Биыл акция аясында 3 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр
Алматы облысында «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жалпыреспубликалық «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы өтіп жатыр. Қайырымдылық шарасы барысында 2500 оқушыға мектеп формасы мен оқу-құралдары табысталды.
«Балалардың лайықты білім алуына жағдай жасау – AMANAT партиясының басты міндеті. Бүгінге дейін 2 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы, оқулықтар, рюкзактар мен кеңсе тауарлары берілді. Жаңа оқу жылына дейін тағы 500-ге жуық бала қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі», – деді партияның Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаев.
Акцияға депутаттар, бастауыш партия ұйымдары, кәсіпкерлер мен өңірдегі ірі кәсіпорындар да белсенді қолдау көрсетіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастаманың мақсаты – әр баланың жаңа оқу жылын толық дайындықпен бастауы және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыру.
«Бұл акция арқылы біз әр баланың оқу жылын жақсы бастауы үшін жағдай жасауға тырысамыз. Білім алу – әр баланың құқығы, ал біз үшін олардың оқуға деген ұмтылысын қолдау маңызды. Сондықтан бұл шараны жыл сайын өткізіп, қоғамның көмекке дайын екендігін көрсетіп келеміз», – деді Қонаев қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Руслан Иштиряков.
Айта кетейік, партия өңірде балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Қазір облыста 17 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ үш ауысымды мектептердің мәселелері партияның тұрақты бақылауында.