ТАЗА ҚАЗАҚСТАН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА

      436855544_358049449966091_9055446481553607305_n.jpg


Көктем мезгілі табиғаттың қыс жамылғысын шешіп, жаңа кейіпке енетін шағы. Қытымыр қыс бойы қар астында жатқан жұмыр жердің бір серпінер кезі. Көгілдір көктемде Жер бетінде тазалық жұмыстары басталып, көгалдандыру үрдісі қызу жүргізіледі. Осылайша, жасыл желектің өсіп-өркендеуіне жол ашылып, экологияға зор пайда келеді.
Жылдағы дәстүр бойынша Көктемгі тазалық және абаттандыру жұмыстары мемлекет тарапынан қадағаланып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, елімізде, қалалар, облыстар, аудандар мен ауылдарда қызу жұмыс басталып кетті.
Өз ауданымыздың тапсырманы орындау барысынан ақпарат таратсақ, сәуір айының 9 жұлдызында “Мәдениет-тазалықтан басталады” атты акция негізінде аудан аумағындағы 11 ауылдық округтің мәдениет үйлері, кітапханалары, мұражайлар мен өнер мектептерінің алаңдарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған тазалық жұмыстарына жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, аудан көлемінде 500-ге жуық қызметкер ат салысты.
Тазалық жұмыстары аудандық мәдениет үйінің аумағында бастауын алып, аудан әкімі Берік Фатықұлының ат салысуымен басталды. “Таза болса табиғат, аман болар адамзат” деп сөз бастаған аудан әкімі Берік Фатықұлы ауданда өткізілетін тазалық акциясының өту барысынан хабардар етті. Мәдениет үйі қызметкерлері тазалық жұмысында ерекше белсенділік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
“Тазалық-денсаулық кепілі”. Жоспарлы жалғасын тапқан тазалық жұмыстары сәуір айының 10 жұлдызында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесінің ШЖҚ Райымбек аудандық орталық ауруханасында, Қарасаз ауылдық округінде, Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясында, Жамбыл ауылдық дәрігерлік амбулаториясында, Нарынқол орман шаруашылығы мекемесінде, Қақпақ, Текес, Шәлкөде, Сарыжаз ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларында, Тегістік фельдшерлік пунктінде қызметкерлердің жұмылған күші нәтижесінде жүзеге асып, тазалықтың туы тігілді. Мекеме қызметкерлері өз аулаларының тазалықтарына бір кісідей ат салысып, үздік нәтижелер көрсетті. 

 Мекеме қызметкерлерімен бірге тазалыққа ат салысқан Шәлкөде ауылдық округінің әкімі Олжас Қиясұлы да өз үлесін қосты. Осылайша, басшылықтың халықпен бірлесе істеген нәтижелі жұмысының жағымды көрінісін көрсетті.

“Таза Қазақстан” акциясы аясындағы кезекті тазалық жұмыстары “тәрбие-тазалықтан, тазалық-табалдырықтан басталады” деген ұранмен, аудан аумағындағы білім, балабақша мекемелерінде жалғасын табады.
Тазалық жұмыстарын жүргізу, экологияға, адам ағзасына және ауданымыздың мәдениет көрсеткішіне үлкен әсерін тигізеді. Күл-қоқыс арасында өмір сүру адам ағзасының түрлі мәселелеріне әкеліп соғады, әсіресе бей-берекет қоқыс есебінде тастала беретін целлофандар мен пластмасса бөтелкелердің күн сәулесімен шағылысып, ауаға зиянды заттар тарататыны тағы бар. Бұл тұрғыда тәрбие жұмыстары да жүзеге асырылуы тиіс. Мәдениетті елдің ұрпағы болу үшін, қарапайым қағидаларды есте сақтаған абзал. Дамыған елдер, қоқыс тастаудың өз мәдениетін қалыптастырып үлгерді, ал біздер, өкініштісі, әлі күнге дейін, “қоқыс тастамау қажет” деген жанайқай ескертумен келе жатырмыз. Ата-аналар балаларына қоқысты кез келген жерге тастауға болмайтынын үйретулері қажет, ол үшін ересектердің өздері мәдениетті жандар болғаны жөн. Қоқысты бей-берекет тастама деген, аса маңызды болып естілмейтін секілді, кейбір жұмырбастыларға. Бірақ бір ескеретіні, мұның барлығы табиғаттың игілігі үшін, ал табиғаттың өз адам игілігі үшін. Сол себептен, әр адам өзінің жеке меншік үйінің, тұрғылықты жерінің, жұмыс орнының тазалығына жауап беруі тиіс. Қала берді, өзгелерді таза ауданның, таза Қазақстанның негізін салуға насихаттау керек.
Айтпаса сөздің атасы өледі, ауылдық аймақта тұрған соң мал қиының да тазалыққа салар салмағы жоқ емес. мал баққан соң, тазалығына да жауаптысың. Ауылдық аймақ, мал қиының жатуы қалыпты деген ескі түсінік, жаңсақ көзқарас жоқ қазір. Тиісінше тазалықты басты назарға алу-уақыт талабы. Табиғат талабы. Денсаулық талабы.
Табиғатымыз көз тартады. Тазалығымыз да табиғатымыздың сұлулығына пара-пар болуы шарт. Табиғат-ананы, өзіміз өмір сүретін ортаны қорғап, тазалығына жауапкершілікпен қарауды әдетке айналдырайық, құрметті жерлестер!

                                                                                                                                                        Ақерке БИЖАН



Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр