Әлеуметті аз қамтылған отбасы балалары үшін мемлекеттік қолдау қашанда жоғары, әрі жүйелі. Жылда әр оқу жылының басында «мектепке жол» республикалық науқны бастау алады. Аймақтың атқа мінерлері мен атымтай жомарт азаматтарының жәрдемінің арқасында санмыңдаған бала оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі.
Алматы облысында жылдағы дәстүр бойынша «мектепке жол» акциясы өтуде. Науқан тамыз айының 20 жұлдызына дейін жалғасын табады. Облыстық білім басқармасының бас маманы Думан Даулетханұлының сөзіне сенсек, аймақта 432 мемлекетітк мектеп бар, онда 50 мың бала әлеуметтік көмекке мұқтаж. Айтуынша биыл да дәл осы мөлшерде оқушыларға көмек көрсетіледі.
Ал, Алматы облысы білім басқармасының «Орта білімді дамыту» бөлімінің бас маманы Айымгүл Саинқызы биыл әр балаға оқу құралдарын алуға 43 407 теңгеден қаржы бөлінгенін алға тартты. Тек, баланың қамқоршысы қаражат есеп шотына түскеннен кейін, қаржының қайда жұмсалғандығы туралы есеп өткізуі тиіс, дейді маман.
«Облыста жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, әлеуметтік аз қамтылған және төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отбасыдан шыққан 14012 баланың заңды өкілдеріне 608,2 млн.теңге аударылды. Науқанның басталғанына санулы күн ғана, алда бұл жұмыстар жалғасын табады»,-дейді Айымгүл Саинқызы.
Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, материалдық көмек көлемі соңғы 3 жылда 2,5 есе артты. Мәселен 17 мың теңгеден 43407 теңгеге өсіп отыр.
Айта кетейік, материалдық көмекті алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазу қажет.