Атом энергетикасын дамыту экологияға да, экономикаға да пайдалы – Манарбек Қылышқанов

па.JPG

"Үлбі металлургия зауыты" АҚ-ның ғылыми орталығы бастығы, физика-математика ғылымдарының докторы, сарапшы Манарбек Қылышқанов АЭС-тің экологияға, экономикаға пайдалы екенін және жергілікті инфрақұрылымдарды дамытуға түрткі болатынын айтты. Бастысы, ғылымның түрлі салаларын дамытуға да өз үлесін қосады.

Атом энергетикасын экологиялық тұрғыдан таза энергия көзі деп атауға бола ма?

Манарбек Қылышқановтың сөзіне қарағанда, станса салуда басты екі мақсат көзделіп отыр. Біріншіден, елімізде базалық генерация қуат көзі пайда болады. Екіншісіден, АЭС экологияны сақтауға орасан зор үлес қосады. Өйткені, көмірсутектер ең лас қуат көзі деп есептелінеді.  

«Өкінішке қарай, Қазақстан екі жүзге тарта елдің ішінде көмірқышқыл газымен ауаны бүлдіру бойынша көш бастап тұр. Жан басына шаққанда, 20 орында тұрмыз. Сол себепті де, біздің алдымызда электр қуатын өндірумен қоса, зиянды шығындыларды барынша азайту міндетті де тұр», – дейді ғалым.

Жел, күн энергиялары АЭС-ті алмастыра ала ма?

Күн және жел стансаларын дамыту маңызды. Алайда олардың бір кемшілігі – тәулік бойы тұрақты түрде энергия өндіре алмайды. Манарбек Қылышқанов осы кең тараған пікірдің негізсіз емес екенін айтады.  Оның пікірінше, ал ГЭС-тердің саны шектеулі.

«Сондықтан референдумда АЭС салуға дауыс берсек, 2035 жылға қарай бізде атом энергия көзі болады. Дейтұрғанмен, бір стансаның қуаты елдегі тапшылықты толық жойып, экология мәселесін түбегейлі шеше алмайды», – дейді сарапшы.

Дегенмен, бұл елімізде атом энергетикасының дамуына және басқа да заманауи атом стансаларын салуға түрткі болуы ықтимал.  Бұл – 2050-2060 жылдарға қарай энергия тапшылығы жойылып, табиғатты ластау болмайды деген сөз.

Қазақстан АЭС-ке қажетті отынды өзі байыта ала ма?

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның ғылыми орталығы бастығының айтуынша, Қазақстандық кеніштерден жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен өндірілген уран жеткізіледі. Сосын табиғи уран гексафторидін өндіру және байыту үшін Ресейге жіберіледі.

«Ядролық отын алудың тәсілі мынадай: табиғи уранды уран гексафторидінің формасына ауыстырып, уранды 235U  изотопы бойынша 5% -дан төмен деңгейге дейін байыту қажет. Байыту процесі ұзақ уақытты талап етеді», – дейді маман.  

Оның сөзіне қарағанда, бұл бірнеше айға созылады. Әрі қарай, байытылған уран өнімі ұнтақтар мен отын таблеткаларын өндіру үшін Үлбі металлургия зауытына жеткізіледі.

Атом энергетикасын дамыту ел экономикасына серпін бере ме?

Манарбек Қылышқанов еліміз көміртегінсіз энергия өндіруге бағыт алғандықтан, атом электр стансасын салу мол мүмкіндік ашады деп сенеді. Атап айтқанда, Қазақстанның индустриялық экономикасының тұрақты дамуына қол жеткізбек.

«Өнеркәсіптің технологиялық деңгейі артады. Бұл ел экономикасының шикізатқа таңылуынан, тәуелділіктен арылтып, индустриялануға негіз болады», – дейді ғалым.

Сондай-ақ, атом өнеркәсібін, энергетика саласын айтпағанда, ядролық медицина, өнеркәсіптегі ядролық технологияларды, жалпы ғылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік бермек.

Жергілікті инфрақұрылымдарды қалай дамытады?

Манарбек Қылышқановтың айтуынша, жергілікті инфрақұрылым дамыса, үлкен қуат көздері орналасқан жерде инвесторлар пайда болады. Аймақтың инвестициялық тартымдылығы артады. Бұл – шағын және орта бизнеске серпін береді деген сөз.

«Өйткені, станцияға күтім керек. Оны түрлі материалдармен, реагенттермен, техникамен қамту қажет. Қызметкерлердің арнайы киімдері, тамағы да және басқа да дүниелер шағын бизнес үшін үлкен мүмкіндік. Атом электр станциясы салынғанда ондағы бір жұмыс орны үшін қосымша 10 жұмыс орны қажет болады!» – дейді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанда, жұмысшы мамандықтарын даярлау үшін де оқу орындары керек. Станцияның әлеуметтік міндеттемелері болады. Жергілікті инфрақұрылымды дамыта түседі. Яғни, жолдар, мектептер, балабақшалар салынып, басқа да әлеуметтік көмек көрсетіледі. 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр