Іс-шара «AMANAT» партиясының бастамасымен ұйымдастырылды
Форумға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, құқық қорғау органдарының, департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудан әкімдері, мәслихаттардың төрағалары, ауылдық округ әкімдері, партияның депутаттық фракция жетекішлері мен мүшелері қатысты. Шараның мақсаты – ауыл әкімдерінің инстутутын нығайтып, беделін арттыру.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев форумның ашылуында әкімдердің жұмысы ауыл тұрғындарының өмір сапасына қалай әсер ететініне ерекше тоқталды.
«Бүгінде өңір халқы 1,5 млн адамды құраса, оның 81% ауылдарда тұрады. Олардың өмір сапасы, әлеуметтік жағдайы, инфрақұрылымы – сіздердің жұмыстарыңыздың тікелей нәтижесі. Ауыл әкімдері тек мемлекеттік бағдарламаларды орындаушы ғана емес, халықтың сеніміне ие көшбасшы болуы тиіс. Біздің міндетіміз – әкімдерге қажетті ресурстар мен мүмкіндіктерді беру. Сондай-ақ әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған елді мекендердің экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыруы тиіс», – деп атап өтті.
Форумда «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев партияның ауылды дамытудағы басты міндеттері туралы сөз сөйледі. Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында ауылды дамытуға ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінің ауыл тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер ететінін ерекше айтып, инфрақұрылымды жаңғырту, агротехнологияларды енгізу, жаңа өндіріс орындарын ашу сияқты маңызды міндеттерді алға қойды. «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдері бұл бағытта халықтың сенімін ақтайды деп сенеміз. Форумда айтылған ұсыныстар әкімдердің жұмысына жаңа серпін беретіні анық. Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» сияқты жобаларды іске асырып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды атқарып келеді. Мысалы, Алматы облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8,3 миллиард теңгеге 1091 шағын несие берілді. Бұл мыңдаған ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Әкімдер осы жобаларды тиімді жүзеге асырып, партия құндылықтарын халыққа жеткізетін тұлғалар болуы тиіс», – партия хатшысы.
Әкімдер де өздерінің ауылдарындағы мәселелер мен жетістіктерді ашық айтып, тың шешімдер ұсынды. Мәселен, Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қасымшалов су және газ мәселелерін шешу жолында жеткен жетістіктерімен бөлісті. Ол округте соңғы жылдары үш жаңа мектеп салынғанын, сондай-ақ Жайсан мен Ақсеңгір тұрғындары таза ауыз сумен толық қамтылғанын айтты.
Сонымен қатар округте іске асқан ерекше әлеуметтік жоба форумның басты назарында болды. Ауыл әкімі Ержан Қасымшалов ауыл тұрғындарына көмектесу бағытындағы бұл бастаманы мақтанышпен жеткізді.
«Qunar+» қоғамдық бірлестігі аз қамтылған үш отбасыға 30 бастан 90 бас қой мен 2 бастан 6 бас асыл тұқымды ірі қараны тегін берді. Жоба бойынша жем-шөп те тегін беріп, тіпті қора-жай да салынған. Бір жылдан кейін олардың төлдерін келесі мұқтаж отбасыларға беру көзделген. Ең көп төл алған отбасы 10 миллион теңге сыйақы алады. Бұл жобаға еліміздің Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бастау беру үшін ауылымызға арнайы келген», – деді ол.
Ал форумда 18 жыл үш ауылдық округте әкім болған ардагері Асыл Байтулақов қазіргі заманғы әкімдерге артылатын жауапкершілік пен әлеуметтік желілердің олардың жұмысына әсері туралы пікірін бөлісті.
«Халықтың тірлігін, жұмысымызды жеңілдетуге мүмкіндік беріп отырған ақпараттық технологиялардың дамуы, қалыптасқан ашық ақпараттық қоғам түрлі қиындықтар туындатуда. Әлеуметтік желі дамығаннан бері әкімдердің жұмысын оңды-солды негізсіз сынау, ар-намысына тию жағдайлары көп. Кейбір жас азаматтар осындай қоғамдық қысымға шыдамай жұмыстан кетіп жатқандарын да естіп жүрміз. Мұндайға тосқауыл болу керек сияқты», – деді ол.
Форумның екінші бөлімінде «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жобаларын іске асыру барысы туралы семинарлар өткізілді. Панельдік сессиялар барысында ауыл әкімдері мен сала мамандары тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шара соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар белсенді ауылдық округ әкімдеріне Алматы облысының әкімі және «AMANAT» партиясының алғыс хаттары тасбысталды.
Айта кету керек, облыста 373 елді мекеннен тұратын 131 ауылдық округ бар. Аталған ауылдық округ әкімдерінің 122-сін халық сайлаған. Оның 74%-ы «AMANAT» партиясының мүшелері.