Алматы облысында референдумға дайындық жүргізілуде

арай.JPG

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Мейрамгүл Айтова 2024 жылдың 6 қазанында өтетін референдумға дайындық барысы туралы баяндап, маңызды ақпараттармен бөлісті. Бұл референдумда ел тұрғындары АЭС құрылысы жөнінде өз пікірлерін білдіретін болады.


Мейрамгүл Айтованың айтуынша, облыс бойынша референдумға дайындық пен оны өткізуге барлығы 643 сайлау учаскесі құрылып, арнайы жабық учаскелер де ашылған. Референдумға дайындық жұмыстары аясында 29 тамыздан бастап, комиссия мүшелерін оқыту басталды. Облыстың 9 ауданы мен Қонаев және Алатау қалаларында көшпелі семинарлар ұйымдастырылды. Қазірдің өзінде 1700-ге жуық комиссия төрағалары, орынбасарлары және хатшылары оқытылып, сертификаттарын алды. Оқыту жұмыстары әлі де жалғасуда.


Спикер облыстық комиссияның ресми интернет-ресурсында «Референдум-2024» атты бөлімше құрылғанын айтты. Бұл бөлімде үнемі инфографика, бейне және аудиоматериалдар сияқты медиа-контент жарияланып отырады. Сонымен қатар, комиссияның Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы халыққа түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.


Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін аймақтық ақпараттық технологиялар басқармасымен бірлесіп, сайлау учаскелерінің электронды картасы әзірленген. Бұл карта арқылы сайлаушылар өз учаскесін оңай тауып, оның орналасқан жерін бір ғана басу арқылы картадан көре алады.


Мейрамгүл Айтова, сонымен қатар, референдумға Алматы облысының 994 мыңнан астам тұрғыны дауыс бере алатынын атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да қатысуына барлық жағдай жасалған. Дауыс беру өтетін ғимараттардың кіреберісінде мүгедектерге арналған пандустар мен тұтқалар орнатылған.


“Дауыс беру күні облыстың 11 қала мен ауданында инва-такси қызметі жұмыс істейді. Сондай-ақ, сурдотіл мамандары мен әлеуметтік қызметкерлердің көмегін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған”,– деп мәлімдеді спикер.


Дауыс беру күні облыстың 477 учаскесінде онлайн-сервистер арқылы сайлаушылардың тіркеуін тексеру мүмкіндігі ұсынылады. Уақытша тіркеу қажет азаматтар үшін арнайы 5 учаске (Қонаев қаласында – 2, Қаскелең, Талғар және Есік қалаларында бір-бірден) ұйымдастырылған. Бұл учаскелерде азаматтар ХҚКО арқылы уақытша тіркеліп, өз дауысын бере алады.


Референдумға қатысты дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, сайлау учаскелері толықтай дайын екендігі мәлімделді.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • АКЦИЯ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ
  • г.Конаев Алматинской области проводятся антитеррористические учения
  • Қонаевта терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді
  • Алматы облысының тауар нарығында монополияға қарсы жүргізілген талдаулар туралы
  • Что выявил анализ конкуренции в регионе?