IQanat Олимпиадасының І туры бүкіл Қазақстан бойынша – еліміздің 170 ауданында бастау алды! Интеллектуалдық сайысқа ауылдық елді мекендерде тұратын 56 мың сегізінші сынып оқушысы қатысады. Оның ішінде Алматы облысының барлық аудандарынан 6522 қатысушыны қамтиды.
IQanat Олимпиадасының ерекшелігі – академиялық жетістіктері мен мектептегі бағаларына қарамастан, әрбір баланың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Дәстүрлі тестілеулерден айырмашылығы – IQanat тапсырмалары оқушының логикалық және математикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеруі сынды қабілеттерін бағалауға бағытталған.
Бірінші турда жеңімпаз атанған 10 мыңға жуық бала екінші – облыстық турға өтіп, оның аясында тест тапсырудан бөлек, IQanat жобасының үш күндік дайындық шарасы – қарқынды білім беру және ынталандыру тренингтеріне қатысады.
Екінші турда финалға өтетін 1000-ға жуық бала айқындалады. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатына оқуға қабылданып, олардың жатын орны, тамағы, формасы мен оқу материалдарына қажетті шығындары түгел өтеледі. Финалистердің екінші бөлігі IQanat олимпиадасынан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына тегін қабылданып, оның аясында балалар ҰБТ, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалады, ағылшын тілін, IT дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Бұл ретте балалардың жетістіктері оқу барысында да, одан түлеп ұшқаннан кейін де бақылауда болады.
2017 жылы іргесі қаланған уақыттан бері Олимпиада 240 мыңнан астам ауыл баласын қамтыды. Жыл сайын жобаға ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдіктері қолдау көрсетеді.
IQanat – қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік білім беру жобасы, ол ауыл балаларына кең мүмкіндіктер ұсынып, олардың өмірін түбегейлі өзгертеді. Қордың қызметі туралы толық ақпаратты iqanat.kz сайтынан және @iqanat.kz Instagram парақшасынан алуға болады.