Іс-шара «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылды
Сайысқа ерекше білімге мүдделі мектеп оқушылары қатысты. Шараның негізгі мақсаты – инклюзиялық спорт-мәдени іс-шараларды өткізу арқылы достық байланысты нығайту, әлеуметтік белсенділікті, сенім мен өзара сыйластықты арттыру.
Облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғожаевтың айтуынша, мұндай шара өңірде алғашқы рет өткізіп жатыр.
«Жарысқа 30-ға жуық оқушы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар 10 бала қатысты. Олар бірнеше спорт түрінен жарысты. Мәселен, соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан бочча ойыны бойынша сайыс өтті. Бұдан кейін балалар эстафеталық ойын ойнап, жеңіл атлетика жарысына қатысты. Жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 1-орынға ие болған жеңімпаз-командалар аталмыш фестивальдің Республикалық кезеңіне қатысады», – дейді Қуат Байғожаев.
Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясы атқаратын жұмыстағы тұрақты басымдықтың бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы аясында 2028 жылға дейін әрбір елді мекенде инклюзияны қолдаудың кемінде бір кабинетін ашу көзделген.
Бұған қоса, биыл 1 қаңтардан бастап I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшері 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәрдемақы мөлшері 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдемақы мөлшері 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылды.
Айта кету керек, фестивальға Алматы облысының әкімдігі, өңірдегі бірлестіктер қолдау көрсетіп, компания өкілдері демеушілік етті.