Өткен аптаның жұмасы күні Бақбақты ауылындағы Орталық саябаққа Ұлы Отан соғысының ардагері және Еңбек ардагері Алтынбай Сәтбаевтың есімі берілді.
Салтанатты шарада арнайы сөз кезегін алған аудан әкімі Азат Құтпанбетов өзінің құттықтау тілегінде Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Алтынбай Сәтбаевтың сұрапыл соғыс жылдары отан қорғау мақсатында қолына қару алып, майдан даласына аттанғанын және жауынгердің Ленинград қаласын жаудан қорғаудағы қанды қырғынға қатысып, 1945 жылы жеңіспен елге оралғанын айтып, соғыстан кейінгі жылдары ауданымыздың ауыл шаруашылық саласының өркендеуіне сүбелі үлесін қосқанын және «Бақанас» асыл тұқымды қой совхозында маңдайалды аға шопан болып еңбек етіп, «Үздік шопан» атанғаны жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар аудан басшысы Ұлы Отан соғысының арда-гері және Еңбек ардагері Алтынбай Сәтбаевтың есіміне осы ауылдағы жаңа саябақтың атауын беру бойынша былтырғы жылы ұсыныс түскенін айтып, биыл облыстық ономастика комиссиясында қаралып, 11 маусымда өткен комиссия шешімімен оң қорытындысы алынып, саябақ атауы беріліп жатқанын мақтанышпен айтып, мол қуанышқа кенеліп жатқан Сәтбаевтар әулетін құттықтады.
Келесі кезекте сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Алматы облысының және Кербұлақ, Балқаш аудандарының Құрметті азаматы, жерлесіміз Тынышбай Досымбеков Алтынбай қарияның ел-жұртына сіңірген еселі еңбектерін, өнегелі сөздерін еске түсіріп, естелік әңгімелерді кеңінен тарқатты. Ауыл қариялары атынан сөз алған Нұршан Оматаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагердің рухын аспандатып, көрсетіліп жатқан құрметке ауыл тұрғындары атынан ризашылығын жеткізді.
Іс-шараны қорытындылаған Балқаш ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагерінің ұлы Сапар жиылған көпшілікке Сәтбаевтар әулеті атынан алғысын жаудырды.
Бақбақтылықтарға ерекше қуаныш сыйлаған салтанатты шарада республика көлемінде өнер көрсетіп жүрген өнерпаздар әуелете ән шырқап, мәдени кешті ерекше әсерге бөледі.
Шара соңында жиылған көпшілік естелік суреттерге түсіп, мәре - сәре болып, ақ дастарқан басында ізгі тілектер арна тартты.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».