс шығарылды.
Акция аясында елді мекендердің көшелері, қоғамдық орындар, саябақтар, арық жүйелері мен басқа да ортақ пайдаланудағы аумақтар тазартылып, санитарлық жағдайы жақсартылды.
Сенбілік аясында Ащыбұлақ ауылдық округінде өткен «Таза бейсенбі» акциясына аудан әкімінің орынбасары Мұхамедғаріп Құрманғалиев қатысып, тұрғындар және кәсіпкерлермен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты.
— «Тазалық – бір күндік науқан емес, әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналуы қажет. Айналамыздың таза болуы – тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық орындарға жанашырлықпен қарау және санитарлық тәртіпті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі акцияға белсенді қатысқан тұрғындар мен кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін», – деді Мұхамедғаріп Құрманғалиев.
Таза әрі көрікті орта қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Іле ауданында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.


