11-15 ақпан күндері аралығында Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына - 35 жыл толуына және Ауған соғысының ардагерлерінің құрметіне орай 2007-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында еркін және Грек-рим күрес түрлерінен ашық Республикалық турнир өтті.
Байрақты бәсекеде бақ сынаған Грек-рим күресінің әлем чемпионы, жерлесіміз Дамир Сейіткерім қос бірдей жарыстың жеңімпазы атанып, айы оңынан туып, жұлдызы көкте жарқырай түсті.
Талабы таудай спортшы 51 келі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, қарсыластарының жауырындарын жер иіскетіп, осылайша аудан абыройын асқақтатты.
Екі бірдей алтынды еншілеген Дамир Мархабатұлы Ақдала орта мектебінің оқушысы. Ол Грек-рим күресінен 2023 жылғы Қазақстан Республикасы және әлем чемпионатына қатысып, чемпион атанды.
Қазақ халқы ежелден бері – жүректі батыр, білекті балуан ұлдарын елімінің мақтанышы болады деп сенім артқан. Сондай ел сенімін арқалап жүрген жас балуанның бірі біздің - Дамир.
Ол боз кілемге белдесуге шыққанда өз елінің, туған жерінің намысын қорғап жүр.
Жастайынан жанына спортты серік еткен осындай жас спортшылардың әрбір жеткен жетістігіне қуанып, олардың биік белестерді бағындырғанына тілектес болайық, ағайын!
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, "Балқаш өңірі".